Respublika өкілі: Қарин дұрыс айтады. Билік біреу-ақ. Тек ол Ақ Ордадан Кітапханаға көшті - на politic.bugin.kz
Күлтегін АСПАНҰЛЫ - на politic.bugin.kz Күлтегін АСПАНҰЛЫ

Биліктің кімде екенін ресми түрде білдік

Қазіргі Қазақстанның саяси өмірі ақпарат құралдарына сүбелі олжа болғаны белгілі. Бұқараның бойында бір бұлқыныс жүріп жатқандай. Жабық қоғам ашық әлемге қол созып, құқықтық сауатын арттырып, түсініктер трансформациясын бастан кешіруде.

Саяси үдерістер қоғамның қызу талқысына түскен шақты биліктің өзімен санасуын көздейтін азаматтық қоғам өкілдері, әсіресе жастар жағы белсеніп, ел ісіне араласуға талпыныс жасауда. Саясаттағы көпастарлы қырғи-қабақ құбылыстар, жаңадан құрылып жатқан партиялар және олардың «рөлі» мен келешегі жайында партиялыққа ұмтылған «Республика» қоғамдық қозғалысының белсенді мүшесі, сарапшы Ғалымжан Оразымбетпен ел ішінде жүзді-бірлі ауызбен айтылып жүрген өткір мәселелер (оның ішінде қауесет-сыбыстар) жөнінде сұхбаттасып көрдік.

«...Билік айтқан жылымық шын болса, тәуелсіз партиялардың шығуы әбден мүмкін!»

– Бэлла Орынбетова сайлаудан кейінгі бір сұхбатында «Республика» қозғалысын құрудағы түпкі мақсат партия ретінде тіркелу деген болатын. Расында да, қазіргі Қазақстанның жағдайында азаматтық қоғам арасынан тәуелсіз партия шығару мүмкін бе?

– Рахмет сұрағыңызға! Бұл енді қазіргі билікке қоятын сұрақ. Өкінішке орай, қазіргі саяси жағдай солай, билік барлық шешім қабылдау тетігін қолына жиып алған. Қаласа, партиялардың құрылуына жол береді, қаламаса, жәй ғана түрлі сылтаулармен жолын кесіп тастайды. «Алға» партиясының (ресми тіркелмеген) қанша жылдан бері тіркеле алмай келе жатқаны - соның бір дәлелі. Одан бөлек Мұхтар Шаханов кезінде «Халық рухы» атты партия құруға талпынған. Ол да тіркеуден өткен жоқ. Онда қазіргі талпыныстарыңызға не жорық деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Қазір наурыз айынан бері жылымық кезеңі деп биліктің өзі жан-жақты айтып жатыр. Біріншіден, бұл оған дейінгі кезеңде саяси алаңды толық монополиялап алғанын мойындауы. Екіншіден, өздері жариялап отырған жылымыққа жақсы сынақ. Ол басқа, өзі сияқты ойламайтын, өзімен келіспейтін күштермен, топтармен сұхбатқа, әрекеттесуге әзірлігі қандай? Жалпы, өзінікіне қарсы көзқарастарды қабылдауға қаншалықты дайын. Соны да бір сынап көретін кезең қазір. Жақында Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси кеңесшісі Ерлан Қарин мырза «Азаттық рухына» берген сұхбатында билік өзгеріске бейімдеген болатын. Содан кейін «Азаттық радиосына» берген сұхбатында саяси плюрализм орнықты деді. Қазір бірнеше топ партия құру туралы бастама көтеріп жатыр. Соның барлығына қалай қарайды, тіркейді ме, тіркемесе, оны қалай түсіндіреді, осының барлығын іс жүзінде көреміз. Егер билік өзі жариялаған жылымық, өзгерістер туралы сөзі шын болса, тәуелсіз партиялардың шығуы әбден мүмкін. Қоғамда да басқа партияларға, басқа саяси күштер мен көзқарастарға сұраныс үлкен. Бірақ осыған дейін де, қазір де биліктің бірді жариялап, баяғы әдетінше өз әдісімен әрекет ететінін ескерсек, ол өте қиын.

