Айтыскерлер кімді алдап жүр? - на politic.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на politic.bugin.kz Марғұлан Ақан

Айтыс

Біздің буынды айтыс теледидар арқылы «арбады» . Бастауыш сыныпта оқып жүрген балапан кезім. Үйге кірсем, бірі қалмай тайлы тұяғымен көк жәшікке телміріп отыр.

- Тыныш, Хатимолла ағаң айтып жатыр, - деді әкем.   

Бастапқыда үлкендердің айтуымен құлақ салғаныммен, сөз құдіреті «шымырлап бойға жайылса» керек ( Абай), сол сәттен бастап мен айтыстың тұрақты көрерменіне айналатынымды өзім де сезбей қалдым. Ол кезде пәлендей ештеңе ұғынып та жарытпаған шығармын, бірақ Қарагер домбыраның Алтай асып кеткені жадымда әлі жаңғырып тұр. Менің кітапқа, шығармашылыққа жақын болуыма, филолог болып қалыптасуыма тікелей әсер еткен осы айтыс өнері болатын.

Айтыс маған бар болмысымен қымбат. Сонау телеайтыстардан  бастап, жекпе жегі бар, чемпионаты бар, тіпті ел шулатқан әзілкеш Әлжаппаровтың лақпа айтысын да қалыс қалдырған жоқпын. Айтыстың ұйымдастыру форматы осылайша қырық құбылғанмен, аталған бірде бір түрдің ғұмыры ұзаққа бара қойған жоқ. Бұл, біріншіден, классикалық айтысты ештеңемен алмастыру мүмкін еместігіне дәлел деп білемін. Екіншіден, сөздің шыны керек, көбі бір сәттік сәтсіз тәжірибелер-тұғын. Оның үстіне қоғамда айтысқа деген қысымшылық  орын алды, бұл айтыстың теледидардан көрінуіне, көріне қалғанның өзінде, толық берілмеуіне әкеліп соқтырды. Осы жердегі басты ақиқат - халық қандай жағдайда да айтыстан алыстаған жоқ. Халықтық өнердің қай-қайсысы да дәл  айтыстай аудитория жинай алмайтыны айдай ақиқат.

Базбіреулер айтып жүргендей, айтыс тұралаған жоқ. Айтыс әлемінде жастардың легі көп. Аймақтарда айтыстар тұрақты  өтіп тұрады. Әрине, олардың түрлі деңгейде өтетінін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ әр айтыстың өзінше жаңалығы болғанына не жетсін! Жаңалық демекші, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан «Ұлы даланың ән мен жыры, ақындардың жеті қыры» атты   айтыскерлердің республикалық туры өткізілетіні туралы хабарды қуана қолдаған халық алаштың аймаңдай ақындарынан  құралған ұжымнан айырықша  жаңалық күткені анық.  Осы үміт ақталды ма десек, көңілшектерге күмілжімей, турасына көшейін, ұнамады. Айтысқа сусап барған қауымға ақындар жеті қыры тұрмақ, жөнді айтыс көрсетіп  жарытпады. Сараның әже туралы эстрадалық әні де, кеш қонағы Д.Болатовтың гитармен орындаған Балғынбектің сөзіне жазылған жаңа ән де «айтулы ақындар жазды» дейтіндей  емес, ортаңқол дүниелер.

Оған қарағанда жұртшылық  Жандарбек пен Балғынбектің жарыса жыр оқуын жақсы қабылдады. Әсіресе, Айтақынұлының әлеуметтік желі арқылы кеңінен танымал «Кешірім», «Қызым, саған айтамын» өлеңдерін өз оқуында тағы бір тыңдау артықтық еткен жоқ.

Бірақ қос ақынның әзіл әңгімелерін  сәтті дей алмаспыз. Ел арасында «ақындар айтты» деген тапқыр сөздер жетерлік, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазиннің  жинауында да біршамасы барын білуші ек. Бірақ Балғынбектің айтары  Есенқұлдың «байтал» турасындағы сөздерінен аспағаны өкінішті.

