Мектеп оқулығы адасып жүрсе, баланың қандай жазығы бар?

Мектеп оқулықтарының салмағы бір бөлек әңгіме. Енді 2-сынып оқулықтарының қазақ тіліндегі нұсқасында «қыркүйек» деген сөзді «қыргүйек» деп берген. Бұған наразы болған ата-аналардың басы қатып отыр.

 

Қазақ тілінде жарық көретін сөздіктердің бірен-сараны ғана осы бірізділікті қалыптастырған. Қалған лингвистикалық сөздіктердің өзінде «шекара» сөзі «шегара» деп жазылған.

Ахмет Байтұрсынұлының ізімен алсақ, қазақ тілінде сөз екі жақты қарастырылады: айтылуы және жазылуы. Бұл ана тіліміздің өзіндік ерекшелігі деуге де болады. Белгілі бір үндестік пен үйлесімге бағына отырып «қыркүйек» сөзі айтылған кезде «к» әрпі «г» әрпіне ауысып, ешқандай мағынасын бұзбай, формасын сақтап айтылады. Ал жазылған кезде сөз өзінің о бастағы түбірі мен жазылу формасын сақтай отырып «қыркүйек» деп жазылады.

Қазіргі БАҚ саласындағы үлкен қателіктердің бірі керісінше, жазылуына қарай оқып, фонетикалық заңдылықты бұзумен келеді. Мәселен «өлең» деген сөзді «өлөң» деп оқу керек. «Бара алмадым» деген сөзді журналситер дәл осы қалпында бөліп оқиды. Ал айтылуында «баралмадым» болуы керек еді.

Тілдің мәселесі өзекті болып тұрған қоғамда, айтылуы мен жазылуын ажырата алмайтын оқулықтарды басып шығарған баспа мен дайындаған авторлардың көздегені не екенін уақыттың өзі көрсетеді.

Марғұлан