Қасымов: Қазақстанда қос азаматтығы бар 15 мыңнан астам адам анықталды - на politic.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на politic.bugin.kz Қаракөз Амантай

Соның ішінде 555-ін жауапқа тартып, 102-сін елден шығарды

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, бұл келісім Қазақстанда қос азаматтықпен жүргендерді анықтауға көмектеседі

Бүгін ҚР парламенті мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының үкіметі мен Тәжікстан Республикасының үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы заңының жобасы мақұлданды. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, аталған заң жобасы елде қос азаматтықпен жүрген Тәжікстан азаматтарын анықтауға көмектеседі.

2018 жылдың 14 наурызында Астана қаласында Қазақстан мен Тәжікстан арасында көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Аталған келісім ратификацияланған жағдайда көші-қон ағымдарын реттеуге, азаматтық мәселелерді шешу үшін қолайлы жағдай жасайды. Ол негізінен статистикалық, құқықтық және методологиялық ақпаратпен алмасуды көздейді.

Биыл шілде айында бұл келісімді Тәжікстан парламенті ратификациялады. Осы орайда, ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов келісімді ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданса, ешқандай әлеуметтік, экономикалық және құқықтық салдарға әкеліп соқпайтынын айтып өтті. Сондай-ақ, ол қосымша қаражатты талап етпейді.

"Біз ең бірінші кезекте Қазақстанда қос азаматтықпен жүргендерді анықтаймыз. Әдетте біз көрші елдерге сұраным жіберген кезде бізге жауап келмейді. Себебі, арада ешқандай келісім жоқ. Мысалы, 15 260 адам қос азаматтықпен жүр. Соның ішінде 555-ін жауапқа тартып, 102-сін елден шығардық. Қалғандары айыппұл төлеп кетті. Осы келісімді елімізде қос азаматтықпен жүрген азаматтар болмасын деген мақсатпен дайындап жатырмыз", — деді Қалмұханбет Қасымов.

Мұнымен қатар, ішкі істер министрі бұл келісімнің Қазақстан үшін аса маңызды екенін атап өтті. Себебі, Тәжікстанда қос азаматтыққа рұқсат берілген, ал Қазақстанда керісінше тыйым салынған. Сондай-ақ, бұл Қазақстан бюджетін үнемдеу үшін керек. Өйткені, көптеген Тәжікстан азаматы қос азаматтық алып, елде көмек ақша алып жүр. Алдағы уақытта дәл осындай келісім Ресей Федерациясы, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Грузия және Армения мемлекеттерімен жасалып жатыр.

Соңғы үш жыл ішінде Қазақстан территориясына 1,5 миллион Тәжікстан азаматы кірген. Олардың 182 мыңы тіркелген, ал қалғандары заңсыз жүр. Осылардың ішінде 38 Тәжікстан азаматына қатысты қылмыстық іс тіркелген. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ратификациядан кейін қылмыс жасаған Тәжікстан азаматтарына қатысты құқықтық шаралар міндетті түрде қолданылатынын айтып өтті. Мұнымен қатар, қазақстандық жұмыс берушілердің 5 шетел азаматына дейін жұмысқа алуға құқылы екеніне тоқталды.

"Ірі кәсіпкерлікте жұмыс істейтін мигранттарға қатысты мәселе бұрын шешіліп қойған. Бұл жерде басты талап — біліктілігінің жоғары болуы. Әрбір Қазақстан азаматы шетел азаматын жұмысқа ала алады. Бастысы одан белгілі бір мекенжай бойынша тіркелгенін талап ететін жұмыс орны болса болғаны. Әдетте Тәжікстан азаматтары мал бағу, үй шаруашылығы сынды жұмыстарға келіп орналасады", — деді министр.

Нұрлан Нығматулин төрағалық еткен парламент мәжілісінің жалпы отырысында заң жобасы бірауыздан мақұлданды.

Дереккөз: sputniknews.kz

0 Пікір Кіру