Бауыржан Момышұлы туралы 11 дерек - на politic.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на politic.bugin.kz Қаракөз Амантай

Халық қаһарманы

Бауыржан Момышұлы — Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, сөзге шешен, стратег және тактик. Ол 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ ауылында туған. Дулат тайпасының Шымыр руынан.

1. Анасы Рәзия дүниеден ерте өтіп, Бауыржан 3 жасынан бастап Қызтумас әжесінің қолында өседі. Бала кездегі лақап аты «Шаңтимес» болған.

2. 1921 жылы бастауыш мектепте Аса интернатына түседі. 1924 жылдан бастап жеті жылдық мектепті Шымкент қаласында оқиды. Бұл сол өңірдегі 1924 жылы ашылған алғашқы жетіжылдық мектеп болатын. 1928 жылы мектепті үздік бітіріп, Орынбор қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түседі. 1928-1930 жылдары бастауыш мектепте ұстаздық еткен.

3. Бауыржанмен бір сыныпта Әбділда Тәжібаев және Құрманбек Сағындықов оқиды.

4. Кез келген салаға бірден бейімделіп, тез үйреніп алатының арқасында бірнеше жерде қызмет атқарған. Біраз уақыт аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы ретінде қызмет атқарады. Аудандық милицияда 6 айдай жұмыс істейді. Қаржы жағынан өте сауатты болған. Осы қабілетінің арқасында Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болып та қызмет еткен.

5. 1932 - 1934 жылдар аралығында Қызыл Армия қатарына қызмет етеді. 1933 жылы полк мектебін бітіреді.

6. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты.

7. Батальон командирі ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысты.

8. Кеңес дәуіріндегі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді.

9. Соғыс уақытында дивизия басқарған екі-ақ қазақ болған. Біріншісі – Бауыржан Момышұлы, екіншісі – Әбілқайыр Баймолдин.

10. Көрнекті жазушының орыс және қазақ тілдерінде жазып қалдырған «Бір түннің тарихы», «Ұшқан ұя» сияқты алғаш шыққан кітаптары мен одан кейін жазылған «Мәскеу үшін шайқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан» сияқты өзге де көптеген шығармалары оқырман жүрегіне жол тауып, көпшіліктің іздеп оқитын кітаптарының біріне айналды. Бұл шығармалардың барлығы да көптеген елдердің тілдеріне аударылып басылды.

11. Бауыржан Момышұлы бірнеше рет шаңырақ көтерген. Бірінші зайыбы Бибіжамал Мұқанқызынан Бақытжан есімді ұлы бар. Ұлы да жазушылықпен айналысқан. Екінші әйелі Вера Строева Бауыржанның әдебиетке келуіне әсер еткен. Клавдия Коркина атты сыған қызынан Елена есімді қыз дүниеге келген. Тағы бір әйелі Бақытжамал Қалибекқызымен 13 жыл бірге болған.

0 Пікір Кіру