1 қарашадан бастап елімізде қандай өзгерістер болады? - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Қазақстандықтарды қандай өзгеріс күтіп тұр?

Қараша айы қазақстандықтар үшін оқиғаға бай бола қоймайды. Алайда бірқатар жаңашылдық күшіне енеді.

1 қарашадан бастап республика бойынша уақытша және тұрақты тіркеуді растайтын мекенжай туралы анықтаманы алып тастау туралы шешім қабылданды. Енді, ешбір мемлекеттік орган немесе жеке жұмыс беруші азаматтардан мекенжай анықтамасын талап ете алмайды.

"Негізі, еңбек заңнамасында мекенжай анықтамасын алып келу туралы талап жоқ. Яғни, бұл жерде мәселе азаматтың жұмысқа тұрар кезде өзінің қайда тұратынын нақты жазып бере алуымен шектеледі", - дейді мамандар.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов мекенжай анықтамасын мемлекеттік деңгейде алып тастағанын ресми түрде мәлімдеген болатын.

"Яғни, барлық жұмыс берушілер азаматтарды жұмысқа алу тәртібін қайта қарауы керек", - деді ол.

Алдағы уақытта жылжымайтын мүліктің бар-жоғын растайтын анықтама, психологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансердің анықтамасы, сондай-ақ, жұмыссыз жүргені жөніндегі анықтаманы алып тастау жоспарланған. Жалпы, 28 ақпараттық анықтама қысқартылады.

Көкшетаудағы қоғамдық көлік ақысына қатысты өзгеріс

Осы айдан бастап Көкшетау қаласында қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеудің дифференциалды тарифі енгізіліп отыр.

Жаңа жүйеге сәйкес, ересектер үшін көлік картасымен жол жүру ақысы 80 теңге болса, 7-15 жастағы балалардың арнайы мектеп картасымен 40 теңге көлемінде бекітілді. Ал қолма-қол ақшамен тариф жоғары болады. Үлкен адамдарға – 150 теңге, 15 жасқа дейін – 70 теңге.

Ал азаматтардың 15 санаты бойынша арнайы жеңілдік беретін карталар енгізілген. Олардың ішінде мүгедектер, соғыс ардагерлері және оларға теңестрілген азаматтар, көпбалалы аналар және 7 жасқа дейінгі балалар бар.

Жанар-жағармайға қатысты өзгеріс

2019 жылы 2 қарашада Қазақстанның аумағынан мұнай өнімдерін автокөлікпен шығаруға алты айға тыйым салынады. Шара энергетика, ішкі істер, қаржы министрлері және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен бұйрығы негізінде енгізіліп отыр.

Құжатқа сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақтың 2709, 2710, 2902, 3403 және 3811 кодына жататын тауар номенклатурасын Қазақстан аумағынан автокөлікпен шығаруға болмайды. Алайда мұндай шектеу автомобиль зауыты шығарған және техникалық талаптарға сай келетін бензин багы мен 20 литрден аспайтын ыдысқа қатысты емес.

Айта кетейік, бұған дейін Ресеймен шекаралас жерлерде арзан қазақстандық бензинді жаппай шығару әрекеті тіркелген болатын. Осыдан кейін уақытша шектеу енгізу туралы шешім қабылданды.

Жалдамалы баспанаға құжат қабылданады

5-10 қараша күндері астанада жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы пәтерге құжат қабылдау басталады.

Жылдың аяғына дейін елордада осы санаттағы 1 050 пәтер таратылады. Соның ішінде 202-сі екі бөлмелі пәтер болса, 848 пәтер – бір бөлмелі. Екі бөлмелі пәтерлердің ауданы – 46-70 шаршы метр, ал бір бөлмелі пәтерлер – 30-45 шаршы метр.

Жалдамалы пәтерлер Уәлиханов – Сейфуллин – Бөгенбай батыр – Жангелдин көшелерінде орналасқан. Баспана 5 жылға ғана беріледі. Одан кейін пәтерді жалдау туралы келісімшартты ұзартуға рұқсат берілмейді. Баспананы жалдау құны – айына 5-15 мың теңге.

sputniknews.kz

0 Пікір Кіру