«Еуростандарттар емес, жалпыадамзатқа ортақ құндылықтар»

– Елдің  әлеуметтік мәселесін шешетін партия болуды көздейтін «Республика» қозғалысының бағдарламасында Назарбаев айтқандай «еуростандарттарға», құқық феноменіне басымдық берілгені байқалады. Демократиялық құндылықтардың ең жоғары нормаларын арқалаған бағдарлама міндеттемелерін айқындауға кімдер атсалысты және бағдарламаға биліктен қандайда бір қызығушылық туды ма, сұрау салып дегендей?

– Негізі, бұл стандарттар Еуропа елдерінде басталып, орнығып, жүзеге асқандықтан, бізде оларға еуростандарттар деп қарау басым. Анығында ол ешқандай да еуростандарттар емес, жалпыадамзатқа ортақ құндылықтар. Ал оны еуро- немесе афростандарттар деп қарау, бізді басқа, өзімізге тән емес стандарттар мен құндылықтарға ұмтылып отырғандай қылып көрсетеді. Нақтылап кетейік. Біздің бағдарламада көрсетілген сапалы ем алу, сапалы білім алу, адамның туабітті құқықтары қазақтарға тән емес пе? Олар тек еуропалықтарда немесе америкалықтарда болуы керек пе? Бұл құндылықтар мен құқықтар бізде де болуы шарт. Ол үшін оларға бізге тән емес, бізге жат дүниелер ретінде қарауды қою керек. Оны еуростандарттар деп атауды тоқтатудан бастау керек. Ал бағдарламаны кім жазды дегенге келсек, басым бөлігін Амангелді Қалыбек деген саясаттанушы жігіт жазды. Қалғанымыз өз ойымызды қосып, түзеу-өзгерту, жетілдіру-толықтыру бойынша ой қосып, бір жүйеге келтірдік. Бұл аяқталған, толық біткен нұсқасы емес. Өзіміздің көзқарас, ұстанымдарымызға сәйкес жасап көрдік. Сөйтіп көпшіліктің талқысына ұсындық. Сынағандар да, қызыққандар да, өз ұсынысы мен нұсқаларын ұсынғандар да болды. Алдағы уақытта да бағдарламаны жақсартамын, жетілдіремін деген ұсыныстарға ашықпыз. Ол бір адамның немесе отбасының мәселелеріне арналмаған, жалпыхалықтық дүние болғандықтан, қоғамның әр мүшесінің пікірін ескеру маңызды.

Билік жағынан ешқандай қызығу, сұраныс болған жоқ. Оны күтпейміз де. Қаласа, биліктің мұндай бағдарламаның бірнешеуін жазып алатын ресурс бар. Тіпті, бізге айтып, ескертпей-ақ, алып пайдаланамын десе, ашық көзде тұр. Қалаған уақытында алып қолдана алады. Мәселе бағдарламаның қандай болуында емес, оны іс жүзінде жасау-жасамауда.

«Саяси тұтқындар авторитар режимде көбеймесе, азаймайды»

– Түсінікті. Бұл пікіріңіз көпке қызық боларына сенімім зор. Белсенді азамат Қайырлы Омардың екі жылға бас бостандығынан айрылуы мен митинг өткізуге өтінім берген астаналық Жанат Нұркишевтің аяқастынан 15 тәулікке қамалуын, «саяси тұтқындар» қатарының артуын қалай түсінуге болады? Мұны билік өзі жария еткен «жылымық кезеңнің» соңы деп бағалауға бола ма?

