2019 – Жастар жылы: Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар? - на politic.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на politic.bugin.kz Марғұлан Ақан

100 млрд теңге бөлінді

2019 жыл есігін айқара аша салып, жаңа бір жылдың тұсауын кескенін бүкіл ел білеміз. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынып, бүкіл ел ретінде қолдауға ие болған «Жастар жылы» екі айдан кейін өзінің негізгі міндетін аяқтап, келесі жылды еріктілерге берейін деп отыр. Не шешілді? Сайлау деп тасада қалып кеткен «Жастар жылының» жастарға берген пайдасы қандай болды?

Жастар жылының томағасын сыпырып, алғаш сөз алған Елбасының тапсырмасы бойынша бір жыл ішінде жастарға арналған төрт мәселе шешілуі керек еді:

- Қолжетімді және сапалы білім;

- Жұмыс;

- Баспана;

- Отбасын құруға жағдай жасау;


Арада екі ай өткеннен кейін президент ретінде тапсырма берген Нұрсұлтан Назарбаев, наурыз айында өзінің міндетін тоқтатып, ел тізгінін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлына табыстады. Наурыз айына дейін «Жастар жылы» деген атауға мән беріп, енді құлшына кірісе бастаған жастардың үміті су сепкендей басылды. Себебі маусым айында кезектен тыс президенттік сайлау өтіп, халықтың назары билікке ауды. Сайлаудан кейін де жастар мәселесі қайта көтерілген жоқ. Елдегі бірнеше қайғылы оқиғалар мен саяси жүйедегі өзгерістердің толқыны жастарға «қоя тұр» дегендей сыңай танытты.

Ашығын айтқан кезде конференциялар мен республикалық деңгейдегі форумдардан бас тартып, шынымен де іске кірісіп жатқан мемлекеттік орындардың жұмысын көрген жоқпыз. «Қарастырамыз» бен «Жасап жатырмыз» деген екі етістіктің ортасында сандалып сұрақ қойған жастардың үміті үзілді. Ақыры ақылды жастардың дені елден кетіп, өзге елде білім алып, жұмыс жасап жатыр. Атап айтқан кезде, 2019 жылдың басты тақырыбына айналған Оңтүстік Корея, Еуропа елдері және АҚШ.

Жастар жылында ешқандай ауқымды шараның жасалмағанын қарапайым халықтан бұрын биліктің өзі де көріп отыр. Бұған дәлел Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин дәл осы «Жастар жылы» бойынша үкіметке сөгіс жариялады.

«Бір құжатты келісу шараларына тоғыз ай мерзім жұмсалған. Біздегі жұмыс стилі осындай. Тоғыз айда жүкті әйел дүниеге бала әкеліп үлгіреді. Ал сендер бір бұйрықты дайындай алмайсыңдар», - деп қатты айтқан Нұрлан Нығматулиннің тапсырмасын министрліктер мен арнайы мемлекеттік орындар енді жаппай жүзеге асыруға асығатыны бесенеден белгілі. Айналып келген кезде, «Жастар жылында» жасалған ауқымды шаралардың тізбегін алдағы екі ай ішінде көріп үлгереміз және басшылардың мемлекет басшысының алдында «Жастар жылы» өз деңгейінде өтті деп есеп беретінін де еститін күн алыс емес секілді.

Айта кету керек, ҚР премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев өз кезінде бұрынғы мемлекет басшысына «Жастар жылына» арналып бөлінген бюджеттің санын көрсеткен болатын. Яғни, жастарды қолдау мақсатында үш жылға деп 100 млрд теңге бөлінген. Мәселе, бөлінген ақшаның көптігінен бұрын, бұл бюджеттің көбесі сөгіліп, бос тұрған мәселелердің орнын толтыруға кетті ме?!

ҚР ЕХӘҚМ Жұмыспен қамту департаментінің директоры Ерболат Абулхатин  «Ашық алаң» бағдарламасында былай дейді:

«18 миллион халықтың 3,9 миллионы - жастар. Енді мына жұмыспен қамту мәселесіне келетін болсақ, жалпы енді, осы халықтың 25% үлесін құрап отыр. Біздердің болжам бойынша, мына жастар жыл сайын еңбек нарығына көптеп шығып отыр. Биылдың өзінде екі жүз мыңдай астам жастар еңбек нарығына шықты». Дәл осы тұста мына бір жағдайда айта кету керек. Еліміздегі жұмыспен қамту орталығында да шешілуі тиіс үлкен мәселе бар. Бұл жайында бұрын жұмыспен қамту орталығында болған Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасының журналисі баяндайды.

«Жұмысты өзім таптым. Сол мекемемен келісіп, жұмысқа орналастым. Тек орналаспас бұрын жұмыспен қамту орталығынан бір тілім қағаз (анықтама) әкелуім керек еді. Соны алу үшін екі күн кезекте жүріп, ақыры алдым. Түсінгенім бойынша, жұмысты маған тауып берген жұмыспен қамту орталығы екен және мен оған қол қойып келісіп бердім. Себебі біздегі жүйе сондай болсай керек», - дейді журналист.

Шындығында, жұмыспен қамту орталығының жасап жатқан жұмыстарын жоққа шығармадық деген күннің өзінде, мұндай анықтамалардың қандай қажеті бар? Мемлекет алдындағы есеп беруде абыройы асқақ тұрып, халықты жаппай жұмыспен қамтып жатырмыз деген баяндама үшін бе?!

Баспананың кілтін тәуелсіздік күні есеп үшін бере ме?

