Бүгін ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні  - на politic.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на politic.bugin.kz Марғұлан Ақан

Әлихан Бөкейхан – Алаш азаматы

Алаштың ардақты азаматы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың бүгін дүниеге келген күні. 1866 жылы 5 наурызда Қарқаралы уезінде дүние есігін ашқан Әлихан Нұрмұхамедұлына 153 жыл толып отыр.

Әлихан Бөкейханның кейінге қалдырған бай ғылыми-публицистік мұрасының тек библиографиялық көрсеткішінің өзі ғана отыз беттен асады. Әлиханның мыңға жуық мақала мен очерктен және тағы басқа туындыдан тұратын ғылыми- публицистикасы 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін және одан кейінгі 1927 жылға дейін елуден астам қазақ және орыс газет-журналдарында, оның ішінде төңкеріске дейін ғана отызға жуық қазақ-орыс басылымдарында жарық көрді.

Әлиханның қаламынан шығып түрлі мерзімді басылымнан жарық көрген туындыларының географиясы да қазіргі кең байтақ Еуразия кеңістігін қамтиды. Оның ең алғашқы бір топ мақаласы 1889 жылы Дала генерал-губернаторының ресми үнқағазы ретінде омбыда шығып тұрған «Особые прибавленія къ «Акмолинскимъ областнымъ ведомстямъ» газеті мен оның қазақша қосымшасы «Дала уалаятының газетінен» көрінсе, көп ұзамай оның түрлі бүркеніш есімі көрсетілген туындыларын 1917 жылғы Ақпан төңкерісі мен Қазан бүлігіне дейінгі бір омбының ғана «Степной край», «Степной піонеръ», «Омичъ», «Иртышъ», «Голосъ степи», Семейдің «Семипалатинскіе областыне ведомсти», Ташкенттің «Туркестанскіе ведомсти», Орынбордың «Қазақ» газеті мен қазақтың тұңғыш «Айқап» журналынан тағы басқа да басылымдардан жиі ұшыратуға болады.

1917 жылдың күзіндегі Қазан бүлігінен кейінгі кезеңде, әсіресе Совет өкіметінің күштеуімен Мәскеуде тұруға мәжбүр болған (1922-1937 жж.) кезеңде оның қайсыбір ғылыми-публицистикалық мақала-материалын жарияламаған қазақ тілінде газет-журналдар кемде-кем болғанын мойындау керек. Мейле ол тіпті Мәскеуде болсын, Қазақстанның өз ішінде болсын жарық көріп отырған.

Шындығында, Алаш көсемінің саясаткер ретінде ғана емес, ұлт идеологиясына жұмыс жасауында газет-журналдар арқылы халық жүрегіне сөзбен де жол таба білуі үлкен жауапкершілікті талап ететін міндеті һәм миссиясы болған. 

0 Пікір Кіру