Марғұлан Ақан

Шешілмейтін түйін жоқ, алайда...

Аптаның басы теңгені есеңгіретіп, соңы футболшыларымыздың сәтсіз ойындарымен аяқталды. БАҚ саласы мен әлеуметтік желідегі белсенді топтардың тақырыбына тұздық болған мәселелердің аңдатпасын Bugin.kz сайты тізбектеп ұсынып отыр. 


Теңгенің құнын кім сұрайды?

Ұйқыдан оянған қазақстандықтарды айырбастау орындарында күтпеген сандар күтіп тұрды. 1 доллардың құны бүгінгі таңда 379.65 теңгені көрсетіп тұр. Теңгенің құлдырап, доллардың өсуі басылар емес. Тіпті 400 теңгеден асып жығылатынын экономистер болжап отыр.

Доллардың өсуіне еті үйреніп кеткен халықтың «қыңқ» еткен мінезі болған жоқ. Себебі қазіргі доллардың өсуі халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті ішіп-жемнің бағасына әлі әсер еткен жоқ. Бірақ әсер етері анық. Себебі соңғы бірнеше жылдың ішінде доллар бағамының өсуіне байланысты заттардың да бірге-бір өскенін білеміз.

Халық сенім артып отырған Данияр Ақышев мырза 2019-2020 жылдары елде инфляция болатынын ашық айтты. Ендеше көретініміз әлі алда.



Оқуға орамал тағып барғандар...

Түркістан облысы Мақтарал ауданы Фердауси ауылында 5 қыркүйек күні мектептің алдына орамал таққан ондаған оқушы қыз келіп, сабаққа кіре алмады.

Білім және ғылым министрлігі 2016 жылы бекіткен №26 бұйрыққа сәйкес оқушылар мектепке форма киіп келуі және қандай да бір дінді насихаттайтын киім кимеуі керек делінген.

Үш күн қатарынан мектепке кіре алмаған қыздардың мәселесі жаппай әлеуметтік желінің «бас сақинасына» айналды. Қоғам қайраткерлерінен бастап, блогер, журналист өз ойын білдіріп жатты. Министрдің өзі арнайы комиссия құрылып, болған жағдайды реттейтінін айтты.



Бұл жайында белгілі журналист Өркен Кенжебек өзінің facebook әлеуметтік желісінде былай деп жазба қалдырды:

«Сонымен, біріншіге мүфтият қыздардың балиғат жасына байланысты пәтуа шығару керек. Өйткені, Ханафи мәзһабында балиғат жасы 11 жас болғанымен (бұл Куфа өңіріне берілген үкім), Қазақстанда қыздарымыз 11 жаста емес, 13-14 жаста балиғатқа толады. Ал орамалды балиғат жасына дейін кию парыз емес. Яғни біз қыздардың балиғат жасын 13-14 жас етіп бекіту арқылы бүлдіршіндерге хижаб кигізген ата-аналарға муфтияттың пәтуасын алға тартып, қарсы уәж айта аламыз.

Ал 13-14 жас, демек, 7-8 сыныпқа келіп, орамал тағып, ұзын юбка киемін десе ше? Мектеп формаларының ішінен бір үлгідегі орамалы мен үзын етегі бар киім үлгісін бекітуіміз керек. Қазір Қазақстанда Білім министрлігінде 15 мектеп формасы бекітілген. Осыларға қосып бір пішін, бір үлгідегі балама киім үлгісін жасасақ, азаматтардың Конституцияда көрсетілген ар-ождан және діни сенім бостандығы құқына нұқсан келтірмеуге болады. Еуропа мектептерінің өзінде гигеналық киім үлгісі ретінде "вандамка" кию дресс-коды қабылданған. Бұл зайырлылыққа қайшы емес.