– Жалпы, бізде жылымық басталды ма деген сұрақ туады осындайда. Ол кезең аяқталуы үшін алдымен басталуы керек қой. Бірақ біздегі жағдайға қарасақ, ол басталмаған да сияқты. Нұрсұлтан Назарбаев президент болып отырған кез бен қазірдің арасында қандай да бір айырма бар ма? Саяси еркіндік, саяси плюрализм жағынан? Мен ондай өзгерістерді байқап жүрген жоқпын. Ол азаматтар елде ешқандай төңкеріс, сепаратистік идеялар таратқан жоқ. Бар болғаны саяси бостандық, саяси өзгерістер мәселесін көтерді. Ол ешқандай да заңға қайшы әрекет емес. Ал ол үшін қудалау – біріншіден, заңға қайшы әрекет болса, екіншіден, билік ешқандай өзгеріске дайын еместігінің, ешқандай өзгеріске мүдделі еместігінің дәлелі ғана. Саяси тұтқындар авторитар режимде көбеймесе, азаймайды. Ол осындай режимнің бір көрінісі, ажырамас бөлігі. Бірінсіз бірін елестету мүмкін емес. Мәселе сол режим ол тұтқындарды саяси тұтқын деп мойындайды ма, осында. Әрине, мойындамайды. Өйткені жауапқа тартып отырғандары көбіне саяси баптар емес. Алаяқтық, бұзақылық, жемқорлық, алауыздық. Негіз, себеп көп. Өткен жолы «Азаттық радиосына» берген сұхбатында Ерлан Қарин мырза да олардың саяси тұтқын екеніне күмін келтірген. Әрине ол кісіден одан басқаны күтпедік те. Саяси тұтқындар мәселесі көтерілгенде биліктің беретін жауабы солай болатыны әу бастан белгілі. Жалпы, бұл жүйеде, билікте жаңалық болатындай ештеңе қалмады. Сонша жылдан бері қайталана беріп, әбден жаттанды боп қалған  жауаптар мен қадамдар.

«Билікке ешқандай сенім қалмаған»

– Oyan, Qazaqstan  мен Respublika бірлесіп 9 қараша «Саяси реформалар мен Парламенттік республика үшін» митинг  өткізбексіздер.  Бұған қатысты күштік құрылымдар бірнеше рет сұрау салып, шақыртқанын мәлімдедіңіздер. Қоғамда Бэлла бастаған топ «жәбірленуші» ретінде образ қалыптастырып, бұқара сенімін иеленбек» деген пікір айтылып жүр. Дос Көшім айтқандай, «Республика» да  «Хақ» қатарлы «жоғарыдан құрылып жатқан» ұйым ба?

– Жоқ, ешқандай жәбірленуші образы бізге керек емес. Иә, қысымның бары рас. Митинг ұйымдастырғымыз келеді деп жариялаған соң, шақырып, қысым көрсеткені де рас. Ол таңғалатын жағдай емес. Біздің қоғамда әдейі жәбірленуші түр істеудің қажеті жоқ. Тек билікпен келіспейтініңді, оған қарсы екеніңді айтсаң жеткілікті. Өздері қалағанынша жәбірлеп алады. Тіпті, қалаған образыңды артығымен жасап береді. Ал қоғам қазір жәбірленушіні алаяқтан ажырата алмайтындай емес. Олай дейтіндер біздің қоғам турал тым төмен ойлайды. Ал кімнің құралы, артында кім тұр деген сұраққа келсек, бұл да бүгін естіп отырған жаңалығымыз емес. Әу баста, осылай әрекет қылсақ дегенде-ақ айтыла бастаған. Сондықтан, Дос Көшім ағамыз бұлай деп отырған бірінші адам емес. Мен үшін ондай әңгіменің болу-болмауы соншалықты маңызды емес. Иә, қоғамның біраз бөлігіне сондай ой салып, зиянын тигізуі де мүмкін. Түптеп келгенде қоғам айтқан сөзіңе емес, ісіңе қарайды. Сондықтан, ол әңгімеге оншалықты уайымдамаймын. Маған бұл әңгімелер басқа жағынан қызық. Біз біраздан айтып келе жатырмыз, бағана бір сұрағыңызға да айттым, бізде саяси алаңды жүйе толық монополиялап алған. Ол қаламаған күш, топтар бұл жерге кіруі екіталай қылып тастаған. Әлгіндегідей көзқарастар содан кеп шығады. Сен бұл алаңға кірдің, немесе талпындың ба, демек, сенің артыңда биліктің өзі тұр. Өйткені ол қаламаған топтың алаңда пайда болуы мүмкін емес деген талқыланбайтын, күмән тудырмайтын аксиомалық ақиқатқа айналып кеткен. Ал ондай жүйеде мынадай көзқарастардың болуы заңды. Сондықтан олай деп отырған азаматтарға ренжу орынсыз. Бұл биліктің «сұхбатқа, тең әріптестікке дайынбыз, бізде саяси еркіндік бар» деген өтірігін толық жоққа шығаратын дәлел. Қазақта «Өтірікшінің өлдім дегеніне сенбе» деген сөз бар. Дәл қазір билік шын жылымық жасап, басқа күштердің пайда болуына мүмкіндік берсе де, ондай көзқарастар болады. Өйткені халық биліктің сөзі мен ісі бір-біріне кері келіп отыратынына әбден үйренген. Билікке ешқандай сенім қалмаған. Оған халықты кінәлаудың керегі жоқ.

