Бақытжан Сағынтаев жастармен кездесті - на politic.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на politic.bugin.kz Қаракөз Амантай

Жастар жылы аясында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің төрағасы Бақытжан Сағынтаев жастармен кездесті. Бұл туралы Inform.kz хабарлайды.

Шара барысында республикалық жастар ұйымдарының жетекшілері Мемлекеттік хатшыны өз ұйымдарының қызметі және олардың Жастар жылы аясында жүргізіп жатқан жұмысы жөнінде хабардар етті.

Б.Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмалары бойынша бүгінгі таңда жастардың әл-ауқатын жақсартуға, олардың сапалы білімге, денсаулық сақтау қызметіне қол жеткізуіне, баспана жағдайын түзетуіне, бос уақыттарының дұрыс ұйымдастырылып, өмірден өз орынын табуына бағытталған маңызды әлеуметтік жобалар қарастырылғанына тоқталып өтті.

Мемлекеттік хатшы Елбасының жастар саясаты саласында алға қойған міндеттерін тиімді жүзеге асыру ісінде мемлекеттік органдар мен жастардың үкіметтік емес ұйымдары бірлесе күш-жігер жұмсауы қажеттігін айтты. Бұл ретте ол еліміздің барлық жастарын Жастар жылы аясында іске асырылып жатқан жобаларға белсене атсалысуға, өз-өзін жетілдіру, білім деңгейін көтеру және кәсіби біліктілігін арттыру жолында жаңадан енгізілген «әлеуметтік лифт» мүмкіндіктерін пайдалануға үндеді.

Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы жастар еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторына айналуға тиіс екендігін атап өтті.

0 Пікір Кіру