Конституциялық кеңес: Президенттің отставкаға шығу құқығы бар - на politic.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на politic.bugin.kz Қаракөз Амантай

Конституциялық кеңестің шешімі жарияланды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өтініші бойынша Концтитуциялық кеңестің шешімі жарияланды. Концтитуцияның 42-бабы 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішіне байланысты шешім шығарды. Бұл туралы Sputniknews.kz хабарлады.

"Мемлекет басшысының өтінішінде Конституцияның 42-бабының 3-тармағында белгіленген Қазақстан Республикасы президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздерінің тізбесі толық болып табылады ма деген сұрақ қойылған болатын. Конституциялық Кеңес аталған нормада президенттің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздері толық емес деп түсіндірді.

Кеңестің пікірінше, негізгі заңнан мемлекет басшысының отставкаға шығу құқығы туындайды. Аталған құқық президенттік басқару нысаны мен Республика президентінің конституциялық мәртебесінің элементі болып табылады.

Ол адам әрі Қазақстан азаматы ретінде президентке тиесілі және әр тұлғаның конституциялық құқықтарын, соның ішінде еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығын бекітетін Конституцияның басқа да ережелерінен туындайды.

Конституциялық Кеңес Конституция 42-бабының 3-тармағындағы "сондай-ақ президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған...жағдайда..." деген сөз тіркесі оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатудың негізі ретінде мемлекет басшысының отставкаға шығуын да қамтиды деп есептейді", - делінген хабарламада.

Биыл ақпан айының басында президент Конституциялық кеңеске өтініш түсіріп, Конституцияның 42-бабының 3-тармағын ресми түсіндіруді сұраған еді.

Кейін Нұрсұлтан Назарбаев халыққа видеоүндеу жариялап, Конституциялық кеңеске берген өтініші мемлекеттің әдеттегі мәселесі екенін айтты. Президент бұл оқиғаның айналасында айқай-шу тудырмауға кеңес бере отырып, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтпейді деп сендірген болатын.

0 Пікір Кіру