Елден кеткен дарындылар "сатқын" емес - на politic.bugin.kz
Абай Тағыберген - на politic.bugin.kz Абай Тағыберген

Білім

Баланың білімі баспалдақ секілді. Әр кезең сайынғы жаңа сынақ, тосын жағдай білімді шыңдай түседі. Уақыт талабына жауап беріп, қатарының алды болған дарындылар әуелгі кезде мектеп мақтанышына айналады, ата-ана абыройын асқақтатады, қатарына сыйлы болады. Бұл ортадағы қолайлы аура баланың сенімділігі екі есе артады. 

Аймақтың білім додаларында топ жарып, биліктің көзіне түсіп, қолдауына ие болады. Ақпарат құралына шығып, елге танылады. Ал, облыстық, республикалық білім бәйгелерінен ысылып шыққандары халықаралық олимпиадаларда бақ сынайды. Уақыт өте келе, баланың бойында ізденіс туа бастайды. Салыстырмалы анализ жасап, елдегі білім саласының оң мен солын ажыратады. Осылайша елдің білімін жеткілікті деңгейде алып шыққан дарындылар сырт елдің үздік оқу орындарының гранттарына қызығады. Шетелдік университеттерді зерттей келе, сынақтарын тапсырып, нәтижеге көз салып жүреді. Түптің түбінде, шетелдік университетке шақырту алады. Осылайша, қабілеттілер Қазақстаннан кете береді. Бұл елдегі білімді балалардың басым бөлігінде бар жағдай.

Есіңізде болар, барлық бұқаралық ақпарат құралдары Талдықорғандағы Антон есімді баланың АҚШ-тың 5 ірі университетіне шақырту алғанын жарыса жазды. Өңірдегі Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алған ол өзінің қабілетіне сеніп, ірі университтердің білім сынақтарына онлайн өтініш қалдырған. Баланың білімін сарапқа салған шетелдік орта Антонды Гарвард, Стэнфорд, Колумбия университеті, Массачусетс технология институты және Калифорния технология институтында көргісі келетінін айтқан. Мұндай ірі университетке өтінім беретін түлектердің саны 40 мыңға дейін жетіп жығылады екен. Грантқа қатысамын деп ниет білдіретіндердің тек 4-6 пайызы ғана жолдама алады. Демек, бәсеке қатты, талап қатаң.
Халықаралық олим­пиа­да­лар­дан қара үзіп шыққан Антон Моргу­нов елге қайтып келуді мақсат тұт­пай­тынын ашып айтыпты тілшілер сұрағына. Басты себеп - отандық ғылымға бөлінетін қаржының азды­ғы, елдегі жемқорлық жайы. Бұл екі фактордың ел ішінде орнығып алғанын сыртқа кеткен қазақ жас­тарының дені мойындайды.

Тағы бір озат оқушы туралы. Әмір Мұхаммед-Әли де АҚШ-тың Принстон университетіне шақырту алған. Математика мен физика пә­ніндегі сынақтарды сәтті тапсырған оқушы құрама штаттағы универ­си­тет­тің оң бағасын алған. 6-сыныптан бері үздік атанып келген ол алға­шын­да тілдік кедергілермен бетпе-бет кел­ген. Алайда, бұл оның грантқа қол жеткізуіне тұсау болмапты. Сол үшін де Әмір белгілі ғалымдардың дәрісін тыңдап, кеңес алған. Бра­зи­лия мен Гонконгта өткен халық­ара­лық олимпиададан жеңімпаз атан­ған оның қалауы Массачусетстегі тех­нология университеті. Әйткен­мен, жас дарын ендігі Принстонға аттанды. Шетелдік тәжірибені көруге асық талант Қазақстанға қайта оралуды әзірге жауабы жоқ сұрақ ретінде қалдырыпты. Оны "Астана" арнасына берген мына сұхбатынан айқын аңғаруға болады.

"Мен елімді жақсы көремін. Бұл менің туып-өскен жерім ғой. Де­генмен объективті ойланып кө­ре­лікші. Шын мәнінде қазақстандық жоғарғы оқу орындары АҚШ уни­верситеттерімен салыстырсақ, көш соңында. Ал, мен өзімнің потен­циа­лымды бағаланбайтын бағытқа бекер шашқым келмейді. Кері­сін­ше, толықтай пайдалансам деген мақ­сатым бар. Егер "ақылды ба­лалар" елде қалатын болса, олар ағартушылықпен айналысар еді. Яғни, басқаларды үйретеді. Өйткені білімді бөлісу керек. Ал, "ақылды бала" Қазақстанда қалу үшін оны бұл жақта бір нәрсе тартып тұруы керек. Ойыма түсіп тұрғаны - еңбекақы...

