Қазақстанға гендерлік саясат керек пе? - на politic.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на politic.bugin.kz Қаракөз Амантай

Мектеп директоры, депутат, саясаткер Самал Сақтасынқызымен сұқбат

XXI ғасыр - әйел мен ер адам дәрежесінің теңесіп, нәзікжандылардың заман ағымына сай дамуына, өсуіне мүмкіндік берді. Қоғамда, отбасында әйелдердің аналық құқығын қорғай отырып, оларға зорлық-зомбылық көрсетпеу – гендерлік саясаттың басты міндеті. Сондықтан, заман ағымына сай, дамушы ел ретінде бізге гендерлік саясат қажет. Себебі, ана мен бала құқығын қорғау қашан да басты назарда.
Бүгінде Қазақстанда гендерлік саясаттың даму қарқыны жақсы. Гендерлік саясат жеке тұлғаның іс-қиымылын анықтайтын әлеуметтік жыныс болғандықтан, конституцияға сәйкес әйел мен ерлер арасында тең құқықты және бостандықты орнатады. Қазіргі таңда тек үй шаруасымен шектеліп отырған нәзікжандыларды сирек кездестіреміз. Қызмет пен отбасын қатар алып, үйінде аяулы ана, сүйікті жар болса, ал қызмет бабында іскер әйел болып жүргендер өте көп. Гендерлік саясаттың одан әрі қарқынды дамуы үшін әйел адам саяси және қоғамдық өмірге араласу қажет.
Жалпы, қазақ халқы ер адам әйелден бір саты жоғары тұру керектігін айтады. Дегенмен, бұл отбасы жағдайында орнығатын мәселе деп қарастырғанымыз дұрыс. Сондықтан, үйде бала тәрбиелеп, жолдасының көңілін тауып, ал қызметте мансаптық өсуді көздейтін іскер әйелдер үшін жұмыс орындарында жағдай жасалған. Білімі мен біліктілігі ұштасқан арулардың дамуына еш кедергі жоқ.
Гендерлік теңдік деңгейі жоғарылаған сайын, отбасы мүшелерінің өздерінің тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігі, тепе-теңдігі мен нәтижелігі жоғары болады.
Бүгінгі кейіпкеріміз Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың кенті, № 1 ЖООБ мектебінің директоры, депутат Самал Сақтасынқызы әйел мен ер адамның қоғамдағы ролін, гендерлік саясаттың маңыздылығы, ана мен бала құқығы жөнінде сұқбат берді. Бүгінде көпшілікке сыйлы, аяулы ана, асыл жар, ұлағатты ұстаз, саясаткер Самал ханым гендерлік саясаттың қоғамға қажет екенін және әйел ролін күшейту үшін заңмен қорғалатын  жеңілдіктер қарастыру керектігін айтады.

Buginnen basta: Самал ханым, ең алдымен өзіңіз туралы, отбасылық жағдай мен қызмет бабыңыз жайлы тарқатып айтып берсеңіз.

Мен 1971 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аякөз қаласында дүниеге келдім. Ол кезде теміржолшылардың балалары оқитын №58 мектепті 1988 жылы "Күміс медальга" аяқтап, арман қуып,  жоғары білім алсам деп Алматыға аттандым. Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің физика-математика факультетіне емтихансыз қабылдандым. Мектепте белсенді оқушы, пионер, комсомол ұйымдарының төрайымы болдым. Институтта да белсенді студенттердің қатарынан көріндім. Еңбек жолымды Алматыдағы №161 көпсалалы гимназияның физика пәні мұғалімі қызметінен бастадым. 1994 жылы тұрмысқа шығып, жолдасым политехникалық институтты тәмамдаған соң Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың кентіне келдік. Ол Майкөбен көмір разрезіне тау кен инженері болып, мен мектепке мұғалім болып жұмысқа орналастық. Содан 25 жыл осы жерде қызмет етіп келеміз. Қарапайым мұғалімнен бастап мектеп директоры қызметіне көтерілдім. 4 балам бар. Оның үшеуі қыз, біреуі ұл. Сонымен қатар жиен-немерем де бар.

Buginnen basta: Тұрмысқа шықпастан бұрын қандай мақсатыңыз болды? Мансап жолында өсуді көздедіңіз бе? Әлде отбасылық өмірді бірінші орынға қойдыңыз ба?

