2019: Өзгелер үшін өзгеріс жылы, біз үшін – «Жастар жылы» - на politic.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на politic.bugin.kz Марғұлан Ақан

Әлем 2019 жылды қалай қарсы алды?

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы; Иран мен АҚШ арасындағы келіспеушілік; Гонконгтағы тәуелсіздік үшін болған митинг; Путинге қарсы шеру. Бұлар жердің әр кіндігінде болған оқиғалар тізбегінің бізге мәлім тұстары ғана. Ал осы жылы кезінде Кеңес одағының құрамында болған елдерде қандай оқиғалар орын алды?

Неге қазақстандықтар Зеленский президент болған кезде баладай қуанып, Мирзиеев саяси реформалар жасап жатқанда тамсана жазып, Атамбаев дегенде бүкіл қазақстандық БАҚ шуласып кетті?

Қарап отырсаңыз, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан КСРО-ның құрамында болған елдер.   

2019 жыл: Украинадағы өзгеріс

2019 жылдың 20 мамырынан бастап ресми түрде Украина президенті болған Зеленский алғашқы күннен бастап ішкі мәселелермен күресе бастады. Атап айтқан кезде, жемқорлықпен айналысып келген үлкен кәсіпорындар, депутаттар, қала берді халыққа бөлінген қаржының талан-таражға түскенін сынап, санаулы минуттар ішінде бірнеше миллиондаған ақшаны мемлекетке қайтаруға дейін барды.

Еліміздегі БАҚ Украина президентінің әр әрекетін аңдып, мақтауын асырып-ақ отыр. Солай болмасқа амал бар ма?! «Жас келсе, іске» демекші, үлкен саяси сахнадағы ойындардың құрбанына айналғаннан гөрі, өзінің дұрыс деп санаған принциптерін алға қойып, елдің дамуы үшін үлкен текетірестерге бара білген Зеленский қазір ел аузында. Қырым үшін де күресі басталды. Халықтың қалаған президенті таққа келді.

Өзбекстан – Орта Азиядағы қуатты мемлекетке айналады

Шавкат Мирзиеев ел билігін қолға алған күннен бастап, Каримов жүйесінен бас тартты. Бас тартып қана қойған жоқ, жақтастары мен отбасын, қыздарын биліктен кетуге мәжбүрледі. Жемқорлықпен күрестің үлгісін көрсету үшін бұрынғы президенттің қыздарын аяған жоқ.

Ұлыбританияның Financial Times газеті Өзбекстандағы саяси реформаға оң баға беріп, Мирзиеев билігін мақтап жазды. 23 жыл бойы «жабық есік» ішінде келе жатқан Өзбекстанның ашық әлемге шығуын тілге тиек етіп, Орта Азиядағы даму жағынан көш ілгері басып келе жатқан мемлекет ретінде атап көрсетті.

Көрші елдің жаңалығынан біз де кенде емеспіз. Жарыса жазып, біз де мақтадық. Әр өзгерісін көзбен көрген қазақстандықтар да Өзбекстанның дамуына сырттай тамсанып отыр. Бұдан өзге, Мирзиеев билікке келгелі елдегі бірқатар белсенділер, оппозициялық қайраткерлер және журналистер қамаудан босап шықты. Ғанихон Маматхонов осының бір дәлелі.

Қазақстанда да саяси қуғынға ұшырап, қамауда отырған белсенділер бар. 2009 жылдың мамыр айында тұтқындалған Мұхтар Жәкішевке қатысты 2019 жылдың 24 шілдесінде сот отырысы өтті. 10 жыл күткен үміт тағы ақталмады. Сот Жәкішевтің бостандыққа шығуын қанағаттандырмады.

Апта бойы аты атойлаған Атамбаев

Қырғызстандағы жағдай мәз емес. Бұған дейін де ел президенттерінің жиі ауысуы елдегі саяси шиеленістің асқынып тұрғанын көрсетті.