Бұл екі мысалды неге айтып отыр­мыз? Соңғы жылдары қабілет­тілер сыртқа кеткенді дұрыс көреді. Біліміне сенетін дарынды балалар­дың бақытын басқа елден табуына нен­дей себептер бар екенін зерт­теуге ұмтылдық. Алдымен, жауапты министрлік Білім және ғылым министрлігіне арнайы хат жаздық. Шетелдік жоғары оқу орындарының гранттарын иеленген оқушылар мен шетелдік компаниялардан шақырту алған озат оқушылар туралы мәлімет сұрадық. Осындайда көп дүниенің сыры ашылады. Басқасы басқа, ел­дегі білім мен ғылым саласына жа­уап­ты министрлік сұрау салған сұ­рақтарға шетелдік грантқа қолы жет­кен оқушылар туралы статисти­ка­лық есеп жоқ деп қысқа қайыра сал­ды. Бұл қалай болғаны?!

Көрші Ресей "утечка мозгов" деп жарияға салып жатқанда қабілетті­лер­дің қайда кетіп жатқаны туралы сұраққа жауапты министрліктің мә­ліметсіз отыруы біздегі атқарушы би­ліктің қалай жұмыс істейтіндігін аң­ғартып қойды. Мардымды жауап ала алмағандықтан шетелдің үздік оқу орындарына түскен дарынды жас­тар туралы "Назарбаев зияткер­лік мектебі" АҚ Басқарма төрайы­мы­на хат жаздық. Журналистік зерт­теу­ге қажет сұрақтарға қатысты жа­уап­ты тек 10 күннен кейін ғана ал­дық. Сонымен, зияткерлік мектеп ашыл­ғалы бері Қазақстанда 5660 түлек оқуды тәмамдаған. Ал, бүгінде бар­лық зияткерлік мектептер ара­сында 5026 (88,8%) түлек қазақстан­дық жоғары оқу орнына, оның 634 шетелдік жоғарғы оқу орындарына түскен. Осы түлектердің арасынан 480 бала грантқа, 154 түлек әр түрлі жеңілдікпен оқуға түскен екен. Бұл - ресми мәлімет.

Ал, өткен 2016-2017 оқу жы­лын­да 12 жылдық жүйеге байланысты 4 Зияткерлік мектептен 404 түлек оқу­ға түскен, оның 320-дан астам түлегі қазақстандық жоғары оқу орын­да­ры­на, қалған 88 түлек шетелдік жоғарғы оқу орындарына шақырту алыпты. Неге екені белгісіз, осы 88 жастың 7-і шетелде білім алудан бас тартып, елде оқуын жалғастырған. 81 түлектің 61-і грант есебінен білім алып жүр.

Назарбаев зияткерлік мектептерін дамыту жөніндегі департаментінің менеджері Арман Балғатаев бізге зият­керлік мектептің бірыңғай ақпа­раттық білім ортасы аталатын арнайы сайттан да мәлімет таба алатындығын еске салды. Аталған сайтты зерделей келе аңғарғанымыз, жастардың ше­телдік университеттерге құжат тап­сы­ру жөнінен Қытай көш бастап тұр екен. Мұнан кейінгі тізімді Чехия, АҚШ, Нидерланды, Малайзия, Ұлы­б­ри­тания жалғайды. Оңтүстік Корея мен Түркия да тізімнен табылады. Ал, маман иесі атануға талпынатын­дар­дың дені инженерлік-техникалық, эко­номикалық, ғылым, гумани­тар­лық бағыттарды таңдайды.

Әлгінде ғана мысал еткен екі оқу­шы­ның да шетелдік грантқа қолы жетіп отырғаны рас. Дегенмен, мәсе­ленің екінші жағы да бар. Қабілетті­лер­дің өз елімізде қалғанын құп көре­тін ҚР Парламенті Мәжілісінің депу­та­ты Ирина Смирнова әлеуметтік па­рақ­шасында "дарынды балаларды біз Америкаға даярлап жатқандаймыз" деген ой тастайды. Депутат жазба­сын­да зияткерлік мектепте білім алған оқу­шыларға ел бюджетінен айына 180 мың теңге бөлінетіндігін және оған шетелдік мамандар мен үздік ұстаздар қызмет қылатынын ашып жазған. Демек, елдің қолдауына ие болған ба­ла шетелдің таңдауына сүйенеді. Яғни оқыған азаматтар елге емес, өзгеге қызмет қылады. Алайда Чехия ас­та­насы Прагада білім алатын студент Бауыржан Батырбеков депутат Ирина Смирнованың пікірімен келіспейді. Ол елден кеткен дарындыларды сат­қын деп қарамау қажет деп есептейді. Дарынды бала қай елде де дарынын дамыта алады деген пікір қосты.

