ҚазҰУ: Журналист боламын деушілер азайып, ғылыми-педагогтер көбеюде - на politic.bugin.kz
Ақмарал Берекет - на politic.bugin.kz Ақмарал Берекет

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің үздік 210 университетінің қатарындағы, мектеп бітірушілердің арманына айналған бірден-бір университет. 85 жылдық тарихы бар университетте, соның ішінде қара шаңыраққа айналған журналистика факультетінде оқу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Биыл журналистика факультетіне бакалаврға студенттер жылдағы есептен аз түскен болса, магистратураға оқуын жалғастыру үшін түскендер саны жылдағыдан көп болды.

Алдағы уақытта жойылу қаупі бар мамандықтардың арасында журналистика мамандығының бар екені белгілі. Журналистиканың қара шаңырағына айналған Қазақ Ұлттық Университетінің өзінде журналист боламын деген жастар санының биыл жыл сайынғы есептен азайғаны байқалады. 2018-2019 жылы факультетте білім аламын деген жастардың саны 150-ге жуық болса, 2019-2020 оқу жылындағы журналист боламын деген студенттердің саны 100-ге де жетпейді. Нақты деректерге сүйенетін болсақ биыл ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасына 34, баспасөз және электронды БАҚ кафедрасына 32, баспа ісі және дизайн кафедрасына 29 студент қабылданды. Республика бойынша бөлінген грант санының көптігіне қарамастан бұл мамандыққа деген жастардың сұранысы неліктен азайды?

Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлының айтуына қарағанда биыл факультет тарапынан қарапайым мектептерге бару, мектепті бітіруші түлектерді мамандыққа, ҚазҰУ-ға шақыру шаралары жүрмеген. Осы тұста бұл жылғы студенттер санының аз болуы тікелей жарнамаға байланысты болғаны ғой деген ой да келеді. 

Сонымен қатар университетте басқа факультеттерге қарағанда журналистикада оқуды қарапайым адамдардың қалтасы көтере бермейді. Бұл жерде бір жылдық оқу ақысы 980 000 теңгені құрайды. Жатақхана, азық-түлік тағы басқа да шығындарды қоса есептегенде ақылы бөлімде оқитын студентке бір жылға бір миллион теңгеден де көп қаржы жұмсалады. Шындығында журналист болғысы келетін жастардың білім алуға мүмкіндіктері болмаса, журналистикаға грантқа түскен кейбір студенттердің «болашақта журналист болмаймын» деген пікірлері көңіл қынжылтады.

Биыл оқуға түскен студенттердің біршамасы әртіс болуды қалап, ата-анасы рұқсат бермегендіктен журналистикаға түскендер болса, қалған бөлігі әлі журналистика туралы толық білмейді де.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Әйгерім Әлімжан саннан сапаға өтетін кез келді деп есептейді. Ол: "Журналистиканы таңдаушылар аз дегенге келіспеймін. Жылдағыдай жүрек қалауымен таңдап келушілер баршылық. Байбалам салудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Керісінше саннан сапаға өтетін кез келді. Жылдан жылға озық теxнологияларды меңгеруге бейім ұрпақ қалыптасып келеді. Журналистиканы елімізде 30-дай ЖОО-на оқытатынын ескерсек, бөлінген грант санының аздығы білінеді. Ал ақылы бөлімге әр ата-ана қалтасына қарай оқытатыны анық. Ұлттық универсиеттерге қарағанда жеке оқу орындарында, аймақтарда төлемақының арзандығына қарай, сол жақтарға кететіні рас. Биылдан бастап мамандық деген атаудың жоғалып, оқу бағдарламасын таңдау мүмкіндігі студенттің белгілі бағытта терең білім алуға мүмкіндік береді. Мысалы биыл, журналистика және репортерлік іс бойынша журналистика, xалықаралық журналистика, қоғаммен байланыс оқу бағдарламаларын таңдау мүмкіндіне ие болды. Демек, грант жеңген соң, өз қалауыңызбен білім аласыз. Негізі білім беру жүйесінің тиімді жақтарын насиxаттап, қолдағанымыз дұрыс",- дейді.

Бакалаврға студенттер аз түсті десек те, оның орнын магистратураға түскендер басып озды. Жылдағы есепке қарағанда биыл магистратураның мемлекеттік грантын иеленгендер саны біршама көп. Олардың жалпы саны – 75. Осы  тұста ҚазҰУ-дың негізгі миссиясы басқа ЖОО-на ғылыми-педагогикалық бағытта мамандар дайындап беру деген тұжырым қалыптасады.

0 Пікір Кіру