Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы Тоқаевқа қатысты  БҰҰ елдеріне үндеу жариялады - на politic.bugin.kz
Күлтегін АСПАНҰЛЫ - на politic.bugin.kz Күлтегін АСПАНҰЛЫ

«Уәдеңе берік бол, еліңе серік бол»

Халықаралық HRW ұйымы 7 қарашадағы жиын қарсаңында әлем елдеріне «БҰҰ кеңесі Қазақстаннан реформалар талап етуі керек» тақырыбында үндеу жариялады. Мәлімдеме ұраны ретінде «Бейбіт жиындарға рұқсат берілсін. Азаматтық ұстанымына (сыни көзқарасына) бола қудалау доғарылсын» деп жазылған.

Бүрсігүні, қарашаның 7-сі Женевада өтетін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде Қазақстан Бүкіләлемдік мерзімді шолудың үшінші кезеңінде есеп бермек. Алқалы жиын қарсаңында HRW әлем елдеріне үндеу жариялады. Себеп – Қазақстан президентін елді демократияландыруға шақыру, оң ықпал ету.

«Биыл наурызда уақытша президент болып, кейін маусымда кезектен тыс өткен президент сайлауында жеңіске жеткен Тоқаев – БҰҰ үшін бөтен адам емес» деп басталатын мәлімдемеде оның 2011-2013 жылдар аралығында БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесін басқарғаны атап өтілген.


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудан кейінгі ұлықтау рәсімінде ант беріп тұрған кезі. Фото: Владислав Воднев / Sputnik

Ұйым мәлімдемесінде «30 жылға жуық президент болған Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң» Конституцияға сәйкес президент өкілеттігі сол кездегі сенат төрағасы Тоқаевқа өткенін айта келе, HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша атқарушы директоры Хью Уильямсон «президент Тоқаев БҰҰ-ны басқалардан жақсы біледі. Соған қарамастан, президент болғалы ол Қазақстанды БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі стандарттарына жақындата алмады» деп сынады. Сонымен қатар, Тоқаев сайланғалы бері әр кездегі санкцияланбаған шерулер және ондағы жаппай ұстаулар туралы деректерге шолу жасалған.

HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша атқарушы директоры Хью Уильямсон (Hugh Williamson). Фото: helsinki.org

Уильямсон өзге елдерді Қазақстанның адам құқықтары мен пікір еркіндігіне құрметпен қарауына ықпал етуге шақырды. Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан Human Rights Watch «Тоқаев президенттік лауазымында жарты жыл бойы өзі уәде еткен сөздері әлі жүзеге асқан жоқ» деп санайды.

Сондай-ақ, ұйым Тоқаевтың күздің басындағы жолдауында бейбіт шеруге рұқсат берілетінін әрі сот және құқық қорғау жүйелерінде реформа жүргізуге уәде бергенін еске сала отырып, әлде де наразылыққа шыққандар бұрынғыша жаппай қамалып жатқанын, жағдайдың өзгермеуін айыптаған.

Мәлімдемеде айтылған тағы бір өзекті мәселелердің бірі – «саяси астары бар тұтқындар» жайы, азаматтық қоғам белсенділерінің абақтыға жабылуы. Азаматтық ұстанымы үшін істі болғандар қатарында 2016 жылы артынша мораторий енгізілген Жер заңына қатысты Атырауда өткен митингіге шығып, бес жылға сотталған Макс Боқаев, «қаржы жымқырды» деген айыппен сотталған кәсіподақ басшысы Ерлан Балтабайлардың есімі аталған.

Ұйым «Қазақстанда үкіметті сынайтын немесе билікке жақпайтын мәселелерді көтеретін ұйымдардың ресми тіркелуге мүмкіндігі жоқ, тіркеусіз жұмыс істеген соң, оларға айыппұл салу қаупі төнеді. Оның үстіне үкімет тәуелсіз кәсіподақтардың жұмысын шектеп, кәсіподақ белсенділерін қудалауды жалғастырып келеді» деген пікірде.

Human Rights Watch БҰҰ мүшелігіндегі елдерді Қазақстан жағдайын жақсартуда араша ағайындық танытуға шақырды. Ұйым сөзінше, адам құқықтарын қадірейтін елдер Тоқаевтан биліктің наразыларды негізсіз ұстауды қойып, митинг өткізу құқығын сақтауын, «мүмкіндігі шектеулі» қазіргі митинг туралы заңды реформалауды әрі белсенділерді түрмеден босатуын, «билікке жақпай қалғандарды құрықтайтын» Қылмыстық кодекстег і174 және 274-баптарды өзгертуді, кәсіподақтар қызметіне еркіндік беруін, кәсіподақ белсенділерін қудалауды тоқтауын талап етуі керек.

«Қазақстан өкіметі билікті сынап, жеке пікірін айтқан адамдарды қудалап, қамап, түрмеге жабатын ел болып қалып отыр» дейді БҰҰ өкілі Уильямсон. Ол «БҰҰ Тоқаевтан реформа жасау жайлы уәделерін орындауды талап етуі тиіс» деп есептейді.

0 Пікір Кіру