Мәжіліс депутаты: Ұстаз бен шәкірт көше кезбей, дәрісханада отыруы керек - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Мұғалім айтқанға көніп, айдағанға жүретін құлақкесті құл емес

Оны қолбала қылудың, қоғамдық жұмысқа жегудің жөні жоқ.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың сөзінше, 19 баптан тұратын «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы 2020 жылы қабылдануға тиіс. Осыған дейін оның кем-кетігін толтыру керек. 

«Педагогтар кәсіби қызметіне қатысы жоқ міндеттемелерге бойұсынып жүр.  Бүгінгі таңда олардың жұмысы көп, жалақысы аз. Бізге заң арқылы мұғалімдерді сенбіліктерге, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына тартуға тыйым салу және жалақыларын жоғарылатуға қол жеткізу қажет. Мұғалімдерді кәсіби қызметінен тыс жұмысқа жұмылдырған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі назардан тыс қалмауға тиіс.  Заңсыздыққа жол бергендер 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуі керек»,  – деді депутат.

Оның пікірінше,  мұғалімнің соры – сайлау мен сенбілік.  Ұстаз бен шәкірт көше кезбей, дәрісханада отыруы керек.

Бұл ұсынысқа білім және ғылым министрлігінің өкілі Ғалымжан Жұмашев қарсы келе алмады. Ол министрлік жанындағы бақылау департаментіне немесе «тікелей желіге» мұғалімдерді кәсіби қызметінен тыс жұмысқа салу туралы арыз-шағым түссе, мамандар мәселенің ақ-қарасын анықтап, нақты шара қолдануға ықпал ететінін айтты.

Мына қызықты қараңыз, мәжілісте мұғалімдердің сенбілік пен сайлаудан тыс қалуына қырын қарайтындар бар екен. Олардың ойынша, мұғалімдер ел мен партияның, ауыл мен қаланың өміріне белсене араласуға тиіс. Бұл – патриотизм! Мұғалімдер елдің патриоты, елдің азаматы екенін жақсы түсінуі керек. Мұғалімдер патриот болмаса, оқушылар қалай патриот болады? Халық қалаулысы Ирина Смирнова мұндай мәлімдемеге: «Haileybury мектебі кімдерді тәрбиелеп отыр? «Мирас» мектебі ше? Сонда оқушыларын «массовка» ретінде пайдаланбайтын өзге жекеменшік мектептер де патриот еместерді тәрбиелеп отыр ма? – деп тіл қатты.

Депутаттың ойынша, мұғалімнің міндеті өз жұмысын біліктілікпен, сапалы орындау. Яғни білім беру, мектеп оқушыларын оқыту. Ал шараларға қатысу – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Ол мұғалімдердің міндетіне кірмеуі керек. Мұндай жұмыстарға тартылған жағдайда мұғалімдерге қосымша ақы төленуге тиіс.

«Мұғалім өз міндетін орындауы керек. Оның міндеті тайға таңба басқандай көрсетілген. Ол оқушыларын ертіп, әкімдермен болатын кездесуге, сенбілікке, сайлауға баруға тиісті емес. Ол қалалық мерекелерге басшылықтың күштеуімен келмеуі керек, – деді депутат.

inbusiness.kz

0 Пікір Кіру