Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақ қыздары - на politic.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на politic.bugin.kz Қаракөз Амантай

Білгенге маржан

Арайлап  атқан ақ таң мен қызарып батқан әр күнімізге шүкіршілік етеміз. Бақытымыздың бастауы, тыныш ұйқы мен уайымсыз күлкі тәуелсіздікпен байланысты. Бүгінде желтоқсан оқиғасына-32 жыл, тәуелсіздігімізге-27 жыл. Тәуелсіздік әркімге бұйыра бермейтін бақ. Егемен ел болып, еңсемізді биік ұстап жүруімізге мүмкіндік жасаған желтоқсан құрбандары мәңгілік жадымызда.

Желтоқсан оқиғасы ерді де, қызды да аямады. Алаңға тек ер жігіттер ғана емес, қайсар мінезді, батыл нәзікжандылардың қатысқаны баршамызға мәлім. Олар қиын кезде бұлыңғыр саясаттың соңында кетпеді. Елі, жері үшін соңына дейін күресті. Бүгін халқы үшін жанын құрбан еткен аруларымыз туралы айтуды жөн көрдік.

Асанова Ләззат Оразханқызы  


Асанова Ләззат Оразханқызы  1970 жылы 27 шілдеде Алматы облысы Панфилов ауданы Ақжазық ауылында (Қазіргі Жаркент ауданы Айдарлы ауылы) дүниеге келген. 1985 жылы Алматыдағы П.Чайковский атындағы муыка училищесіне оқуға түседі. 

Алматыда 1986 жылы 17-18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы азаттық көтерілісіне белсене қатысқан. Ол Орталықтың билеп-төстеушілігіне наразылық білдіріп, қаладағы Жаңа Алаңға (қазіргі Республика алаңы) алғашқы ереуілшілер қатарында “Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!” деген ұранмен шықты. 

16 жасар студент Ләззат Асанова Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін тергеуге ілігіп, бір аптадан соң - 25 желтоқсанда жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Алматыда болған оқиғаларға түпкілікті баға беру жөнінде республика Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы құрған комиссия мүшесі Ф.Игнатовтың мәліметтеріне сүйенсек, Ләззаттың мәйіті бірнеше күннен кейін музыкалық училище жатақханасынан табылған. Ол туралы қыздармен жанжалдасып,  жатақхананың бесінші қабатынан құлап өлген деген қауесет таратылған. Осыған қарамастан мәйітті Алматы облысы Панфилов ауданындағы Ақжазық кентіне Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері арнайы қарауылдап апарған. Ләззатты жерлеудің алдында денесін ақ жуып, арулаған кезде оның екі білегіне салынған темір бұғаудың қалдырған көкпеңбек іздерін, бас сүйегінің шүйдесі ойылып кеткені анықталды. Осыған қарағанда ол жазалаушылардың қолынан қаза тапқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң ғана Ләззат Асанова жөніндегі шындық қалпына келтіріле бастады. 1997 жылы Бас прокуратураның тексеруімен қазақтың өжет қызы ақталып, 2004 жылы «Халық қаһарманы» атағына ұсынылған болатын. Өкінішке  орай Л. Асановаға ол атақ берілмеді. Ләззаттың ерлігіне арналған “Қаһарман қыз — Ләззат қыз” әні, сонымен қатар ол жөнінде баспасөз беттерінде ғалымдар мен мемлекет, қоғам қайраткерлерінің пікірлері жарық көрді .

Мұхамеджанова Сәбира Есімбекқызы 


Мұхамеджанова Сәбира Есімбекқызы 1970 жылы 1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылында дүинеге келген. Ол 1985 жылы сегіз жылдық мектепті үздік бітірісімен Өскемен қаласындағы педучилищенің бастауыш кластарға мұғалімдер даярлайтын қазақ бөліміне оқуға түскен. 

1986 жылғы желтоксан толқыны Өскемен қаласында жастардың қозғалысына әсер еткені шындық. Өскемендегі толқу 22 желтоқсан күні сағат 19:00-21:00 аралығында болған. Сабира Мұхамеджанова Алматы қаласында болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісін қуаттап 22 желтоқсанда Өскемен қаласында бірге оқитын студент жастармен бірге наразылыққа шығады. Студент қыздардың бұл әрекеттері ұлтшылдық деп бағаланып, сол күні кештен бастап партия, кеңес, комсомол, мемлекеттік қауіпсіздік, құқық қорғау орындары тарапынан тергеу, олардан жауап алу басталады. Сөйтіп орынсыз қорлау мен жала жабу мен тергеуге шыдай алмаған Сәбира Мұхамеджанова барлығын ұйымдастырған «мен» деп мәлімдеп, жатақхананың бесінші қабатынан секіріп, мерт болады. Сәбира - тәуелсіздік жолындағы алғашқы құрбандардың бірі еді. Желтоқсан құрбаны Сәбира Мұхамеджановаға 2001 жылы “Тарбағатай ауданынының құрметті азаматшасы” деген атағы берілді.

