Қаракөз Амантай

Қазақстан Қытайға нота жіберді

Ведомство осы жағдайға байланысты Қытай тарапының да тиісінше жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Астана қаласындағы ҚХР елшілігіне дипломатиялық нота бағыттады. Мұндай шараның қолға алынуына Қытайдан Қазақстанға келе алмай отырған азаматтардың балаларының көмек сұрауы себеп болды.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, дәл қазір ведомство алған ақпаратты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Бұл жағдайдан хабардармыз. Келіссөздер жүргізіп жатырмыз, Қытай тарапы да тиісінше жұмыс істеуде. Астана қаласындағы Қытай елшілігіне дипломатиялық нота жіберілді", — деді сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі брифинг барысында.

Смадияров дипломатиялық нотаға сыртқы саяси ведомствоның Қытай тарапы тексеруі тиіс барлық ақпаратты енгізгенін айтып өтті.

Көмекке мұқтаж балалардың ішінде Қазақстандағы СІМ-ге ресми сауал жібермегендер де бар. Ведомство бұл балаларға қажетті құжаттардың барлығын жинап, министрлікке жазуға кеңес берді.

Журналистердің тексеруге қанша уақыт кететініне қатысты сауалына СІМ өкілі процестің қиын әрі ұзақ мерзімге ұласатынын айтты.

СІМ Қытайға сауал жібермес бұрын қолда бар мәліметті құқық қорғау органдарындағы ақпаратпен салыстырады. Осыдан кейін дәл осындай механизм Қытайда жүзеге асады.

"Бұл істің аяқталуына қатысты нақты мерзімді айта алмаймыз. Біз Қытай тарапынан жауап күтіп отырмыз", — деді ведомствоның ресми өкілі.

Қытайдың Синьцзян аймағынан қоныс аударып келгендер Алматыда өткен брифингте кей балалардың Қытайдан белгілі бір себептермен шыға алмай отырған ата-аналарымен қауыша алмай отырғанын айтып, Қазақстанның басшылығы мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарын көмектесуге шақырды.

Дереккөз: sputniknews.kz

0 Пікір Кіру