Асқар Мамин барлық әкімге маңызды міндет жүктеді - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Ол Гүлшара Наушақызына бұл мәселені назарға алуын айтты

Барлық білім беру ұйымдары жұмысты бастауға 100 пайыз дайын болуы керек. Премьер-министр Асқар Мамин әкімдерге осындай міндет жүктеді.

«1 қыркүйекке дейін аз уақыт қалды. Өздеріңіз көріп отырғандай, шешілуі тиіс шұғыл шаруалар бар. Барлық білім беру ұйымдарының күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Барлық мектептердің 85 пайызы ғана жаңа оқу жылын бастауға дайын. Әкімдерге қойылатын міндет – барлық білім беру ұйымдары жұмысты бастауға 100 пайыз дайын болуы керек», - деді Үкімет басшысы бүгінгі отырыста.

Премьер-министр өз сөзінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысына оқулықтарды жеткізу мерзімі кешіктіріліп отырғанын ескертті.

«Қаржы уақытында бөлінбегендіктен Қостанай, Павлодар, Ақмола, Қызылорда облыстарында оқулықтар қажетті дәрежеде қамтамасыз етілмеуі мүмкін. Осы мәселені бақылауға алу керек. Балаларды мектепке тасымалдау мен ыстық тамақ беру мәселесі толық шешілмеген. Басты мәселе – көліктің жетіспеуі. Әсіресе, Түркістан мен СҚО-да. Шамамен 360 мектепте тиісті санаттағы отбасылардың оқушыларын тамақтандыру ұйымдастырылмаған. Өңір әкімдері осы мәселені шешуі керек. Гүлшара Наушақызы (Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова – авт), бұл мәселені назарға алыңыз», - деді Асқар Мамин.

inform.kz

0 Пікір Кіру