Аллаға мәлім, әрине, бірақ, жеке ойымша, осы шешім болып қалуы мүмкін. Себебі, орамалмен келген қыз баланың ешқандай кінәсі жоқ. Олар қара жамылып келген жоқ. Олар зайырлы білім алуға, сол ел оқитын құрбақаның ішек құрылысы мен Аустралияның тарихын ақ орамалмен оқуға келіп отыр. «Бұл кәпір өкіметтің харам білімін оқытпаймыз» деп үйінен баласын шығармаса, онда әңгіме басқа. Бірінші сыныпқа баратын қызының басын орап тастаса да, әңгіме басқа. Олармен қайта қатал жұмыс жасау керек. Қақайса, мемлекет қақаю жағын қатырады. Ал оған қасарысқандар қызын орамалда оқыту үшін Қырғызстанға көшіп, не Ресейдің онлайн мектебіне түсіріп, не сыңаржақ ойлы протестті қауымның қатарын көбейте береді, көбейте береді. А нам это надо? Сондықтан, ортақ келісім керек, ағайын, онсыз болмайды».



Ал кеше ғана «Juz» кітабы жарық көрген, IT саласының маманы әрі блогер Садық Шерімбек мырза да бұл мәселені өзінше көтерді:

«Орамал мәселесі бүгін ғана болып отырған жоқ қой. Егер қазір шешілмесе әрі қарай үлкен мәселеге айналады. 6 жасар қызды орамалмен қаптап мектепке жіберудің логикасын ұғына алмай-ақ қойдым. Дәл сол қыздарын мектепке орамалмен жіберетін ата-аналар - барып тұрған эгоист һәм балаларын еш ойлағысы келмейтін адамдар деп есептеймін. Өзіңіз ойлап қараңыз, бүкіл мектептегі қыздардың шашы ашық жүреді. Олардың көбі діни мәселелерден хабары да жоқ. Сыныпқа басы оранған өздерімен қатар қыз кіріп келеді. Не істейді ол балалар? Әрине, ол орамалды қыздан алыс жүретін болады. Оның үстіне үйіне барып болған жағдайды айтса, кәдімгі қыздардың әке-шешелері "Ойбай, жолама ондайларға" дейді. Нәтижесінде, енді ғана мектепте барған кішкентай қыз қоғамнан оқшауланып, өзін бөтен сезініп депрессияға ұшырай бастайды. Ал, ол кезең балалардың қалыптасу кезеңі екенін ескерсек, әлгі қыздың болашағы қандай боларын ойлай беріңіз. Ол қыз болашақта ешкіммен араласпайтын болады. Есейген кезде қоғам оны қабылдағанымен, баланың санасында қалып кеткен комплекс пен реніштің соңы неге апаратынын есептей көріңіз...

Медреседе оқып шыққан соң, есейе келе көпшілік сыныптастарымызбен жолығып көрдік. Соның барлығы да кезінде максимум тақуалыққа ұмтылған жастар еді. Бірақ, сол қысымнан шыққан бойда бәрі өзгерді. Сіздерге айтайын, үлкен өмірге қадам басқан кезде, сол кезеңдегі діндар балалардың ішіндегі қысым көріп өскендері еең қуып кететіндердің қатарында болады. Кәдімгі жастар жасауы мүмкін күнәләрді он еселеп жасап, іштей жарылады. Ешкім өз баласына зорлап дін қабылдатуға қақысы жоқ. Дін әр адамның ақылы толысып, саналы түрде қабылдауы яки қабылдамауы тиіс нәрсе болуы керек.
Сондықтан, мектепке орамалсыз кіргізу - мемлекеттің қылмысы емес. Мектепте орамалмен жіберу - ата-ананың қылмысы. Һәм ол үшін жауап беруі тиіс сол ата-аналар.
Әрине, барлығымыз ұрпақтарымыздың болашағы жарқын болуын һәм адами қалыптан таймас ізгі жандар болып қалыптасуын қалаймыз. Дегенмен, тәрбие деген бір тұтам орамалмен берілмейді. Ол адамның санасында берілетін/қалыптасатын экосистема. Өздері әлі өмір көрмей, болмысы жай ғана діни романтикаға ұшыраған ата-ананың ақымақтығынан жас балалардың өмірі бұзылмасын!»