Гүлнар Кеңесқызы Байбосынова


Гүлнар Кеңесқызы Байбосынова – Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақ жастарының бірі. 1967 жылы 10 қаңтарда Қызылордада дүниеге келген. 1984 жылы Қызылорда қаласындағы №198 орта мектепті бітірген соң, Алматыдағы Театр және көркемсурет институтының актер және драма факультетіне оқуға түсу үшін құжатын тапсырады. Алайда Гүлнардың орыс мектебін бітіргені оқуға түсуіне кедергі жасайды. Содан кейін ол бір жыл қазақ тілін үйреніп, 1985 жылы жүрегі қалаған оқуына түседі. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, көптеген қиыншылықты бастан өткерген. Қыстың қақаған суығы өтіп, бір жарым ай ауруханада жатып шыққан. 5 ай бойы тергеуде жүрген.

Ғаниз Құтысқызы Чукаева

Ғаниз Құтысқызы Чукаева – 1986 жылы16 желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақ жастарының бірі.

1950 жылы 3 наурызда Алматы облысы, Гвардия ауданында, Калмагоровка ауылында дүниеге келген.

1968 жылы орта мектепті бітіріп шыққан. Талдықорған облысы, «Қарашоқы» ауылында комсомол комитетінің хатшысы болып, одан кейін аудандық партия комитетінің санақ бөлімінде қызмет атқарған.

1970 жылы малдәрігерлік техникумға сырттай оқуға түскен. 1974 жылы Свердловск орман комбинатында хатшы болып істейді, сол жылы тұрмысқа шығады. Қазіргі таңда Талдықорған аймағы бойынша мүгедек балалар қоғамының президенті қызметін атқарады.

Ғалия Нұрсалқанқызы Нұғыманова

Ғалия Нұрсалқанқызы Нұғыманова 1962 жылы 2 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Қатон-қарағай ауданы, «Қатон-қарағай» ауылында дүниеге келген.

1980 жылы Алматы қаласына жоғары білім алуға келіп, оқуға түсе алмаған. Бұдан кейін Алматы подшивник жөндеу зауытына жұмысқа орналасып, қаладағы индустриалды техникумның кешкі бөліміне түсіп, техник-механик мамандығын меңгереді.

1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, қиын күндерді басынан өткерген.

Ырыскүл Бектемірқызы Шақаман

Ырыскүл Бектемірқызы Шақаман 1964 жылы 6 қазанда Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, «Арба иген» ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде оқыған. Желтоқсан көтерілісінің қанды алаңында болған тікелей куәгер. Қазір Еуразиялық Университеттің «Тіл білімі» кафедрасында профессор болып қызмет атқарады.

Сәуле Қасымхан қызы Сатыбалдиева

Сәуле Қасымхан қызы Сатыбалдиева 1965 жылы Алматы облысы, Талғар ауданы, «Нұра» ауылында дүниеге келген.

Орта білім алған соң Абай атындағы педагогикалық институттың Бастауыш сыныбын оқыту және методикасы факультетіне оқуға түседі.

Үшінші курс оқып жүргенде Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан шығарылған, қудалауға ұшыраған. Қазір Алматы қаласындағы №136 қазақ орта мектебінде мұғалім болып қызмет атқарады.

Мархаба Данабекқызы Ыбырайымова

Мархаба Данабекқызы Ыбырайымова 1965 жылы Семей облысы, Мақаншы ауданында дүниеге келген. 1982 жылы Алматы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында білім алған. 1986 жылы аталмыш ЖОО-ның 4 курс студенті болған. Желтоқсан көтерілісі салдарынан оқудан шығарылып, қуғын-сүргінге ұшыраған. 2003 жылы ақталып шыққан.

Түйін: Тәуелсіздігіміздің арқасында қанатымызды кеңге жайып жүрміз. Тек тәуелсіздік жолында жанын құрбан еткен аға-әпкелеріміздің ерлігін ұмытпағанымыз жөн. Бүгінде "Желтоқсан оқиғасына-32 жыл", ал тәуелсіздік жолында 27 жылды артқа тастап отырмыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

0 Пікір Кіру