Сыр еліндегі сандар сипаты - на politic.bugin.kz
Рыскелді ЖАХМАН - на politic.bugin.kz Рыскелді ЖАХМАН

Жалпы, қай жерде болмасын статистиканың орны бөлек

Статистика – адам сүйсініп не күйініп оқитын бірден-бір ақпарат. Яғни, ол – әрдайым оқылымды материал. Сондықтан болар, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің әлсін-әлсін шолып тұратынымыз бар. Бұл жолы біз өз облысымызға қатысты біршама сандық деректерге тап болдық. Оны жүйелеп, оқырман қауымға ұсыну – тілшілік тіршілігіндегі міндетіміз. Ендеше...

2019 жылдың 1 маусымындағы дерек бойынша, облыстағы халық саны 798,5 мың адамды құрап отыр, оның ішінде қалалықтар – 354,4 мың (44,4%), ауылдықтар – 444,1 мың (55,6%). Сандардың сипатына мән берсек, әлі де ауылдықтардың үлес салмағы басым екенін байқаймыз. Қуанатын жайт, өткен жылғы дәл осы уақытпен салыстырғанда халық саны 10,8 мың адамға (1,4%) өскен.

АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілер жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2019 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында туылғандар саны – 7625 адам, бұл 2018 жылға қарағанда 0,5%-ға аз. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 23,6 туғандарды құрады.

2019 жылғы қаңтар-мамырындағы облыс халқының табиғи өсімі мұнан бір жылғы есеппен салыстырғанда 132 адамға (2,2%) кеміп, 5770 адамды құраған. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті – 1000 адамға шаққанда 17,45 адам.

Осы кезеңде қайтыс болғандар саны 1855 адам болса, бұл былтырғыға қарағанда 5,3%-ға көп. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 5,61 қайтыс болғандарды құрады. Облыста биыл (қаңтар-мамыр) 1 жасқа дейінгі 76 нәресте өлімі тіркелген. Аталған статистиканың өткен жылмен салыстырғанда 16,9%-ға көбейгенін байқаймыз. Нәресте өлім-жітімінің коэффициеті 1000 туғандарға шаққанда 9,97%-ды құрады.

Алдын ала алынған деректер бойынша, көші-қон алмасуы нәтижесінде жыл басынан бері (қаңтар-мамыр) Қызылорда облысынан 21429 адам кетіп, облысқа 19808 адам келген. Алыс және жақын шетелден – 12 адам (2018 жылы – 16 адам), республиканың басқа облыстарынан 3881 адам келген. Былтыр 3380 адам Сыр өңірінен тұрақ тапқан болатын.

Облыстан 5489 адам немесе жалпы көлемінің (25,6%) көшуі көбінесе республиканың басқа облыстарына қоныс аударуына байланысты болды. (2018 жылғы қаңтар-мамырында тиісінше 4728 адам немесе 30,7% кеткен еді).

Алыс және жақын шетелге 25 адам (2018 жылы – 23) көшті. Сыртқы және ішкі көші-қон нәтижесінде 2019 жылдың қаңтар-мамырында 1608 адамға, 2018 жылғы қаңтар-мамырында 1348 адамға кему дерегі тіркеліп отыр.

Сондай-ақ, облыстың 15915 тұрғыны Қызылорда аумағына тұрғылықты орын ауыстырған. (2018 жылғы қаңтар-мамырында – 10632 адам).


0 Пікір Кіру