Жыл басынан бері жастарға қолжетімді баспана беру бағдарламалары қарастырылып, бірақ біреуі де іске аспағанын атап айту керек. Алғашқы жарнасын төлемей пәтер алуға болатын жағдайды да қарастырды. Алайда әлі нәтиже жоқ. Әр кезеңге созылып келе жатқан бағдарламаның нүктесі тәуелсіздік күні қарсаңында қойылатын секілді. Бұл туралы блогер Дәулет Мұқаев «Ашық алаң» бағдарламасында атап өтті.

Шынымен де, елдегі кез келген жаңалықты, әлеуметтік мәселені шешу үшін міндетті түрде белгілі бір мерекелік датаға негіздеу немесе соған байланысты жанама түрде ұйымдастыру міндетті ме?! Ерте бастап, ертерек жұмыстың нәтижесін көрсетсе, мемлекет бұл жағын ескермей қала ма? Бұл ендігі парламент мәжілісінің төрағасы айтқандай: «Біздегі жұмыс істеуі стилі осындай».

ҚР АҚДМ жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметовтың сөзіне үңілсек, жастар жылында жастарға пәтер беру мәселесі тікелей құрылыспен байланысты. Яғни, үй салынып біткен соң барып бұл үрдіс алдыға жылжиды. Анығын айтқан кезде, бірінші президент ұсынған мың пәтер қазіргі президенттің ұсынған екі мың пәтерімен жалпы саны үш мыңға жеткен. Оның өзінде, бұл пәтерлер Қазақстанның бүкіл аумағын қамтып жатқан жоқ.

Нұр-Сұлтан қаласында – 1050 пәтер;

Алматы қаласында – 1050 пәтер;

Шымкент қаласында – 900 пәтер.

Негізгі үш мегаполисте салынатын бұл пәтерлердің өзі де жалдамалы пәтер негізінде қарастырылған. Мұнда жастар бес жылға дейін тұруы мүмкін және кейін өзіне баспана алуына тура келеді. Бұдан өзге Мадияр Қожахметов бұл үйлер туралы былай дейді: «Мемлекеттің мақсаты - бұл жерде қиын жағдайға түсіп бара жатқан кезде жастардың әр қарай өсуіне жағдай жасау». Осы жердегі мемлекеттің қиын жағдайға түсуіне байланысты айтқан ойын қай жағынан сабақтаған дұрыс? Жастардың баспана мәселесін шешу үйді үлестіріп бермеу екенін көзқарақты жұрт біліп отыр. Тек жеңілдік қарастырылса, бюджет айқын енді жұмыс жасалса деген талап қана. Жастарды жарылқаудың қажеті жоқ, керісінше, оларға орын беру керек, оларға мүмкіндік беруі тиіс.

Баспана беру бағдарламасының талабында 101 мың теңге айлық алатын жастар деп көрсеткен. Мәселе шешілген жоқ, қайта туындады. Айына мемлекеттік жұмыста күні-түні сабылып тер төгетін, бірақ табысы 80 мың теңгеден аспайтын жастар ше? Бұл бірінші туындайтыны. Екіншіден, қазақстанда үш мегаполистен бөлек облыстар, қалалар, аудандар бар. Бұл аймақтар да жастардың үлесі бар. Бұлардың жағдайын кім шешеді?

Жастардың елден кетуі 

Қазір елімізде оқыған жастардың алды елде жұмыс істеуді емес, керісінше тыста жүріп ақша табуды мақсат еткен. Себебі мемлекеттің әлеуметтік жағдайы жастардың талап еткен айлығын бере алмай отыр. Түптеп келген кезде бұл  керек мамандардың (технократтар) елден кетіп қалуына алып келеді.

Бұл мәселеге ҚР АҚДМ жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметов былай деп жауап берді:

«Қазіргі таңда Астана ХАБ аясында, Назарбаев университеті аясында, біздің «Отандастар» деген қауымдастық аясында осындай бір форумдар жасап, бірге осындай компаниялардың ашуға мүмкіндік жасап жатырмыз. Ол үшін бұл жағдайлар жасалып жатыр». 

Біздің басшылық қашан «жасалды» және «жасадық» деген сөзге өтеді? Жасалып жатқан жұмыстардың әлі де болса үлкен бір нәтижесін көрдік пе? Жалпы жастар жылында ғана емес, осы уақытқа дейін біздің ең білікті мамандарды елде алып қалу үшін немесе өзге елдегі мамандарды шақырту үшін қандай жағдай жасап бердік? Бұл сұраққа алатын жауап біреу: жасап жатырмыз.

Түйін.

БАҚ беттеріндегі түрлі жаңалықтар болмаса, нақты «Жастар жылында» жасалған ойып тұрып орын алатын мүмкіндікті де, әрекетті де көре алған жоқпыз. Алда әлі екі ай уақыт бар. Он ай бойына үнсіз тасада қалып қойған жастар мәселесі екі ай ішінде өзінің нәтижесін бере ме әлде жоқ па, бұл уақыт еншісіндегі және басшылықтың бюджетті дұрыс игеру арқылы атқарған жұмыстарына байланысты.

Жастардың мәселесін шешпестен бұрын, оны көру үшін, есту үшін, қазіргі мемлекеттік мекемеде жүрген жастарды емес, әр аймақта шашырап жүргендердің қасынан табылу керек. Иек астындағы жастардың жұмысын көріп-ақ жүрміз.

Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар. Жастарға мемлекет сөз емес іс жүзінде жағдай жасап берсе, әр жас өзінің болашағын осы мемлекетпен тікелей байланыстыра білсе, осы мемлекеттің тұтастығы мен тыныштығын сақтауға ұмтылса дейміз. Семіз айтып, арық шыққан қоғамға көз де, құлақ та үйреніп кеткелі қашан. Әрекет болмай берекет қайдан болсын.

0 Пікір Кіру