Тоқаевтың тапсырмасын БҰҰ қолдады - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Табиғатты қорғау

Көкжайлауда шаңғы курортын салуға тыйым салған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы БҰҰ тарапынан қолдау тапты. Мұны Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті.

- Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Көк-Жайлау жобасын жүзеге асыруға тыйым салу жөнінде шешім шығарғаны мәлім. Бүгінде осы маңызды ұйғарым өз елімізбен қатар әлем қауымдастығының айрықша назарын аудартып отыр, - деп жазды Берік Уәли facebook-те.

Бұл шешім БҰҰ тарапынан да қолдау тапты. Мемлекет басшысының атына БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ольга Алгаерованың хаты келіп түсті. БҰҰ-ның мәртебелі өкілі Көк-Жайлау шатқалындағы тау-шаңғы курортының құрылысына қатысты шығарылған шешімге қолдау білдіретінін жеткізген.

- Сіздің «барлық шешімдерді қабылдау кезінде халықтың ой-пікірін ескеріп, қоғамдық тыңдаулар жүргізу керек және қабылданатын іс-шаралардың мән-маңызын азаматтарға жан-жақты түсіндіру қажет» деген сөзіңіз маған ерекше әсер етті. Бұл тұжырым Қазақстанның ашық және өз азаматтарының белсенді рөліне негізделген шешімдер қабылдау ұстанымын ілгерілетуге бейілділігін көрсетеді, - деп жазады Ольга Алгаерова.

Мемлекет басшысының шешімі әлем қауымдастығы тарапынан "қоғамның алаңдаушылығын ескеріп жасалған тиімді ұйғарым" ретінде ғана емес, еліміздің экология саласындағы халықаралық міндеттемелерді, соның ішінде Орхус конвенциясының қағидаттарын берік ұстануы ретінде қабылданғаны өте маңызды.

Аталған халықаралық ұйым елдің дамуына қолдау көрсету үшін Қазақстанмен тығыз жұмыс істеуге ниет танытып отыр.

Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан еліміздегі және өңірдегі экология мәселелерін шешу, жасыл экономиканы қалыптастыру, тұрақты дамуды қамтамасыз ету бағытында БҰҰ-мен және оның құрылымдарымен жемісті ынтымақтастықты нығайта беретініне баса мән бергенін атап көрсеткім келеді.


 

0 Пікір Кіру