Билік қателігі: Қытай зауыттары көшіріле ме әлде салына ма?  - на politic.bugin.kz
Kymbat Slyambekov - на politic.bugin.kz Kymbat Slyambekov

Шетелдіктер үшін көшіріледі, қазақстан азаматтары үшін - "салынады"

Қазақстан билігі Қытай елімен бірігіп жүзеге асырылатын 55 жобаның бар екенін, оның сомасы $27 млрд доллар болатынын мойындап отыр. Елдің Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, бұл жобалардың барлығы инвестиция түрінде келмек әрі көлік жасау, құрылыс, дәрі-дәрмек, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ бен энергетика салаларына құйылады. Осы жылдың шілде айында Жаңаөзенде қазақ-қытай бағдарламасы негізінде мұнай қалдықтарын өңдейтін әрі экологияға зияны жоқ, құны $97 млн болатын  зауыт салынатындығы хабарланған еді.

Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстанда Қытаймен бірге Германия мен АҚШ-тың да, Нидерланды мен Швейцарияның да ірі инвесторлары кәсіпорын салып жатқанын тілге тиек етіп, Қытайдың Қазақстанға құйған инвестициясы бұл елдермен салыстырғанда әлдеқайда аз екендігін сөз еткен болатын.

Алайда Қытайдан келетін инвестицияны неге қазақ билігінің шетелдік БАҚ пен отандық БАҚ үшін екі түрлі уәжбен ақпарат бергені түсініксіз?

Мәселен, отандық БАҚ-та, яғни, ел азаматтары үшін қытайдан келетін инвестицияға жаңадан кәсіпорындар мен зауыттары салынады, іргесі қаланады деп ақпарат берсе, шетелдік БАҚ-тар үшін кәсіпорындар көшіріліп әкелінеді деп мәлім еткен. Яғни, Қытайда салынып қойылған, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қазақ жеріне көшіріледі деп емеурін танытқан.

Мәселен, 2014 жылы сол кездегі үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ШЫҰ елдерінің елордада өткен отырысында қытайдан кәсіпорындардың көшірілетінін айтқан екен.

- Қазақстан ҚХР-дың өндіріс қуатын Қазақстан аумағына көшіру бағдарламасын толық қолдайды. Яғни, бұл жерде шикізаттық емес қуат секторы мен ондаған кәсіпорынды көшіру, миллиардтаған доллар инвестицияны елге тарту жайлы айтылып отыр. Бұл жақсы бастама, кейін ШЫҰ елдеріне де көшіруге ықпал етпек, - деген екен Кәрім Мәсімов.

Яғни, бұл жерде көрші елдердің сарапшылары мен саясаткерлеріне, елшілеріне, кәсіпорындардың көшірілетіндігі жайлы айтылып отыр.

Ал 2016 жылы қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға сапары кезінде де қытай зауыттары көшіріледі дегенді мәлімдеген.

- Екі елдің үкіметі Қытай мен Қазақстанның арасында өндірістік қуат көздерін көшіру туралы бағдарламаны жасап шықты. Мұның негізінде индустриализация мен инновация саласындағы қазақ-қытай серіктестігі жасаған жобалар жатыр. Қазіргі уақытта тізімге құны 26,2 млрд доллар болатын 551 жоба еніп отыр, - деген Назарбаев.

Кейін Елбасы Қазақстанға келгеннен кейін елде қытай зауыттары салынады деп мәлімдеме берген.

- Менің Қытай Халық Республикасына жасаған сапарым сәтті болды. Біз Қазақстан аумағында бірлесіп заманауи кәсіпорындар салу бойынша келісім жасадық. Бұған 51 нысан кіреді: оның екеуі салынды, тағы екеуі биыл салынады (2016 жыл – ред.), қалғандары бес жылдың ішінде салынып бітеді, - деп мәлімдеген.

Сол сынды қазіргі қазақ билігі де зауыттардың жаңадан салынатынын, ескі емес екендігін айтуда.

- Ресми түрде мәлімдеймін, ешқандай да ескі зауыт болмайды. Ешқайсысы Қытайдан көшірілетін зауыт емес. Барлық жоба жаңа, - деді премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек.

Айырмашылықты байқаған боларсыздар?

Fegananews.com

0 Пікір Кіру