«Билік біреу-ақ. Тек ол Ақ Ордадан Кітапханаға көшті»

– Келесі сұрақ елде қызу талқыланып жатқан, тіпті президент әкімшілігін түсіндірме жасауға мәжбүрлеген «қос биліктік» құбылысын қалай қабылдайсыз? «Атышулы №184 жарлық Ақорда мен Кітапхана арасындағы «тайталастықтың» соңғы айқын белгісі» деген ойға  не дейсіз?

– Рас, қазір сондай екі орталық күш қалыптасқандай пікір айтылып жүр. Шынында бізде ешқандай екі күш жоқ. Ерлан Қарин дұрыс айтады, бізде қос билік жоқ. Билік біреу-ақ. Тек ол Ақ Ордадан Кітапханаға көшті. Басқа пәлендей өзгеріс көріп отырғаным жоқ. Ал ол жарлық ресми түрде екінші президент билігін жойды деуге болатын шығар. Яғни, билік кімнің қолында екенін бұрын бейресми білсек, оны енді ресми негізде айта аламыз. Әділет министрлігі қате пікір айтты деп ойламаймын. Оны тез теріске шығаруға тырысып кеткені де қоғамды сендіре алған жоқ. Әділет министрі осы елде қабылданған заңдарға түсініктеме бере алатын, заңға түсініктеме беру тұрғысынан басқа органдардан құзыреті мен кәсібилігі жоғары орган. Ал сол Жарлықтағы «Қауіпсіздік кеңесінің келісімінсіз де шеше алады» деген тұсы де-факто болатын нәрсені жасыру, өңін айналдырып түсіндіруге негіз ғана деп ойлаймын. Маған Жарлықтың мазмұнынан гөрі оны тудыру қажеттігі қызығырақ. Шын мәнінде, екі тарапта тайталастық бар деп ойламаймын. Күш тең емес. Тайталасу үшін күш арасалмағы тең болуы керек. Ал бізде олай емес. Мен мұны тек экс-президенттің өз командасына да сенбеуі деп қабылдаймын. Ешкімге сенбеу. Аяқ астынан бірдеңе жасап жібере ме, қарсы бір қадамдар жасап қоя ма деген қорқыныш. Ал қорқыныш неғұрлым үлкен болған сайын, қорғаныс та соншалық күшті, жасалатын қадамдар да ақылға қонымсыз боп кетеді. Бірінші президент туралы заң да - соның бір дәлелі. Барлық қылмыстық жауапкершіліктен, қудалаудан қорғанып алу. Барлығын жақсы жасаса, таза жасаса, ондай қорғанысқа, оны заңдастыруға қажеттік болар ма еді? Сондықтан, бұл Жарлық мен үшін экс-президенттің қорқынышы мен айналасына сенбеуінің көрінісі ғана. Ал келісіп тағайындау, келісіп шешу соншалық жаңалық емес. Кім-кіммен келіседі, кім-кімге тапсырма бере алатынын бәріміз білеміз.

