2048 жыл: Қазақ елі қайта дәуірлеу кезеңінде тұр  - на politic.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на politic.bugin.kz Марғұлан Ақан

Болашаққа үңілу

Өткеннен сабақ алып, бүгінмен өмір сүріп, болашаққа үңілу – дамыған елдердің тарихындағы үлкен тәжірибе. Қазақстан зұлмат күндердің бәрін бастап кешіп, тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап қарқынды дамуға жол алды. Етегін енді жиған елдің ішінде әлеуметтік мәселелер де, қарқынды дамуға ұмтылудың алғы шарттары да жасалды. Негатив ақпарат көбейіп, халықтың ел болашағына деген үмітін өшіріп алғандай болдық. Шешімін табуға ұмтылған талайдың басы қатты, әрекет емес сөз алдыңғы орынға шықты. Абайдың сөзіне салсақ, не істемек керек?

«Мәңгілік ел» идеясының түйіні қандай?

13 ғасыр бұрын түркі жұртының ортақ идеясына айналған «Мәңгілік ел», сол кездегі Тоныкөктің негізгі ойы. Тікелей авторы. Өткеніне көз жүгірткен елдің ертеңі де жарық боларына сенген Елбасының бұл идеяны қайта жаңғыртуы, қайта оятуына не себеп болды? «Мәңгілік өмір жоқ» деген діни-философиялық әлемдегі «Мәңгілік ел» идеясының мәні қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрсек.

Қазақстан – Алтын Орданың жалғасы

Тарих өзгереді, қайталанады. Күйрейді, қайта қалпына келеді немесе жер бетінен жоғалып кетеді. Тек қалдығы мен тарихи еңбектері ғана сақталады. Ал Қазақстан ше?

Қазақстан 1243-1503 жылдар арасында өмір сүрген, әлі де өмір сүру процесін жалғастырып келе жатқан Алтын Орданың жалғасы. Себебі, арғы тегіміз, біздің өткен тарихымыз дәл осы дәуірлеу кезеңімен тікелей байланысты. Бұл жерде түркі жұртының мүддесі мен билігі жатыр. Кейінгі жалғасы ретінде түрлі ордалар, қағандықтар мен мемлекеттер өмір сүріп келді. Совет үкіметінің бодандығында қалған қазақ елінің шаңырағы шайқалып, тарихи өшкен жоқ. Бұ кезеңнің өзінде ішкі арпалыс, үкіметтің саясатына қарсы күрес жүрді. Атап айтқан кезде Алтын Орданың тікелей ұрпағы ретінде өздерін көрсете білген «Алаш Орда» үкіметі осының дәлме-дәл куәсі бола алады.

Қазақстан қазір...

30 жылға жуықтаған тәуелсіздік жылдары ел ішіндегі әлеуметтік және саяси мәселенің шешімі бір жақты болған жоқ. Халықтың тұрмыс тіршілігінің төмендегі, экономикалық жақтан ұлттық валютаның әлсіреуі бәрі де егеменді елде тыныстап жатқан азаматтардың көңіліне қаяу түсіріп келді.

Шындығында, байып жатқандардың есебінде шек болмаса, кедейдің күйі күннен-күнге төмендеп, тіпті жұмыссыздық мәселесі алға шықты. Жастар арасындағы қылмыс, өзіне-өзі қол жұмсау, трайбализм, феминизм не керек «изм»-ге байланған еуропалық идеологияның салқыны қатты тиді. Тиіп қана қойған жоқ, еліктеген жұрттың есі кетті, азғындады. Азғындықтың соңы жалғыз ислам дінінің өзін сан-санаққа бөліп, әркімнің кеудесіндегі құдайын жан-жаққа шашып тастады.

Болашағына үмітпен қараудың орнына, Отанын тастап шетел асып кеткен жастардың саны жыл санап көбеймесе, азайғаны шамалы. Көкейдегі аңсар елдің болашағы емес, «Болашақ» бағдарламасымен өзге елде білім алып, сол елде қалуды мақсат тұтуға айналып кетті. Ақыры кінәлі деп табыла берген үкіметтің өзін президент тұңғыш рет отставкаға жіберді. Пікір көп, тартыс бар. Дегенмен, нәтиже қашан болады, не өзгереді?

