«Қазақстан Қытайға да, Ресейге де қажет!» - Путиннің Тоқаевқа шүйлігуінің астарында не жатыр? - на politic.bugin.kz
Kymbat Slyambekov - на politic.bugin.kz Kymbat Slyambekov

Ресейдің Сочи қаласында өткен Валдай пікірталас клубының отырысында Путин мен Тоқаев сөз қағыстырып алды

Қоғамда Тоқаев пен Путиннің арасында әлдеқандай қыжыл мен қысастық бар екендігі айтылып жүрген еді. Мұны қазақстандық сарапшылар Тоқаевтың уақытша президент болып, Ресейге барған ресми іссапарынан байқаған еді. Ол кезде Путин көрші елдің президент жеке қарсы алуға келмей, орнына РФ Сыртқы істер министрін жіберген еді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та жақында Ресейге сапары кезінде Путинмен екеуінің арасында Тоқаевтың либералды саясаты жайында сөз болып, орыс президентінің кейбір нәрселерге көңілі толмайтыны жайында бұған дейін де жазған едік.

Нақтырақ айтатын болсақ, қазақстандық саясаттанушылардың байқағанындай, Тоқаев Ресеймен интеграция жасаудың орнына Қытайға бүйрек бұрып тұрғаны Путинге жақпаған сыңайлы.

Мұны Путин Валдайда өткен пікірталас кезінде емеурінмен айтып, анық байқатты. Қыжылдың да сыртқа шыққан сәті осы болды. Путин баяндама барысында трансшекаралық тасымалдың маршруттары –  Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалына тоқталды. Алайда баяндамада екі аймақты байланыстырып жатқан Қазақстанның бұл жобадағы рөлі жайлы бірде-бір сөз жоқ. Яғни, Ресейдің ойынша, Қазақстан трансшекаралық тасымалға қатыспауы тиіс. Оның орнына Путин Қытай мен Еуропа арасындағы тасымалдың бір маршруты ретінде Үндістан, Иран жағалауы мен Каспийдің Ресеймен шекараласып жатқан аймағы арқылы өтуі тиіс деп ұсынса, екінші маршрут ретінде Сібір-Арктика-Азия тізбегін ең экономикалық жағынан тиімді деп атады.

- Біздің ойымызша, трансшекаралық транспорт артериясы мемлекеттер арасында табиғи бәсекелестікті қамтамасыз етіп, ең бастысы, ынтымақтастық орнатуға қызмет етуі тиіс. Егер маршрут кесіп өтетін елдердің бірінде саяси тұрақсыздық орнаса, бүкіл тізбек бұзылатыны анық. Сондықтан көрші елдер бір-бірінің дамуына мүдделі болғаны жөн, - деп мәлімдеді Путин.

Мұнда Путин "ең бастысы, ынтымақтастық орнатуға" және "көрші елдер" деген екпіндер арқылы Қазақстанды меңзеп тұрғанын аңғаруға болады.

Ал өз кезегінде, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болса, бұған жауап ретінде модератордың "Сіздердің мемлекеттеріңіз Ресейдің де, Қытайдың да қатар ұсынып отырған "Бір белдеу – бір жол" жобасында қатысып отырсыз, екі ірі мемлекеттің байланысын қалайша үйлестіріп отырсыздар?" деген сауалына анық түрде "бұл жобаны Қазақстанның қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкін емес!" деп жауап берді.

- Қытай ұсынып отырған "Бір белдеу – бір жол" мегажобасы мен Ресей Федерациясы ұсынып отырған бағдарламаларды ескере отырып, бұл жобаларды үйлестіру жайын ғана емес, синергиялық байланысын (бірлесе отырып, бір нәтижеге қол жеткізу – ред.) да дамытқан жөн деген ойдамын. Мұның барлығы Қазақстан үшін өте тиімді. Себебі біздің елдің қатысуынсыз, шынын айтқанда, Қытайдың "Ұлы Жібек жолы" мегажобасын жүзеге асыру мүмкін емес! Сондықтан қытай төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылы ойлап тапқан "Ұлы Жібек жолы" тұжырымдамасының негізгі көзін Қазақстан деп танығаны бекер емес. Жоғары айтқанымдай, Қазақстан 2018 жылы бұл жобаны жүзеге асыру барысында 3 млрд доллар табыс тапты. Бюджетке түсетін табыс әлі де көбейеді деген ойдамыз. Бір сөзбен айтқанда, алдағы уақытта әлемде транспорт пен логистикадан, трансшекаралық тасылмалдан түсетін табыс бірінші орынға шығу мүмкін, - деп мәлімдеді Тоқаев.

Пікірталас барысында Путин Тоқаевқа шүйлігуін тоқтатпады. "АҚШ ядролық қаруды Азияға орналастыруы мүмкін" деп мәлімдеген Путин модератордың "Ядролық қарулануға қатысы көзқарасыңыз қандай?" деген сауалға жауап берген Тоқаевтың жауабына әжуа қылып, "Саддам Хусейн де солай ойлаған" деп әзіл қылды. Мұның астарында да үлкен мән жатқаны, сол арқылы Қазақстанға шүйлігіп отырғаны байқалып қалды.

Осыған қарағанда Қазақстан мен Ресей арасында қордаланып қалған, түйіткілді мәселелер әлі көп сияқты.

 


0 Пікір Кіру