Қалай десек те, дарындылар да­мы­ған елдерде білімін жалғасты­ру­ды жөн көреді. Дегенмен, олардың саны елде қалып, отандық оқу ордаларында білім алып жүрген студенттерден көп емес. Бірақ, ақылдылар үшін ашық талас­тың қазір қызған шағы. Тегін оқу, жақ­сы шәкіртақы беріп қызықтыра алатын Еуропа еліне аңсары ауатын жастардың елден кетуіне де осы білімдегі жағдайлар да себеп. Мәселен, бүгінде аспан асты еліне құ­жат тапсырып, тілдік білімін дәлел­де­ген қазақ жастарының қарасы қалың. Се­бептің тағы бірі - елде жастарға ар­нал­ған шынайы бағдарламалардың жоқ­тығы. Бұл әлемдік экономика жә­не саясат институтының сарапшысы Серік Бейсембаевтың пікірі.

"Миграция Қазақстан экономи­ка­сы­на кері әсерін тигізіп жатқанын ай­та кету керек. Көп жағдайда білікті ма­мандардың орны бос қалады. Сәй­ке­сінше, адами капитал сапасы төмен­деу­де. Бұл - Қазақстан сияқты даму­шы мемлекет үшін жағымсыз дүние. Осы факторлар білім сапасының тө­мендеуіне, әлеуметтік қызмет көрсету, оның ішінде денсаулық сақтау са­ла­сының төмендеуіне әкеледі. Миг­ра­ция әсерінен Қазақстанның экономи­ка­лық зардаптары туралы зерттеулер өкі­нішке қарай жоқ. Сондықтан мем­лекет талантты, білімді жастарды қол­дауға мән беруі қажет. "Жас кадрлар сыртқа кетпеуі үшін мемлекет не істей алады?" деген сұраққа жауап іздеу керек. Жас мамандарға бағытталған бағдарламалар, нақты іс-әрекеттер қажет-ақ".

Сайып келгенде, сарапшылар мен жас­тардың көзқарасы бір арнаға тоғы­сып тұр. Жастарды мұнда ұстап тұ­рудың бірінші жолы - еңбекақы, жайлы жұмыс. Оған баспананың жоқ­тығын қосыңыз. Жемқорлық факторы да аяқтан тартады. Бұған елдегі білім жүйесінің сәт сайын реформалануы да жастарды қыр асыруға жол ашып жатыр.

Мұхит асып, жыраққа кеткен қа­зақ жастарының елге оралу не орал­ма­уын әрбір түлек өзі шешеді. Алайда, ел ішінде білім алып, биікке көтеріл­ген дарындылардың өзге елдің түтінін түзу етіп, жат жердің табысын еселеуі қазақ интелегенциясын алаңдатады. Жаһанның жуан елдеріндегі жағдайға еті үйреніп қалған жастардың ішінде де отанына оралып, адал қызмет атқа­рып жүргендері қаншама. Қазақстан­ның жастар ақпараттық қызметінің бір­неше жыл бұрын жүргізген статис­ти­касына көз салсақ, жастардың 23,7 пайызы Ресейге немесе жақын ше­тел­дерге, әсіресе ТМД елдеріне кетуге ұмтылады екен. Ал, алыс шетелге шы­ғып, сонда тұруға ықылас таныт­қан­дар қатары 13,8 пайызға жетіп жығылған.

Түйін. Жалақысы жоғары, мәртебесі биік маман иесі болуға әркімнің таласы бар. Шартараптың мойындалған білім жү­йесіне мойын ұсынатын қазақ жас­та­рының білім жолында ізденіп жүр­ген­дері көңіл қуантады. Бірақ, қазақ қоға­мын аландататыны - қазақ жастарының ше­телдің азаматтығын алып, сонда тұ­рақ­тап қалуы. Мықты мамандар өзіміз­ге керек, ал оларды ұстап тұрудың те­ті­гін табу адами капитал сапасына мән беретін кезеңнің жеткендігін ұғындырып тұр.

Абай ТАҒЫБЕРГЕН

0 Пікір Кіру