Лев Гумилевтің этногенездік Пассионарлық теориясы не дейді?

Пассионаризм – биохимиялық энергияның кей түрінің шамадан тыс болуы, сонымен қатар адамның ішіндегі анықталмаған, сол адамның өмірін және қоғамды өзгертеуге бағытталған талпыныс.

Л.Гумилевтің кестесі бойынша, әр жүз жылдық не әр кезеңде кез келген ұлт, этнос құлдырау мен күйреуді бастан кешеді. Алайда, құлдыраудың соңы жоғалып кетуге әкелген жоқ, керісінше қайта тұруға, қайта өрлеуге бастады.

Қазақ халқының тарихына үңілсек, жауынгер халық соғысты да, геноцидті де, ашаршылықты да көрді. Ұлттың жолында әрекет еткендердің бәрін «халық жауы» деп көздерін құртты. Л.Гумилевтің теориясына сеніп, соны негіз етіп алар болсақ, «Алаш Орда» аңсап кеткен күннің ауылы алыста емес екенін, сол күннің де туатынын көруге болады. Қазір біз тек дамушы ел ретінде ғана емес, құлдырауға бір түсіп барып, еңсе көтеретін кезеңде тұрмыз. Бұл ешқандай шахмат ойыны немесе белгілі бір мүдделердің қайшылығы да емес. Солай болған күннің өзінде, табиғи құбылыс ретінде қарастыру керек.

Мың өліп, мың тірілген қазақ қоғамы осы жұт пен қасіреттің бәрін жеңіп келді, жеңіп келеді әлі де жеңетін күші мен жігері бар. Бұлардың бәрі дерлік ешқандай да кездейсоқтық емес. Бұлардың бәрі қайта өрлеудің жолындағы болуы керек қиындықтар мен қайшылықтар.

Алаш Орда және Әлихан Бөкейхан

Қай заманда болмасын, тұлға, феномен болатын идеал азаматтар дүниеге келеді. Оны тәңір ананың құрсағына арнайы жібереді. Әйтпесе, топ ішінен дараланып шығу әркімнің қолынан келетін кәсіп емес. Ол нағыз ерлікпен пара-пар дүние.

"Алаш Орда" идеясының тууы да, Әлихан Бөкейхан сынды ұлы алашордалық тұлғалардың санасына келген жаратқанның сәулесі. Жете алмады деген іштегі «әттең-ай» болмаса, үн қосты, мінез көрсетіп, азаттық жолында күресті. Ендігі күрес кейінгі ұрпағының қолында. Иә, біз қазір соғыс пен күрестің емес, ақпарат ағынының заманында өмір сүріп жатырмыз. Ендеше, бізге білектің емес, білімнің, ақылдың ми қақпағын ашатын кез келді. Іште жатқан білімнің томағасын сыпырып, қазақтың шексіз даласына жіберетін сәт туды. Бұл сәтті бабалар күтті, жетпесе аманат етті. Бастысы болашақтан үміт үзбеу.

2048 жылы Қазақ елін не күтіп тұр?

Футурологиялық болжам жасау – қазіргі кезде ең өзекті тақырыптардың бірі. Себебі, алда не болатынын түсіну, оған сену адамның ішкі жан дүниесінде үлкен сілкініс жасайды. Әр күні үшін өмір сүріп жатқан халықтың, ертеңін ойлау ақылға қонымсыз дүниелерді көрсетуі де мүмкін. Шындығында, бүгінгі күн үшін ғана өмір сүрудің қателігінен елдің ертеңіне үміт азайып, тек бүгін жеп қалу мен ішіп қалудың қамын жасап жүрміз.

Осыған дейін «70 жыл сайын: Қазақстанды 2061 жылдары не күтіп тұр?» деген танымдық мақала берген болатынбыз. Дәл осы мақаладағы келтірілген дәйектрге сүйене отырып, елдің қайта дәуірлеу кезеңін бастап кешіп жатқанын анық көреміз.