Білсеңіздер, Қырғыз республикасы «Сөз бостандығы» жағынан әлемде тоқсандыққа кіреді. Қазақстан 158-ші орында. Көрші елде азаматтық қоғам қалыптасып үлгерген. Халық билікке талап қояды, билік санасады. Санаспағанды көтеріліс арқылы орнынан алып тастау «әдетке» айналып кеткен.

Ел тізгінін ұстап отырған Сооронбай Жээнбеков бұрынғы мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаевтан «экс-президент» мәртебесін алып тастады. Оны бірнеше қылмысқа қатысы бар деп айыптап, сотқа шақырды. Ақыры, тағы бір үлкен саяси мәселенің куәгері болдық. Атамбаевты үйіне басып кіріп тұрып, ұстап әкетті. Анығы, өзі берілді. Алайда, сол күннің өзінде үй айналасында бұрынғы президентті қолдап келген халықтың да қарасы көп болды.

Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары Атамбаевтың атын сағат сайын жазып, көрші елде болып жатқан саяси жағдайға байланысты тұрақты түрде ақпарат таратты. Атамбаев үшін әлеуметтік желілерде өзара дау, екіге бөлінген қазақстандықтарды да көзіміз шалды.

Қазақстан: 2019 – Жастар жылы

Орта Азиядағы өзгерістің самалы қазақ еліне де жетті. Жылдың басында Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп атап, арнайы ашылу салтанатына қатысты. Қазақ елінің болашағы деп көретін ұрпақтың жартысынан көбі орыс тілінде баяндама жасап, ана тілге деген құрметтің қай деңгейде екенін де көрсетіп берді.

Наурыз айында біз түгілі әлем күтпеген жағдай орын алды. 30 жылға жуық елді басқарып келген Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттегін Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстап, өзі сырттай бақылаушы адам - Елбасы ретінде мәртебесін сақтап қалды.

Арада бірнеше апта өте салып, Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айының тоғызында елде сайлау өтетінін мәлімдеді. Бұл сайлаудан үміттенген, өзгеріс күткен халық Қосановқа дауыс беруге, елде саяси реформа жасауға ұмтылды. Нәтижесінде, президент ретінде таққа Тоқаев жайғасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев президент болған күні Елорданы «Нұр-Сұлтан» деп атауды және облыс орталықтарындағы негізгі көшелерді «Нұрсұлтан» деп атауға тапсырма берді.

Сайлаудан кейін ел ішінде бірнеше митинг, қарсылық басталды. Алайда, халықтың қорғаны болады деп білген әскери қызметкерлер (полиция)елдің өзіне қарсы шықты. Бейбіт тұрғындар ұсталып, бірнеше күн қамауда жатты. «Сөз бостандығын», «Демократияны», «Азаматтық қоғамды» талап еткендердің баратын жері уақытша қамау орыны болды.

Сонымен, 2019 жылды «Жастар жылы» деп атаған зайырлы мемлекетте жастар мәселесін көтеретін, оларға ел басқаруға мүмкіндік беретін, республикалық деңгейде бас біріктіретін конференция да, жиын да, шара да өткен жоқ. Анығы, биыл жастар жылы емес, әкімдерді тағайындау және қала мен көше атауларын ауыстыру жылы деуге әбден болады. Тек жүйе мен түсінік ауысқан жоқ.

Түйін.

Өзінде жоқты, өзінде болмаған өзгерісті өзгеден көріп жатқан қазақстандықтар үшін қазір ең өтімді тақырып - біз атап өткен елдер және олардың президенттері.

Елдегі үкіметтің айналасына қарап, өзгеріске түсетін кезі келді. Мемлекеттік БАҚ және полиция арқылы халықты басқарып отырған биліктің Өзбекстанға, Украинаға, Қырғызстанға, тіпті Ресейге де қарап таңдау жасайтын уақыты жетті. Айта кету керек, алынбайтын қамал болған Путинге де қарсы наразылық шеруі басталды.

Бізге де өзгеріс керек!

Сингапур, Малайзия, Грузия секілді елдердегі реформаларды айтпағанда, иек астындағы көрші елдердің өзі жаһандық дамуға, халықпен бірге көркеюге бет алды.  Бізге де азаматтық қоғам керек!

0 Пікір Кіру