Рэпер, блогер және концерт: Ресейдегі митинг «нағыз» наразылық па әлде кезекті «шоу» ма? (Видео) - на politic.bugin.kz
Kymbat Slyambekov - на politic.bugin.kz Kymbat Slyambekov

Ресей басылымдарына шолу

10 тамыз күні Ресейдің басты қалаларында әділ сайлау өткізуді және бұған дейінгі митингілерде ұсталған саяси тұтқындарды босатуды талап еткен ауқымды наразылық шаралары өтті. 

Мәселен, Мәскеу қаласының Сахарова даңғылына жиналған халықтың саны 50-60 мыңға дейін жеткен. Алайда Ішкі істер министрілігі митингіге 20 мыңнан артық адам жиналмағанын айтып, цифрды аз ғып көрсетіп отыр. Ал даңғылдың бойында қойылған «Ақ есептегіштің» санағынша, митингіге 60 мыңға жуық адам жиналған. Әрі ресейлік БАҚ-тардың барлығы мұны бір ауыздан ел өмірінде болған ең алғашқы ірі митинг ретінде бағалап отыр.

Жиналуға рұқсат

Бұл митингінің ерекшелігі де сол – рұқсат етілгендігінде. Жыл басынан бері Ресейде бес рет маштабты митинг өтті, оның екеуіне ғана өткізуге рұқсат етілген болатын. Ал 27 шілде мен 3 тамыз күндері өткен митингінің рұқсаты болмаған.

Ресейдегі Азаттық радиосының хабарлауынша, 27 шілде күні өткен Мәскеудегі митингіде 1300 адам ұсталса, бір аптадан кейін 3 тамыз күні өткен наразылықта 600 адам ұсталған. Ал 14 белсендіге қарсы қылмыстық іс ашылған. Алайда бұл ашылған қылмыстық істердің барлығы саяси блоггерлердің бірі, журналист Илья Варламовтың айтуынша, қолдан жасалған, жалған айыптар. Блогер оны дәлелдеу үшін 14 азаматтың да ісін санамалап береді.

- Мәселен, менеджер Сергей Абаничевті «полицияға банкі лақтырғаны» үшін ұсталғанымен, оның адвокатының айтуынша, Абаничевтің қолында кола құйылған қағаз стақан болған, оның өзінде оны полицияға емес, жерге қарай лақтырған. Ал Кирилл Жуков полицияның асфальтқа түсіп кеткен шлемін алып бермек болған жерінен ұсталған. Оны тәртіп сақшылары мұны билікке қарсы жасалған әрекет деп бағалаған, - деп жазды Варламов әлеуметтік желідегі аккаунтында.

  Саяси серкесі жоқ

Коммерсант басылымының мәліметінше, Сахаров даңғылына жиналған жұрттың алдында бұған дейін оппозициялық көзқарас танытып жүргендердің бірде-бірі болмаған. Яғни, митингтің өзі саяси көшбасшыларсыз өткен. Ал оларды билік рұқсат етілген сахнада сөз сөйлеуге жібермей қойған немесе митингінің алдында ұстап әкеткен. Солардың бірі – Мәскеу қалалық думасына сайланбақ болып, үміткерлігін ұсынған Любовь Соболь. Оны құқық қорғау қызметкерлері 10 тамыз күні таңертең ұстап әкеткен.

 Саяси басшының орнына – рэпер

Ал саяси басшылардың орнына рэпер Фэйса, IC3PEAK пен «Кровосток» сынды әртістер, Данила Поперечный атты блогерлер сөз сөйлеп, ән айтқан. Сонымен қатар, рұқсат етілген митингіге танымал блогер Юрий Дудь пен Амиран Сардаров, рэп әртісі Оксимирон да келген.

Ал Аргумент и факты басылымның хабарлауынша, билік жастар арасында танымал тұлғаға айналған жоғарыдағы әртістер мен блогерлер арқылы митингінің «мәнін» жоғалтып, маңыздылығын жоймақ болған. Ал митингінің өзі концерт сияқты өткен: ал келген жұрт концерт тамашалауға, музыканттарды көруге келгендей әсерде болғанға ұқсайды. Мәселен, бұған дейінгі сұхбаттарында саясатқа араласпайтындығын әрі оған қызықпайтынын айтқан Фэйс есімді әртістің «концерт-акцияда» реп оқығаны, басылымның ойынша, пиар жасаудың жолы болғанға ұқсайды.

 Бағдарламадан «шыққандар» ұсталды

Митингінің өзі бейбіт өткенімен, соңына қарай жиналған жұртты қаланың басқа аймағына қарай бастамақ белсенділер ұсталып, «рұқсат етілген» жерден басқа жаққа бет бұрғандар да құрықтауға ілінді. Барлығы 325 адам ұсталған. Оларға қандай айып тағылғаны әзірше белгісіз.


0 Пікір Кіру