Өз басым мансап қуатын адам емеспін. Отбасыны әрқашан бірінші орынға қоямын. Оқуды бітірген соң мұғалім болып 10 жылдай қызмет  атқардым. Балаларым дүниеге келді. Бар білгенімді алдыма келген оқушының бойына сіңіруге тырыстым, болашақтағы мамандығына пайдасы тисе екен деген мақсатта жұмыс істедім. Бала кезден бойымда қалыптасқан тәрбие болар, белсенді болдым, сабақ бере жүріп оқушылар мен мұғалімдер арасында түрлі іс-шараларды ұйымдастыратынмын. Осы қабілетімді байқаған сол кездегі мектеп басшысы мені тәрбие ісінің меңгерушісі етіп қойды. Алғашында қорықтым, үлкен жауапкершілік, бүкіл мектептің тәрбие ісін дөңгелетіп әкету оңай болған жоқ. Бірақ өзімнің күш жігеріме, біліміме сеніп, бұл жұмысты 9 жыл атқардым. Дғгенмен, қандай жұмыс атқарсам да мен отбасымды бірінші орынға қоятын адаммын.

Buginnen basta: Мемлекеттік жұмыста қызмет атқарасыз. Мектеп директоры мен депутатттық жұмысты қатар алып жүру оңай дүние емес. Қызмет пен отбасылық өмірге қалай үлгересіз?

Қандай жұмыс атқарсақ та өзінің қиыншылығы болады. Басшы болу оңай емес. Басшысы сабырсыз елдің - берекесі қашады. Мен қандай жағдай болмасын ашуға бой алдырмай кез келген нәрсеге сабырлықпен қарауға тырысамын. Депутаттық пен директорлық жұмысты қатар алып жүру қиын, бірақ халықтың қалаулысы болған соң сенімін ақтауға міндеттімін. Отбасының берекесі - ол барлық жұмыстың алтын қазығы. Отбасыңда қолдау болған соң маған екі қызметті қатар алып жүру қиынға соқпады. Керісінше бір-бірін толықтырып отырамын.

Buginnen basta: Диплом ұстағандардың барлығы ұстаз емес. Қазіргі кезде "ұстаз" сөзінің мағынасын терең түсінбейтін адамдар көп. Ал ұстаз деген құрметке ие болу үшін мұғалім қандай болуы керек?

Өте орынды сұрақ. Ұстаз болу ол жүректің қалауымен болуы керек. Ұстаз ең бірінші білімді, жан-жақты дамыған әрі кез келген баланың жүрегіне жол таба білсе, оқушы ұстазын өзінің ең жақын адамы ретінде қабылдай алса, оқушының жан дүниесін түсіне білсе, оған дұрыс бағыт бағдар беруге қабілетті болса ол - нағыз ұстаз.

Buginnen basta: Мектепте директорсыз, ал үй жағдайында қандай ана, қандай жарсыз? Қызметтегі және үйдегі Самал ханымның бір-бірінен айырмашылығы қандай? Мектептегі ережені, үй жағдайында қолданасыз ба?

Мен жалпы өмірде қарапайым адаммын. Үйде әйел, ана, ролін атқарамын. Мектептегі проблеманы үйге әкелмеймін. Табалдырықтан аттаған соң отбасы, ошақ қасы жұмысымен айналысамын. Қызметтегі Самал ханым тек мектеп өмірімен айналысса, үйде қарапайым ошақ басындағы ана.

Buginnen basta: Үйіңізде кім басшы?

Үйде басшы жоқ. Қазақ қашанда ері тұрғанда әйелі сөйлемеген. Отағасымен ақылдасып, ортақ шешім шығарып, отбасының берекесін қашырмауға тырысамыз.

Buginnen basta: Мектеп директоры қандай болуы керек?

Мектеп директоры әріптес-серіктес, сыншы дос бола білуі керек.

Buginnen basta: Балаларыңыздың тәрбиесіне толыққанды көңіл бөлесіз бе? Бала тәрбиелеуде қандай қағидаларды ұстанасыз?

Балаларымның тәрбиесін көзден таса қылмауға тырысамын. Бала тәрбиелеуде бір жаттанды қағида ұстанбаймын. Балаларыма ибалы, шыншыл, үлкенді құрметтейтін, адал, еңбекке қабілетті азамат болыңдар деп ескерьіп отырамын. 

Buginnen basta: Отбасындағы ер мен әйел адамның ролі?

Отбасында ер мен әйелдің ролі маңызды. Ешқашан ерімнің арына тиіп, намысын таптап көрген емеспін. Әкенің орны жоғары, ерекше екенін балаларыма әркез айтып отырамын. Еркектің ісіне араласпаймын.

