Қытайда сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Тоқаевтан көмек сұрады  - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы президентке хат жазды

Есірткі контрабандасы үшін сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы президентке хат жазды

Қытайда түрмеде отырған Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқавтан көмек сұрады.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан қызым Ақжарқын Тұрлыбайға көмектесуді сұраймын. Ол "нигериялық қылмыстық топтың құрбаны болды" деген мәлімет бар. Соған сүйене отырып, қызымның жазықсыз екенін айтқым келеді. Сотта судья да қызымның кінәсі жоқ екенін айтып отыр. Ол азаматтардан да қызымды босатуды сұрадым", - деді Зухра Сейтімов.

3 қыркүйекте Гуанчжоу қалалық сотында Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша отырыс өткен еді. Осы отырысқа арнайы барған Зухра Сейтімова қызын көрген. 

"Қызыммен көп сөйлескен жоқпын. Ақжарқын тек "жағдайым жақсы" деді. Басқа ештеңе айтқан жоқ", - деді Ақжарқынның анасы. 

Қызының жазықсыз екеніне сенімді Зухра Сейтімова Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрауға мәжбүр болып отыр. 

"2014 жылдың наурызында Қазақстан азаматы, қызым Ақжарқын Тұрлыбай Қытайда есірткі контранбандасымен шұғылданды деген күдікпен қамауға алынды. Бес жыл бойы қызымның үстінен тергеу жүріп жатыр. Әуелі өмір бақи түрмеде отыру жазасы кесілді, кейін ол үкімнің күші жойылды. Қылмыстық іс қайта қаралатын болды", - деген Сейтімова президентке жазған хатында. 

Ол Ақжарқынды қазақстандық және қытайлық адвокаттар тегін қорғап жүргенін әрі Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де көмектесіп жатқанын айтып, оларға алғыс білдірген.

"Қызымның шетел аумағында жазасын өтеуі, тіл білудегі қиындықтар, аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталуы бізге ауыр зардабын тигізді. 2015 жылы Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы қызым Ақжарқынды нигериялық қылмыстық топтың құрбаны деп мойындады, бүгінде қылмыскерлер ұсталған жоқ. Бірақ ҚР ішкі істер министрлігі тиісті шараларды қолға алмай отыр. Оның ішінде қызымды шетелдік қылмыстық топтың құрбаны ретінде мойындау да бар", - деген ол. 

Сейтімова Конституцияның 11-бабы 2-тармағы бойынша республика өзінің және ел аумағынан тысқары жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік беретінін еске салып өтеді. 

"Құрметті президент! Сіздің дипломатиялық және халықаралық қатынастар саласындағы бай тәжірибеңіз бен Қазақстанның сыртқы істер министрі қызметін атқарғаныңызды ескеретін болсақ, жағдайдың қиындығын жақсы түсінесіз. Осыған байланысты сізден қызым Ақжарқын Тұрлыбайды Отанына қайтару үшін тиісті шараларды қолға алуға жәрдемдесуіңізді сұраймын", - деген Сейтімова. 

Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі

Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткі алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ. Кейін сот үкімінің күші жойылып, қылмыстық іс қайта қаралатын болды.

Биыл 3 қыркүйекте Қытайдың Гуанчжоу қалалық сотында Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша отырыс өтті. Екі сағаттан астам уақытқа созылған отырыста қорғаушы тарап ұсынған қылмыстық іс материалдары қаралды. Үкімнің жарияланатын күні әзірше белгісіз.

sputniknews.kz

0 Пікір Кіру