Дос Көшім Назарбаевтың «саяси мәдениетсіздігі» мен «қорқынышы», жаңа партиялар туралы - на politic.bugin.kz
Күлтегін АСПАНҰЛЫ - на politic.bugin.kz Күлтегін АСПАНҰЛЫ

Атамбаев пен Каримовтардың жайын көріп тәжірибе байытты

Наполеонның «Саясатта жүрек болмайды, тек қана бас болады» дегені бар. Отыз жылға тарта билік пен бұхара өз бетімен өмір сүріп, іштей піскен жара ақыры ауыз жарып, елдің саяси-құқықтық сауаты артып, азаматтық қоғам институты аяқтанып, талабы күшейген тұста пікір әралуандығының аясы кеңейді. 

Осы орайда «жартылай билік транзиті» мен жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келе жатқан партиялардың құрылу курсы жайында саясаткер, тәуелсіз сарапшы Дос Көшіммен тілдесіп, пікірін біліп едік.

– Қазақстанда қазіргі таңда көп айтылып жүрген «Қос билік» құбылысының белгілері бар ма?

– Жоқ. Мен қос биліктің белгілері бар деп айта алмаймын. Әңгіме бір-ақ дүниеге қатысты. Жалпы елбасы президенттіктен кеткенде толық кетуі керек еді. Бұл - барлық елге тән билік мәдениетінің белгісі. Кеткен соң толық кету керек. Өйткені Назарбаев сол жерде қалды ма онда оның бұрынғы беделі, адамдары, сөзін құп көретін топтар қалай дегенмен де (бәрібір) екінші президент тағайындаған адамға жұмыс істегісі келсе де жұмыс істеткізбейді. Менің ойымша, экс-президенттің қалуы, әуелі – саяси мәдениетсіздік, екіншіден, бұл – өзін қорғауы.

Өйткені әлі күнге дейін елбасында бір қорқыныш бар. «Егер ертең толық биліктен айырылсам, ақорда айналасындағылар үстімнен іс қозғап, бұрынғы істерімді қайта тексере ме екен?» деген үрейден басқа ештеңе көріп отырған жоқпын.

– Соңғы кездері Назарбаевтың біршама үзілістен кейін публика алдына қайта шығып, ақпарат айдынынан жиі көрінуі нені аңғартуы мүмкін?

– Жоғарыда айтқанымыздай, оның биліктен толық қол үзбегенін көрген басқа өзі қойған адамдары, топтары, жолдастары, «халық сайлаған депутаттары»  әзірге Тоқаевтың билігін толық мойындамайды. Мұнда адами, психологиялық фактор бар. Өзінің Шапыраштыларын жиып жатыр емес, одан өзге бұрынғы президент кезіндегі адамдар жалтақтап отырады. Назарбаевтың билікті толық бермей ұстап отырған себебі көрші Атамбаев пен Каримовтардың жайын көріп тәжірибе байытты. Демократиялық құндылықтар салтанат құрған Оңтүстік Кореядағы соңғы 7-8 президентінің басы сот үкімімен ноқталанып, бірі 20 жылға, бірі өлім жазасына кесілгені бар.

– Биылғы саяси үдерістердің қызған шағында Қазақстандағы  дәстүрлі 7-8 партиядан бөлек азаматтық қоғамда көзге түскен Ж.Мамай «Қазақстан демократиялық партиясын», «бұрынғыдан өзгерек» президент сайлауында бақылаушылар институтының белсенді өкілі Б.Орынбетова бастаған бір топ «Республика», Б.Тілеухановтың келіні әрі басы даудан арылмайтын М.Тазабековтың туысы Т.Қожалиева өздерін «билік пен халықтың ортасына көпірміз» дейтін «Хақ» партияларын құрса, кейбір азаматтар «саяси өлік» деп атап кеткен Ә.Қосанов әлдебір партияның мүшелігіне кірмек ойы барын айтқан болатын. Мұның бәрі жақын арада болуы мүмкін парламент сайлауынан сигналды хабар емес пе?

– Егер Қазақстандағы сайлау жүйесі туралы заң өзгермесе, мұның барлығы босқа кеткен еңбек, бекер іс. Менің ойымша, әртүрлі құрылып жатқан партиялардың көпшілігі жоғарыдан құрылып жатқан «баяғы тоқсан түрлі» партияның кезекті тіркемесі сияқты. «Ақжол», «Коммунистік партия», «Ауыл», «Бірлік», «Әділет» тәрізді белгілі бір нақты саяси мақсатпен құрылған. Олардың ешбірі төменнен құрылмаған. Егер төменнен құрылса, мен кез келген партияны іштей де, сырттай да қолдауға дайынмын. «Хақ» та, «Республика» да жоғарыдан құрылып жатқан партиялар секілді.

– Сіз айтқандай «жоғарыдан» жаңадан құрылып жатқан партиялар ескі жүйенің өмірін ұзарту миссиясын арқалаған ба? Төменнен құрылып жатқан партиядан қайсысын атар едіңіз?

– Сайлаудан кейін Қарағандыда бір топ жігіт бас біріктіріп, партия құрмаққа ынталанған болатын. Бірақ өткізбей қойыпты. Енді ол түсінікті де ғой.    

Менің естуімше, Ұлттық сенім кеңесі митингілер өткізу туралы мәселеден бөлек, сайлау жүйесі және саяси партиялар тақырыбын қарап жатқан көрінеді. Егер оң шешім қабылданып, жүзеге асса, ертең олигархтар партияларға қолдау білдіріп, бүгінгіден бірнеше есе көп партия құрылуы мүмкін. Ақылға сыймайтын қазіргі талаптар жеңілдетілсе, партиялар қатары артары сөзсіз. Бұдан қорқудың да қажеті жоқ. Халық көңіліне қонымдысын таңдап, өздігінен табиғи түрде сұрыпталатын болады. Сондықтан партияның көптігіне алаңдап, оған мазасыздану – орынсыз.

– Бірінші президенттің ықпалы әлі де жоғалмаған кезде  Сайлау туралы заңды қайта қабылдап, оны либерализациялау мүмкін бе?

– Әбден мүмкін. Бірақ біз ойлағандай төрт аяғын тең басқан күйде кемел етіп қабылданбауы мүмкін. Ары кетсе сылап-сипап, жартылайға жетеқабыл ойын есебінде ғана қабылдауы ықтимал. Ішіндегі екі-үш дүниесін ғана дұрыстап, ал жартылай ғана жарық тиген нәрсе ешқандай нәтиже бермейді. Себебі олар өздеріне қажетті бес-алты бөлікті кедергі ретінде әдейі қалдырады. Жаңғыртқан соң, қайта қараған соң демократиялық елдердің стандартына сай етіп жасау керек. Мысалы, Ресейде партия құру үшін 10 мың адамның қолы жеткілікті, ал бізде 40 мың кісі сұрайды. Бәрі білетіндей Қазақстан халқы Ресейден он есе аз ел, абсурдтық талаптар. Бұрынғы одақтас, жұрты бізден кемі екі есе көп Украинада 200 адаммен-ақ партия құра аласың. Бізде ыңғайсыз, «миға сыймайтын» талаптар. Еуропа не америкалық үлгіні  айтпағанда, іргедегі тағдырлас, демократия заңдылықтарын енді қабылдап жатқан мемлекеттер Балтық жағалауы елдерінен көппартиялы жүйені алсақ болады.

– Дос аға, ашық ой білдіргеніңзге көп рахмет!

0 Пікір Кіру