Марғұлан Ақан

Бүгінгі қазақ оқулықтарының мәселесі

Оқулық – оқушының білім алуға негіз болатын құрал. Ол не дейді, оқушы соның жазған-сызған шеңберімен жүреді. Сол арқылы дерек іздейді. Оқулық түбі кітапқа айналады. Өскелең ұрпақ оқулықтан қызық көрген дүниесі арқылы дүниетанымын кеңейтеді. Ал білдей республикамыздағы қазақ оқулықтарының бүгінгі күйі мәз емес.

Әлеуметтік желіге жүктелген оқулықтардың бірінде "төл" сөзі "төлесі" деп берілген. Бір жерден қателесіп кетсе, құп делік. Алайда "төлесі" деген сөзі қатарынан бірнеше рет көресіз.

Қазақта "төл" деген сөз бар. Тіпті тауып айтқан атау. Төл – жан-жануардың ұрпағы. Яғни "сиырдың баласын қалай атайды?" деп сұрақ қоймайсыз. "Сиырдың төлі" деп айту керек. Ал қате басылып кетуі мүмкін дейтін "төлесі" сөзін бірнеше рет қатарынан беруді қалай түсіндіруге болады. 

Дамыған елдердің қатарына ену жолында, ұрпақ сабақтастығын дамыту көшінде "үш тілді" саясатты пайдалана отырып, ұрпақ ана тілінде және әлемдік ағылшын тілінде және орыс тілінде білсін деп шарт қойдық. Шарт деуге негіз бар, себебі мектеп бағдарламасындағы өзгертілген реформаның көрінісі осы. Алайда өзінің туған тілінде "төл" деген бірауыз сөзді дұрыс жазып бере алмаса, "төлесі" деп оқулық дайындап отырған адамдар салақтық танытса, қандай даму мен мақсат туралы сөз қозғай аламыз.

Айта кету керек, қазақ тілі мағыналық жағынан бай тіл ретінде белгілі. Мәселен, "төл" деген сөздің қазақ тіліндегі грамматикалық жағынан пайдалану нұсқасы бар. Төл сөз және төлеу сөз дейді. 

Төл сөз – айтылған сөздің ешқандай өзгеріске түспей тура қалпында берілуі. Ал төлеу сөз дегеніміз, айтылған сөздің тура қалпын бұзып, тек мағынасына қарай икемдеп беруі. 

"Төл" сөзінің мағынасынан бұрын, жазылу үлгісін дұрыс бере алмай отырған оқулықтың олқылығын алдымен түзеу керек!


0 Пікір Кіру