2020 жыл: Көпбалалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы беріледі - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы жаңа мемлекеттік жәрдемақы алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Министрлік мамандарының болжамынша, 4 немесе одан көп баласы бар 340,3 мың отбасы көпбалалы болуына байланысты мемлекеттік жәрдемақыға үміткер бола алады. Айта кететін жайт, аталған жәрдемақы енгізілгеннен кейін Қазақстандағы көпбалалы отбасылар санының артуына байланысты алушылар саны да артуы мүмкін.

Жоғарыда аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленеді.

Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды. Бұл 2018 жылдан бастап тағайындалмайтын осыған ұқсас жәрдемақыдан 4-7 есеге көп.

Бұл мемлекеттік жәрдемақыны енгізу Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша ҚР Еңбекмині әзірлеген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде (бұдан әрі – АӘК) көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағытының бірі болып табылады. Таяуда ҚР Еңбекмині тиісті заң жобасын ҚР Парламентінің қарауына енгізуді жоспарлап отыр.

Айта кетерлігі, Қазақстанда бүгінде бала саны 7-ден асатын 3151 отбасы бар. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға жеке мемлекеттік жәрдемақы төленеді, олардың орташа мөлшері 16 160 теңгені құрайды. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша оны 235 мыңға жуық адам алады. Бұл мемлекеттік жәрдемақының төленуі сақтала бермек.


0 Пікір Кіру