«Қандай да бір ықпал, бағыттаудан тәуелсізбіз»

– Жуық арада, желтоқсанда тосыннан парламенттік сайлау өтпек деген қауесет есіп жүр ел арасында. Қазір Ж.Мамай «Қазақстан демократиялық партиясын», Б.Тілеухановтың келіні Т.Қожалиева өздерін «билік пен халықтың ортасына көпірміз» дейтін «Хақ» партиясын құрып жатыр, ал Бэлла Орынбетова «саяси өлік» деп атаған Ә.Қосанов әлдебір партияның мүшелігіне кірмек ойы барын мәлімдеді. Осылайша «парламенттегі дәстүрлі, бағыты бөлек, бірақ «бірін-бірі бірауыздан мақұлдағыш» 7 партияға еріп, жүйенің ғұмырын ұзартпақ» деген ойға не дейсіз? «Билік ықпалынан ада, тапсырыстан құлан таза қозғалыс» екенін кепілдікпен айта аласыз ба?

– Парламент сайлауы болады деген қауесеттің бары рас. Ол президент сайлауынан кейін-ақ пайда болған әңгіме. Бірақ желтоқсан айында болады деген қауесетті естімеппін. Сайлау туралы заңға сәйкес, бізде сайлау туралы екі ай бұрын жариялануы керек. Ал қазір қараша айы кіріп қойды. Сондықтан ол қауесетке ешқандай негіз жоқ. Көпшілік болжаушылар оны келесі жылдың ақпан немесе наурыз айларында болуы мүмкін деп отыр. Ол әбден мүмкін. Қазір Парламентте қаралып жатқан 2020-2022 жылдарға арналған Республикалық бюджет жобасында келесі жылға «Сайлау өткізуді ұйымдастыру» бағдарламасы бойынша шығындар 675,8 млн теңге деп көрсетілген. Әрине, бұл әлі бекітілмеген бюджет. Қараша айының соңында бекітіліп, желтоқсанның басында президент қол қойған кезде тағы бір көру керек. Соған қарап та болжауға болады. Бірақ бұл соңғы шешім, тек осыдан білуге болады деген сөз емес. Келесі жылы сайлау өткіземіз деп шешсе, республикалық бюджетке өзгеріс енгізу оңай. Ал негізі заң бойынша сайлау 2021 жылы өтуі керек. Бірақ бізде сайлаулар бар уақытта мерзімінен бұрын өтіп келген. Бәрі мүмкін. Меніңше, келесі жылы болу ықтималы жоғары. Экс-президент мерзімінен бұрын өткізіп, өзіне лоялды (ыңғайлы) адамдарды жинап алу, өз ықпалын тағы нықтап алу үшін ондай қадамға баруы әбден мүмкін.

Ал жаңа партиялар, күштер мен тіл алғыштар туралы ештеңе айта алмаймын. Қалай болғанда да жаңа күш керек. Ал оған билік дайын ба деген сұраққа жауабым: «жоқ, дайын емес». Демек, жаңа партиялардың құрылу мүмкіндігі де аз. Қанша жерден партия құрғымыз келгенімен, оған реалистік тұрғыдан қарау керек. Бұл жүйе өзіне альтернатив күштің, өзінен көзқарасы басқа топтың бар болуына мүдделі емес. Мен тек өз қозғалысымыз туралы сенімді айта аламын.Ешкімнің ешқандай ықпалы, нұсқауы жоқ. Қандай да бір ықпал, бағыттаудан тәуелсізбіз. Ал мынау билікке қарсымын, оң өзгеріс жасағым келеді деген кез келген топты, партияны қолдауға әзірміз.

0 Пікір Кіру