Buginnen basta: Қызметте өсуіңіз отбасылық өмірге кедергісін келтірген кез болды ма?

Жалпы педагогикалық өтілімнің 25 жылы ішінде 15 жыл басшылық қызметте екенмін. Егер отбасында қолдау болмаса, әйел адамның басшылықта жүруі қиын болады. Осы жағына келгенде отағасына алғысым шексіз. Үнемі қиындықта қолдап, отбасы берекесін сақтап келеді. 

Buginnen basta: Бүгінде отбасылық өмірді кейінге қалдырып, мансаптық жолды бірніші орынға қоятын нәзікжандылардың саны жыл санап артып келеді. Бұған сіздің пікіріңіз?

Ұлттың ұлт болып сақталып қалуы үшін ананың ролі ерекше деп ойлаймын. Себебі, қыз бала ол ұрпақ өсіріп, отбасының ұйытқысы болу үшін жаралған. Қазақ әрқашан қызын өз үйінде төрге отырғызып, қонақ ретінде ұстаған. Өзге отбасына барғанда қыз бала қонақ емес, барған жерін көркейтемін, бақытты ұрпақ әкелемін деп баруы тиіс. Барған жерінде дәм тұзы жарасып, отбасылық бақытты өмір болса, қызмет, дәреже барлығы болады. Тек алға дұрыс мақсат қоя білу керек.

Buginnen basta: Қазақстандағы гендерлік саясаттың қазіргі даму үрдістері қандай және ол қай бағытта дамуға тиіс деп санайсыз?

Қазақстанда гендерлік саясат қарқынды даму үстінде. Кедергілер көп, дегенмен бүгінгі таңда қай іс ің қасында болсын нәзік жандар баршылық. Қоғамда әйел ролін күшейту үшін заңмен қорғалатын  жеңілдіктер қарастыру керек сияқты. Қаншама өндірісте ауыр жұмыста жүрген әйелдер бар, соларға жеңілдіктер қарастыру керек. Әйел адамдарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қолдау қажет.

Buginnen basta: Қазақстанға жалпы гендерлік саясат керек пе?

Қазақстанға гендерлік саясат керек, ол бүгінгі қоғам сұранысы. Өркениеттің басы-қасында әйел адамның болуы маңызды.

Buginnen basta: Дәл қазір еліміз үшін демографиялық өсім, яғни, халық санын көбейту өте маңызды. Гендерлік саясаттың осы үдеріске қандай ықпалы болуы мүмкін?

Сауатты жүргізілген гендерлік саясат елдің демографиялық жағдайына оң септігін тигізбесе, зиян келтіреді деп ойламаймын. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы әйелдің неге көп балалы ана атанбасқа.

Buginnen basta: Гендерлік саясаттың дамуы ер мен әйелдің арасында түсініспеушілік тудырады деп ойламайсыз ба?

Гендерлік саясат  негізінен әр отбасында болуы керек. Сол саясат үйде дұрыс болса, онда қоғамдағы гендерлік саясат одан күшеймесе, ықпалы кемімейді. Отбасындағы гендерлік саясатта отбасы мүшелері өз орындарын білсе, ақылмен шешілсе, қоғамда да ол солай болуға тырысады.

Buginnen basta: Өзіңіз қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүрген үлгілі жанның бірісіз. Осы тұрғыда қыз-келіншектерге қандай кеңес бересіз?

Өзімнің сіңлілеріме айтарым - бүгінгі қоғамда өмір сүру қиын. Бірақ өмір болған соң қиыны мен жеңілі қатар жүреді. Қиындыққа мойымай, алдыға үлкен мақсат қойып, сол мақсатқа жету керек. Әйел адам нәзік жанды болып келеді, нәзіктіктің бір пернесі үзілсе өмірден түңіліп, қоғамға өкпелеудің қажеті жоқ. Керісінше сол пернені қайта жалғап, алға ұмтылған дұрыс. Еңбектенген адам ешқашан өмірде сыбағасыз қалмайды. Бәрі адамның өз қолында. Өмір сонысымен қызық. Алланың берген ғұмырында өзіңе тиесілі өмірдің сыйы болады, кандай сый болса да төзімділік пен шыдамдылық, сабырлық жеңіске алып келетініне сену керек. Ең бастысы өмірде отбасылық пен ұлттық құндылықты сақтаңдар. Бәрі де бақытты болуға лайықты.

Самал Сақтасынқызы, тағылымға толы сұқбатыңызға көп рақмет! 

0 Пікір Кіру