Шетелдік БАҚ: Назарбаев әлі де Қазақстанның президенті - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Қазақстан Назарбаевтікі

"Қазақстан Назарбаевтың мемлекеті болып қала береді". Вашингтонда шығатын Diplomat газеті осындай тақырыппен мақала жариялады. Онда автор 30 жылға жуық ел билеген соң биыл наурызда қызметінен кеткен Назарбаевтың өзін президент сияқты ұстайтынын, "президент сияқты сөйлейтінін, президенттікімен тең өкілетке ие екенін" жазған.

Мақалада қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі негізгі қызмет орындарына адамдарды тағайындағанда Назарбаев басқаратын Қауіпсіздік кеңесімен кеңесу керектігі туралы жарлығы сараланған. 21 қазанда жарияланған жарлыққа сенсек, аймақтар мен республикалық маңызы бар қала әкімдерін, министрлердің көпшілігін, ҰҚК, Бас прокуратура, Ұлттық банк және басқа да құрылымдардың басшылығына кандидаттарды ұсынар алдында Қауіпсіздік кеңесімен талқылап, келісу қажет.

11 қазанда ресми телеарнаға берген сұхбатында Назарбаев уақытын көркем өнер мен оқуға арнап, ырғақты өмір сүріп жүргенін айтқанына қарамастан, ол Қазақстанның атынан өкілдік етіп, шетелге сапарға шығып жүр деп жазады Diplomat. Соңғы рет Жапонияда жаңа императорды таққа отырғызу рәсіміне қатысқаны, Токиода Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескені, Бакуда Түрік елдері ынтымақтастығының саммитіне қатысқаны айтылады.

- Елде қос президент бар ма деп ойлап қаласың, кей жағдайларда шынымен солай да сияқты. Қазақстандағы кадрларға қатысты заңға енгізілген соңғы өзгерістер Тоқаевтың президент қызметінде болуы Назарбаевтың көзқарасынан алшақ болмауы керек деген пікірді орнықтыра түседі, - деп жазады автор. 

Мақалада айтылғанындай, Тоқаевтың тәуелсіздігі бұдан бұрын-ақ күмәнді болып келген, ал енді оның "елде терең саяси реформалар жүргіземін" деген сөзі тіпті орындалмастай көрінеді.

- Қазақстан Назарбаев мемлекеті болып қала береді. Ол отставкаға кеткен шығар, бірақ ол биліктен кеткен лидерге тән емес ерекше өкілетті сақтап қалды, оның орнына келген Тоқаев Назарбаевтың айтқанымен жүреді деген пікір орнығып қалған. Тоқаевтың "сөзге құлақ асатын мемлекеті" Назарбаевтың сөзіне ғана құлақ салатын сияқты, - деп қорытады Diplomat.

Америкадағы Jamestown Foundation сараптама орталығы да "Қазақстанның бұрынғы президенті Назарбаев кең өкілетке ие болғандықтан, биліктің тапсырылуы түсініксіз болып тұр" деп аталған мақалада да осы тақырыпты қозғайды. Мақалада Тоқаевтың 21 қазанда жарияланған кадр саясаты туралы жарлығын Назарбаевқа "үкіметтегі басты тағайындауларға қатысты вето құқығын" де-факто беретін құжат деп атайды.

Автордың айтуынша, Қазақстандағы басылымдар бұл жарлық туралы "бейтарап сарында" ақпарат берген. Қазақстанда "жалғыз адамның билеп-төстеуін" жиі сынап келе жатқан батыс басылымдары Назарбаевтың өкілетін кеңейткен бұл құжатқа ерекше назар аударған. Бұл жарлыққа Ресей басылымдары да тоқталған. Мәселен, редакциялық саясаты Ресей президенті Путинді қолдайды деп жиі айыпталатын "Независимая газета" 22 қазанда "Тұңғыш президент елдің басты қожайыны болып қала береді" деген тақырыпшамен мақала жариялады. Онда елдегі белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаевтың пікірі келтіріледі. Сарапшының айтуынша, "бұл жағдай Тоқаев айтқан "күшті президент, ықпалды парламент және есепті үкімет тезисіне қайшы келеді, себебі бюрократиялық аппарат елде кімнің қожайын екеніне қатысты нақты сигнал алды".

Қазіргі жағдайға қарасақ, Орталық Азияның ең ірі елінде 2019 жылғы наурыздағы билікті тапсыру рәсімі "жай ғана қағаз жүзінде болды" деп санайды автор. "Назарбаев [билікті] бақылаудан толық бас тартқанда ғана билікті тапсыру жүзеге асты деуге болады" деп жазады Jamestown Foundation.

Тоқаевтың жемқорлық дауына ұшырап, жоспарлы мерзімнен қала беретін астанадағы жеңіл рельсті транспорт жобасын, Алматы қаласын басқару жүйесін және Назарбаевтың жеке өзі бақылаған қазақ тілінің алфавитін реформалау жобасын сынауы "алдыңғы президенттің айналасындағыларды байқатпай сынауы" деп түсінуге болады.

"Көп жұрт Қазақстанда билікті бейбіт түрде тапсырған соң нақтылық болады деп күтті, бірақ анық емес нәрсе көп" деп санайды Jamestown Foundation сайтында жарияланған мақала авторы.

0 Пікір Кіру