Ақындардың түрлі айтыстарда айтылған өлеңдерін топтастыра  толғауларын дұрыс делік. Бірақ айтыссүйер қауым үшін  көпке таныс дүниелер болғандықтан, аса өтімді болмады-ау. Әйтпесе,

-         Ойпырмай, біздің елде футболшыға

Мемлекеттің құрметі неткен бөлек.

Кем дегенде 30 мың доллар алып,

Айлықтары аспанға кетті өрмелеп.

Сонша ақша алатындай футболшылар

Сол допты жетістіріп тепкен де жоқ,

Ал енді арып ашып ұстаздар жүр

Елінің ертеңі үшін еткен көмек, -  деп келетін Жандарбек толғауының шұрайлылығына шек келтірмейміз. 

Кештің әнші Дәулеттен өзге тағы бір қонағы - тараздық ақын Ә. Дүйсебаев. Айтыскерлігінен әншілігі басым Әсеттің есімі  айтыссүйер жұртшылыққа жақсы таныс болса керек. Бірақ бұл жолы Әсеттің арқыраған арыны ашылмады. Өз бауырым болса қайтейін, Әсетке қарсылас болған  Мұрадым да мандытпады.

Осы жобаның қайырымдылық шарасы кеш барысының кем-кетігін жауып, тігісін жатқызған  ізгі іс болды.  

Әлқисса, кештің Құлмамбет айтыспен түйінделетіні белгілі болды. «Табан асты жауаптасудан тұратын айтыстың бұл түрі кешті жандандырып бітірер» деп  көңілдене бастап ек,  бұл қуанышымыз көп өтпей, су сепкендей басылды. Сараның аузын ашып, «президентке келін деп» Жандарбектің көп тиісетінін айта бастағанынан, бұл күні кешегі Балғынбектің шығармашылық кешінен  сөзбе сөз қайталау екенін ұғу қиын емес-ті. Соңғы жағына ғана ақындар  аз-мұз жайттарды қосқандай болды. Бірақ соның қосылмағаны да дұрыс еді. Себебі  «плавки, дамбалдың» ( кешірерсіздер, менің сөзім емес) айналасындағы әңгімеден не абырой? Жандарбек тапқан «иманды айғыр» деген қолданыс көркемдік болып па?  

«Рухани кеш» деп аталғанымен, атына сай   атына сай  тұщымды әңгіме де бола қойған жоқ.  Осыдан-ақ кеш деңгейін саралай беріңіз.

«Ақындардың жеті қыры» деген сөз көп айтылды. Жалпы синкреттік өнер айтыстың өкілдеріне «жеті қыр» деген сөз аса таңсық болмаса керек. Айтыссүйер қауым Аманжолдың  ғалымдығы мен сал-серілігін, жоғарыда аталған Серікзаттың  ұстаздығы мен аудармашылығын, Дәулеткерейдің жазба ақындығы мен саятшылығын, Дидардың  әнші-термешілігін жақсы біледі.

Жалпы «ақындықтың жеті қыры» деп ат қойып, айдар тағып, тек төрт ақынды бөлектеудің қаншалықты қажеттігі болды? Айнұр мен Балғынбектің шығармашылық кештері Астанада жоғары деңгейде өтті, ал мына жоба неге жетім қыздың тойындай? Әлде «алшақта жатқан аймақтарға бәрі де жарай береді» деген пасық көзқарас па? Әлде бұл айтыс туралы бейхабар аудиторияға арналған жоба ма? Жалпы жоба атаулыға  мағыналы мазмұны, жүйелі сценарийі бекітілмей, қалайша  қаржы  бөлінеді?  Біз фонограммалы әншілерге өкпе артамыз, ал  алты алаш алақанында аялаған  ақындардың танымалдықтарын малданған мына әрекетін қалай бағамдаймыз? Басқасы басқа, министрлікке тиесілі жоба бола тұра, не жергілікті биліктің, не мәдениет басқармасы өкілдерінің бұл кешке бас сұқпауы  қалай?...

Динара Қыдырбайқызы

qalamger.kz

0 Пікір Кіру