Аспаннан түскен, ғайыптан туған ештеңе жоқ. Бәрі табиғаттың қалауымен, адамдардың әсерінен туындап жатыр.

Дәуірлеудің басы басталды. Қалай?

Тәуелсіздік алудың өзі бұл дәуірлеудің басы еді...

2017 жылдың сәуір айында, уағында Ахмет Байтұрсын бастаған зиялылардың азаттық үшін әліпбидің де ауысуы керектігі туралы ойының ұшқыны қайта жаңғырды. Латын графикасын көшу мәселесін көтеру, біртіндеп осы бағытта ішкі саяси жұмыстардың жасалуы, түрлі бағдарламалардың дүниеге келуі тегін емес.

Көрші орыс елінің «Қазақстан латын графикасын көшіп жатыр, кириллицадан бас тартты» деген сынды түрлі БАҚ беттеріндегі мақалаларын, телеарналарындағы журналистердің, саясаттанушыларының да кездесу кезінде талқылағанын көрдік, түсіндік. Онсыз да КСРО деп аталған алпауыт державаның езгісінде болған елдердің бәрі дерлік өз тәуелсіздігін алысымен тас боп жұмылған жұдырықтай өз бетінше амал іздеп кеткенін де білеміз. Тек біз көңілшек мінезбен, қойға тән жуастықпен арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей көш бастап келеміз. Латын графикасына көшу дегеніміздің өзін «нағыз азаттықа ұмтылудың жолы» деп те атадық. Бұл бір.

Екіншіден, кеше ғана ортақ мәмілеге келе отырып, бес елдің қатысуымен болған халықаралық кездесуде президент Н.Ә.Назарбаев Каспийдің негізгі бөлігін елдің еншісіне ыңғайлап берді, бөліп берді. Бұл да болса, халықаралық сахнадағы елдің беделі, тарихы тереңде жатқан халықтың абыройы.

Үшіншіден, жарлыққа қол қойылған сиясы кеппеген жаңа мәлімдеме де үлкен саяси күрестің көрінісі. Кез келген ұлттың, мемлекеттің ұлттық рәмізі, ұлттық валютасы сол елдің айнасы. Ұлттық валютаның бетіндегі жазулардың тек қазақ тілінде жазылуы да, тілдің мәртебесін көтеруге деген әрекет. Ашығын айтқан кезде, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» шығармасын түсіне оқитын, байыбына бара талдайтын уақыт келді.

Тоныкөк баба түйіндесін...

Жаңа шаңырақ көтерген елдің іргесін бекітуге мүмкіндік бермей құртып жіберуді көздеген табғаш билеушісі «жабайыны жабайының қолымен құрту» саясатымен түркілердің өзіне туыс  тоғыз оғыз халқын айдап салды. Бірақ табғаш елінде болып, олардың қарсыластарын құрту үшін қандай әрекеттер жасайтынын жақсы білетін Тоныкөк асқан көрегендікпен бұл апаттың алдын алып, Тоғыла жазығында тоғыз оғыздардың әскеріне тойтарыс береді. Қолға түскен тұтқындарды Тоныкөк Құтылығ қағанға айтып, түгел босатып, еліне қайтарады. Оларға: «Түбіміз бір туыспыз. Өзара қырқысқаннан өзгеге жем болғаннан басқа пайда жоқ. Табғаш елі ортақ жауымыз. Сондықтан соған қарсы күш біріктірейік. Бір бірімізді өгейсітіп, көзге түрткеннен тапқан олжамыз кәні? Бірігіп ел болайық, осыны айта барыңдар.Кім де кім бірлік байрағын көтеремін, ата жауға қарсы бірлесіп күресемін десе, Отыкенге келсін. Біз сонда бірер күн еру боламыз» дейді. Тоныкөктің осынау сөзі қандастарының жүрегін жібітіп, оғыздар түгелдей түркі туының астына жиналады. Кейін бұл жөнінде Тоныкөктің өзі тас жазуда: «Осыдан кейін оғыздар өз аяғымен көтеріле келді. Келтіргендей ақ келтірдім ау» деп ризалық сезіммен сол кезді еске алады.

2 Пікір Кіру