Лақ емес, тақымда кеткен «Көкпардың» өзі


Қырғыз елінде басталған ІІІ Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны кезінде «Көкпар» додасына дайындықсыз шыққан біздің жігіттер Өзбекстан құрамасына жеңілді. Алдына келгенін жұлып жейтін, тақым қысар жігіттердің бұл жеңілісін өзіміз емес, қырғыз ағайын көріп тұрып бетін басты. «Не масқара?» дегісі келгені болар, әйтпесе финалда қазақтың жігіттерімен кездесеміз деп отырған айыр қалпақ ағайынның үмітін желге ұшырдық.

Талас Бегалиевтің видеосынан кейін бірінің артынан бірі түрлі видеолар жарқ ете қалды. Сонда түсінгеніміз, біздің жігіттерді түнде ұйқысынан оятып алып кеткен, атсыз барған, дайындық жоқ, ақша бөлінбеген. Ал Ұлттық спорттың басында тізгін ұстап отырған Бекболат Тілеухановтың жауабына сүйенсек, қырғыздар бізден мықты әрі ұйымдастырушы тарап атты дайындап беру керек екен. Одан қала берді біздің жас құрама кеткен, ал ересектер үйде қалған.




Көкпар мәселесіне байланысты Нұраддин Садықов мырза өзінің жеке парақшасында жазба қалдырды:

«Соңғы күндері дауға ұласқан Дүниежүзілік көшпенділер ойына қатысты бір екі ойымды тағы да қоса кетсем.

Біріншіден, қырғыздар - бізге жаны ашығаннан болысып жатқан жоқ. Олардың да бізге деген бір бармағы бүгулі. Астанадағы көкпарда қамшы жеп кеткен кектері өз алдына, жалпы кез-келген жерде бізді тұқыртқысы, бізден басым болғысы кеп, сөйтіп өздерін дәлелдегісі келетін кембағал комплекс бар бойларында. Аударыспақ, тағы да басқа ойындардағы көпе-көрнеу әділетсіздіктері соған дәлел. Сондықтан, олар бізге бауыр деген иллюзиядан арылу керек. Біздің ез көкпаршылар (бірінші нөмірлері) сол қамшыдан қорқып келмесе, келгендері (екінші нөмірлі) қолдан ұтылып, тағы жер қылды. Меніңше, мұндай қадам - мынау девальвациялық даудан xалық назарын аудару үшін жасалған "отвлекающий маневр".
Біз көкпармен әуре боп жүргенде, теңгені "көкпар қып тартып" парша-паршасын шығарды...».

Спорттың өзінен саяси астар іздеп көрсек бұл шындыққа жанасатын жазба. Дегенмен жеңілдік. Жеңіліп қана қойған жоқпыз, ұят болды.


Үкіметтегі өзгеріс

Мемлекеттің ішкі саясатына өзгеріс керек екенін халық байқаса керек. 2 жыл отырған үкіметтің сеңі қозғалып, ауыс-түйістің басталатыны туралы хабар алыстан жетті. Әркім топшалап, болжам жасап әлек болып жатыр.

Өзгерістердің алдын Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев бастап, орнына Бақыт Сұлтановтың келуімен жалғасып жатыр.

Үкіметтегі өзгерістердің болуын Елбасы жақсы жағынан қарастырып отыр. Елдің дамуы мен әрі қарай табанды жұмыс жасауы үшін керек екенін атап айтты. Тіпті орын ауыстырып, орнынан кеткен шенеуніктерге алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі.

Халықтың ойында басқа мұң. Кім келіп-кетсе де елдің жағдайын ойласа дейді.



Доп ойнаған тозар

Қазақ футболының дамуына бірнеше бапкер ауысып үлесін қосуға тырысып келеді. Алайда баяғы жартас, сол бір жартас үйінде тұр. Кеше ғана «Ұлттар лигасында» 100 % жеңіп кетуге болатын Андорра елімен тең ойнап қалдық. Алдыңғы ойында жеңілгенімізді айта кету керек.

Жанкүйерлердің үмітін ақтай алмаған қазақ аяқ доп шеберлерінің енді қандай «сыйлық» дайындап отырғанын ойын көрсетеді.

Аптаның басты мәселелері осындай. Ел іші – алтын бесік. Бесіктің тербелгені керек, шайқалғанынан сақтасын.

0 Пікір Кіру