Қазақстанда 1 қаңтардан бастап қандай өзгеріс болады? - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Министрлік мәлімдемесі

Жаңа жыл мерекесінен кейін жаппай қаржылық сауат ашу науқаны басталады. Бұл жайында халықтан түсіп жатқан өтініштерге жауап берген Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев хабарлады.

Ел Үкіметі Қазақстан азаматтарын дүние-мүлкін жаппай жария етуге мәжбүрлеу шарасын бұдан әрі ысырмайтын болды. Алайда барлық кірістері мен ірі шығындарын хаттап-шоттап беруге қарапайым халық дайын емес. Мәселен, қазақстандықтарға той өткізу, көлік алу, кітап шығару, тұрмыстық техника сатып алу, шетелге саяхаттау және басқасына қатысты барлық ауқымды шығыстарына қатысты чектерді бірнеше жыл сақтауға тура келеді. Себебі, жалғыз шенеуніктердің ғана емес, кез келген адамның декларациясындағы өзгерістерге салық органдарыны күдіктенсе, оны құжаттармен растауды талап етуі мүмкін. Растай алмағандары әкімшілік жазаға тартылмақ.

Осыған орай азаматтар жауапты меморгандардың халық арасында кең ауқымды түсініктеме жұмыстарын жүргізу орнына тым-тырыс отырғанына алаңдаушылық білдіруде.

«Қазақстан азаматтарының жаппай декларация тапсыруын енгізу қарсаңында ең құрығанда мемлекеттік кірістер, яғни салық органдарындағы сол декларацияны толтыру бойынша кеңес беретін кеңселер құруды сұраймын. Олар халықты салықтарды дұрыс есептеуге де үйреткені жөн», – деді  Жанат Негмеджанов атты азамат үкіметке жолдаған хатында.

2019 жылғы 3 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған болатын.

Күшіне енген бұл заң жаппай декларациялауды 2020 жылғы 1 қаңтардан 2021 жылғы 1 қаңтарға жылжытты. Бұл биліктің соңғы шешіміне ұқсайды және кейінге ысыру қарастырылмайды. Ендеше дайындық жұмыстары қайда?

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев оған дайындалып жатқандарын айтады.

«Халықты соған барынша әзір ету мақсатында мемкірістер органдары жаппай декларациялауға кезең-кезеңмен көшу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Оның барысында жеке тұлғалар «Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны» (250.00 нысанын) egov.kz электронды үкімет порталы арқылы толтыруды үйренеді», – дейді МКК басшысы.

Марат Сұлтанғазиев бұл жұмыстар қазір де қолға алынып жатқанын айтады.

«Жаппай декларациялау енгізілгенге дейін «Салықтық есептілікті қабылдау» (250.00 нысанындағы жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларация) сервисі сынақ режимінде жұмыс жасайды. Яғни, ол тек қана дайындық-ақпараттық мақсатта қызмет етеді. Осыған байланысты бұл есепті толтырған пайдаланушылар ешқандай жауапкершілікке тартылмайды», – дейді мемкірістер комитеті төрағасы.

Сонымен қатар,қазақстандықтар үшін салық органдары, электронды үкімет порталынан бөлек, декларацияны ұялы телефоннан толтыру мүмкіндігі қарастырылуда.  

«Азаматтарға декларацияларын ұсынуы үшін «Жаппай декларациялау» мобильдік қосымшасын қолданысқа енгізу бағытында іс-шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ электрондық үкімет порталы арқылы жаппай ақпараттандыру жүргізіледі. Бұл шараға сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдарының сайттары, салық төлеуші кабинеті, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және басқалары жұмылдырылады. Ал әр қазақстандықты жеке ақпараттандыру 1414 бірыңғай call-орталығы, ХҚКО-лар және салық органдарындағы қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылады», – деді МКК басшысы Марат Сұлтанғазиев.

Осының алдында жаппай декларациялау Қарағанды облысының Осакаров ауданында пилоттық режимде сынақтан өткізілген болатын. Нәтижесінде ауыл-аймақтағы халықтың және жергілікті органдардың бұл жүйені енгізуге еш дайын еместігі анықталды.

Егер келесі жылы енгізсе, халықтың ашу-ызасын тудыруы ықтимал екенін байқаған қаржы министрлігі оны екі жыл кейінге ысыруды сұрап, хат жолдаған. Бұл өтініш қабыл алынды. Нәтижесінде, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жарлары тегіс декларация тапсыра бастайды.

2023 жылы қаңтардан бастап, олардың қатарына мемлекеттік кәсіпорындар мен бюджеттік сала қызметкерлері – педагогтар, дәрігерлер, мәдениет, спорт және басқа салалар өкілдері қосылады. 2024 жылы бұл науқан барлық бизнесмендерді қамтиды: заңды тұлғалар басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары міндетті түрде декларация тапсырады. Ал 2025 жылы халықтың қалған бөлігі осыған міндеттеледі.

inbusiness.kz

0 Пікір Кіру