Аштық куәгері: «Адамдар киіз қайнатып жемек болды, оны да кәмпескеледі» - на politic.bugin.kz
Асхат Қасенғали - на politic.bugin.kz Асхат Қасенғали

Қазақтың қайғылы тарихы

Қазақ тарихындағы ең қасіретті, ең ауыр жылдардың бірі «Ұлы жұт» немесе «Ұлы Аштық» жылдары екені анық. Миллиондаған халық аштан өліп, тау мен таста, ну мен суда өліктері үйіліп жатты. Бұл кезеңді үлкен күрсініспен, орасан зор қайғымен еске алмау мүмкін емес.

Шындығына келгенде қазақ халқы 20 ғасырдың 30-жылдары жер бетінен жойылудың алдында тұрды. Ғасырлар бойы Патшалық Ресейдің үздіксіз озбырлығы, сансыз көтерілістер мен Кеңес Үкіметінің орнауы, артынша 1920-21 жылдардағы аштық пен күштеп ұжымдастыру, ЖЭС-тың (жаңа экономикалық саясат) салдарынан байдың да, бұқараның да малын тартып алып, халықты аштан қыруы қазақтың санын еселеп азайта берді. 1930-33 жылдары орын алған, қазақты түбегейлі құрту саясатының ең жоғарғы сатысындағы аштық жайлы бүгінде үлкен зерттеулер мен жұмыстар жасалуда. Президент Архиві 2016 жылдан бастап 1930-33 жылдардағы аштықта қаза болғандардың мәліметтер базасын жасау және сол кезеңді зерттеудің үлкен жұмысын іске асырып жатыр.      

Аштық жылдарының куәгерлері болған жандардың естеліктері бүгінгі таңда том-том кітап болып шығуда. Естеліктердің бірнешеуін назарыңызға ұсынсақ.      

Қайдар Алдажұманов өз естелігінде: «1931 жылы Қарағанды қала болып жарияланды. Сол уақытта онда бар-жоғы 13 мың жан тұратын. Ал екі жылдан кейін ондағы халық саны 147 мыңға жетті. Халық санының бұлай артуы аштықпен байланысты еді. Мыңдаған адам қалаға келіп, аштықтан құтылуды ойлады.  Кейбірі шахтаға жұмысқа тұрды. Бірақ кейіннен қалаға кіргізбеу мақсатында биік бөгеттер орнатылды. Сөйтіп мыңдаған халық сол бөгеттердің алдында жан тапсырды» — дейді.      

Ал ақын Ғафу Қайырбеков(Валерий Михайловтың «Ұлы Жұттың жылнамасы» еңбегінен) өз естелігінде: «Менің бір естелігім Торғаймен тікелей байланысты. Бұл аудан орталығы болған қала. Биік төбеде тұр. Торғайдың маңында үлкен өзен бар. Қаланың барлық көшелері сол өзенге алып баратын. Біз бала болғандықтан, сол маңға жалаңаяқ жүгіріп жететінбіз. Ал жанымызда көптеген ересек жандар бар, олардың жүруге шамасы жоқ. Еңбектейтін. Қалжырап жерде жатып, сәлден кейін жерді тырмалап, қайта жылжитын. Ал кейбірі қозғалмастан жатып, жан тапсыратын. Өзенге жеткенше бірнеше адам мүрдесін басып өтуге тура келетін. Өзеннің бойында мал соятын…Аш адамдар сол үшін жанталаса еңбектейтін еді. Жеткендері малдың қанын ішетін» — деген жантүршігерлік оқиғамен бөліскен.    

Аштық жылдарын басынан кешірген Күлімхан Ақбайжанқызы сол уақыт жайлы: «Біз ол кезеңде бала едік. Бір үйде бес бала болдық. Анамыз жейтін түк таппаған соң, тонды керісінше төңкеріп, астарына төрт-бес бидай тастайтын. Соны тонның арасынан табамыз дегенше, шаршап ұйықтап қалатын едік. Аштықта менің үш ағам қаза тапты. Қытайға өтіп кетпесек, бізде өлер едік. Кейіннен анам адамдар тіпті киізді қайнатып жемек болған, оны да тәркілеп, кәмпескелеп әкететін деп айтып отырушы еді» – деп зобалаң жылдарды көзіне жас келіп, есіне алады.    

Айта берсе, әрине мұндай естеліктер өте көп. Аштық жылдары әлі өзінің тарихи бағасын алмаған аса ауыр тақырып. Бұл қолдан жасалған адамзат тарихындағы ең ауыр қылмыс. Бұл қазақ халқына жасалған сұмдық геноцид. Шекара маңында тұрған халық Қытайға, Өзбекстан мен Қырғызстанға, Ресейге, Түркіменстан мен Иранға ауып кетті. Ол жақта да көрмеген қорлығы жоқ. 1930-1933 жылдары аштықтан 2,5 млннан бастап 4 млнға дейін халық қырылған. Анығы қазақ халқы. Кей зерттеушілер бұл көрсеткішті халықтың 40-50% десе, енді бірі 75% деп көрсетіп жүр. Күллі әлем Украинадағы аштықты геноцид ретінде мойындағанымен, Қазақстандағы аштыққа әлі ондай көзқараста емес. Ендеше әлемнің назарын бұл мәселеге біз аудартуға тиіспіз. Мақаланы жазу барысында кей мәліметтерді http://kazakh-zerno.kz сайтынан алдым.

0 Пікір Кіру