Қазақстан үкіметін ғалымдар басқарып отыр - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Асқар Мамин жетекшілік ететін Қазақстан үкіметінің құрамында тоғыз ғалым-министр еңбек етіп келе жатыр

Министрлер кабинетінің ішінде кішігірім ғылым академиясын ашып алуға болады екен. Алайда Асқар Мамин бастаған ғалымдар әзірге ғылымды қоя тұрып, мемлекет ісімен айналысуда.

Сонымен Қазақстан үкіметіндегі ғалымдар кім дейсіз ғой. Премьер-министр Асқар Мамин мырза техника ғылымдарының кандидаты. Бұрынғы Целиноград инженер-құрлыс институтын аяқтаған (1987 жыл) үкімет басшысы 2003 жылы Ресей Федерациясы үкіметі жанындағы халық шаруашылық академиясында білім жетілдірілген. Қашан, қай тақырыпта ғылыми еңбек жазғаны жайлы ақпаратты өзі айтпаса, ғаламтордан таба алмадық.

Асқар ҰЗАҚБАЙҰЛЫНЫҢ бірінші орынбасары Әлихан СМАИЛОВТЫҢ ғылымға таласы жоқ болғанымен, басқа орынбасарлары ғылым саласына еңбек сіңірген екен.  

Премьер-министрдің орынбасарлары Жеңіс ҚАСЫМБЕК пен Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА экономика ғылымдарының кандидаты.

Қазақстан сыртқы істер министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ Қазақстан мен Ресей Федерациясында да жоғарғы білім алған министр. 36 жасында кандидаттық жұмысын қорғаған экономика ғылымдарының кандидаты. 

Қытай, ағылшын, орыс тілін меңгерген қорғаныс министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ та ғылымға түрен салған. Ол саясаттану ғылымдарының кандитаты болса, ішкі істер министрлігін басқаратын генерал Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ заң ғылымдарының кандидаты. Айтпақшы, оның диссертациясының тақырыбы күшті – «Билік немесе қызмет өкілеттілігінің шегінен шыққаны үшін қылмыстық жауапкершілік» деп аталады. Лауазымды қызметке осындай дайындықпен келген Тұрғымбаев мырза қызметін асыра пайдаланбауды жақсы меңгерген болар дейміз. Әйтпесе, 2004 жылдан бері кандидат деген атақты малданып жүре бермей, докторлық «қорғап» алуға да мүмкіндігі бар еді ғой.

Денсаулық сақтау министрі де білімге құмар ведомства басшыларының бірі. Елжан БІРТАНОВ Қазақстан, Ресей, АҚШ, Германияда білім алған шенеунік. 1998 жылы кандидаттық жұмыс сәтті қорғаған Біртанов 2010 жылы медицина ғылымдарының докторы атанды.

Үкімет мүшелерінің ішіндегі тағы бір доктор – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек САПАРБАЕВ. Зейнет жасынан асып кеткен 66 жастағы Бердібек МӘШБЕКҰЛЫ 1999 жылы экономика ғылымдарының докторы атанды. Профессор деген атағы тағы бар.

Министрлер кабинетіндегі ғалымдардың тізімін жуырда ғана Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫНЫҢ орнына келген мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА аяқтайды. Ол кісі бизнес-әкімшілік докторы.

Осылайша 20 министрдің жартысында ғылыми дәреже бар. Екі доктор (біреуі профессор!), алты кандидат. Министрлер кабинетінің сәнін келтіре түсу үшін қалғандары да өз еңбектерін жазып жатқан болар.

Жас Алаш

0 Пікір Кіру