Халықаралық ұйым: Тоқаев БҰҰ-ға берген уәдесін әлі орындаған жоқ - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Қамап жатыр, қамап жатыр

Әлем елдері Қазақстанның БҰҰ-да жақында есеп беретін сәтін пайдаланып, адам құқықтарын жақсартуға уәде берген жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сөзінде тұруға көндіруі керек. Бұл жөнінде Human Rights Watch халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы қарашаның 4-і күні мәлімдеді. Ұйым мәлімдемесі Қазақстан Женевада БҰҰ-ның Адам құқықтары кеңесінде есеп берерден үш күн бұрын жарияланып отыр.

ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАНДЫ "БҰҰ НОРМАЛАРЫНА ЖАҚЫНДАТА АЛМАДЫ"

"Биыл наурызда уақытша президент болып, кейін маусымда кезектен тыс өткен президент сайлауында (ЕҚЫҰ бақылаушыларының есебінше, сайлауда көп заң бұзылып, билікке қарсы наразылыққа қатысқан адамдар жаппай ұсталған - ред.) жеңіске жеткен Тоқаев – БҰҰ үшін бөтен адам емес" деп мәлімдеді Human Rights Watch.

Ол 2011-2013 жылдар аралығында БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесін басқарып, одан соң еліне қайтып оралып, билік иерархиясындағы екінші орын – сенаттың төрағасы болған. 30 жылға жуық президент болған Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң Конституцияға сәйкес президенттің өкілеті сол кезде сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшкен.

"Президент Тоқаев БҰҰ-ны басқалардан жақсы біледі. Соған қарамастан, президент болғалы ол Қазақстанды БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі стандарттарына жақындата алмады" дейді Human Rights Watch (HRW) ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша атқарушы директоры Хью Уильямсон.

Ол Қазақстан билігі халыққа қажетті реформаларды жүргізіп, әр пікір мен қоғамдық пікірталасқа құрметпен қарауы үшін басқа елдерді Тоқаевқа ықпал етуге шақырды.

Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан Human Rights Watch "Тоқаев президент болған жарты жыл ішінде уәделері әлі жүзеге асқан жоқ" деп санайды.

"Тоқаев бейбіт жиындар туралы шектеуі көп заң қайта қаралуы керек деп, жергілікті атқару органдарын митингілерге рұқсат беруге шақырған. Ол қыркүйекте халыққа арнаған жолдауында адам құқықтарын жақсартып, сот және құқық қорғау жүйелерінде реформа жүргізуге уәде еткен. Соған қарамастан, наразылыққа шыққандар бұрынғыдай қамауға алынып жатыр" деп ескертеді ұйым өкілдері.

"Билік қыркүйекте өткен кейбір митингілерге араласпағанымен, кейін Қытайға қарсы өткізілген шараларға қатысқан ондаған адам тұтқынға алынып, тыйым салынған ұйым өткізген митингіде жүздеген адам ұсталды" деп мәлімдеді HRW.

Қыркүйекте бірнеше қалада Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және логистика салаларында Қытаймен бірлескен кәсіпорындар ашуға қарсы адамдардың наразылық шаралары өтті. Демонстранттар Қытайдың Қазақстандағы инвестициясының көбеюіне және Пекиннің Шыңжаңдағы аз ұлттарға, соның ішінде қазақтарға қатысты жүргізіп отырған саясатына наразылық білдірген.

Қазақстанда экстремистік деп танылып, жұмысына тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (шетелде тұратын экс-банкир әрі биліктің қарсыласы Мұхтар Әблязов құрған ұйым) қыркүйектің 21-інде жұртты Қытай зауыттарына қарсы наразылыққа шақырған. Полиция ҚДТ наразылық өтетін орын ретінде белгілеген жерлерге келген ондаған адам ұстаған.

Human Rights Watch мәлімдемесінде Қазақстанда бірнеше белсенді әлі қамауда отырғанын атап өткен. Ұйым мәлімдемесінде 2016 жылы Жер заңының өзгеруіне қарсы митингіге шығып, бес жылға сотталған Макс Боқаевтың, "қаржы жымқырды" деген айыппен сотталған кәсіподақ басшысы Ерлан Балтабайдың есімін атаған. Құқық қорғаушылар "Балтабайға тағылған айыптың саяси астары бар" деп санайды (оған Қазақстан президенті кешірім беріп, оның жеті жылдық түрме мерзімі 4 мың АҚШ доллары шамасындағы айыппұлға ауыстырылған, алайда Балтабай кешірімнен бас тартатынын айтқан соң ол "айыппұлды төлемеді" деген себеппен бес айға қайта түрмеге қамалған).

Human Rights Watch мәлімдемесінде Шыңжаңдағы лагерьлер мәселесіне халықтың назарын аударған Серікжан Біләштің де жағдайына тоқталған. Біләшқа "ұлт араздығын қоздырды" деген айып тағылып, ол сотқа тартылған. Кейін Біләш прокуратурамен келісімге келіп, "айыбын мойындаған". Сот оның бас бостандығын шектеп, қоғамдық ұйымдарды басқаруына тыйым салған.

"Қазақстанда үкіметті сынайтын немесе билікке жақпайтын мәселелерді көтеретін ұйымдардың ресми тіркелуге мүмкіндігі жоқ, тіркеусіз жұмыс істеген соң оларға айыппұл салу қаупі төнеді. Оның үстіне үкімет тәуелсіз кәсіподақтардың жұмысын шектеп, кәсіподақ белсенділерін қудалауды жалғастырып келеді" деп санайды ұйым өкілдері.

Азаттық радиосы

 

0 Пікір Кіру