Елім деген Ербол - на politic.bugin.kz
Балерке - на politic.bugin.kz Балерке

Халқымыздың сан ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздік туын тіккеніне 27 жыл болды. Осы тәуелсіздік алған 27 жылдық қуанышты мереке кезінде егемендікті аңсап, тәуелсіздік үшін айқаста бас имей, елін-жерін, тілін қорғаған, желтоқсан көтерілісі кезінде құрбан болған қаһарман батырларымызға бас иеміз

Отан үшін деп жанын қиған жастар енді тәуелсіздік үшін, ар-намыс, ата-баба дәстүрін жоғары көтеру жолында ереуілге шықты. Желтоқсанның ызғарлы күнінде ұлт намысын қорғап, алаңға шыққан жастардың арасында Ербол Сыпатаев та бар еді. Есіміне ерлігі сай «ер болып» өз өмірін қиды. «Ерболдың балалық шағының ешкімнен ерекшелігі жоқ, қазақ ауылдарындағы көп Ерболдың бірі болып өсті. Айырмашылығы-тағдыры ғана өзгешелеу қалыптасты»,-деп еске алады сынып жетекшісі Дәулетқазы Рақымғазыұлы. 

Ербол Сыпатаев 1964 жылы 10 наурызда бұрынғы Талдықорған облысы Панфилов ауданының Еңбекші ауылында Бейсен Алшынбековтың отбасында дүниеге келген.

Ербол-Бейсен атайдың балаларының ең үлкені, бірақ оны ата-баба дәстүріне сай ағасы Сыпатаев Мұхаметжан мен жеңгесі Тұрған апайдың тәрбиесіне берген. Сол себептен Ербол Мұхаметжан Сыпатаевтың атымен жазылған. 1970 жылы Мұхаметжан атай, 1982 жылы Тұрған апай дүние салғаннан кейін Ербол Бейсен атайдың қолына қайтып келеді. 

Мал қайырды, отын жарды, су тасыды. Шаруаға пысық,  ойға алғырлығын байқатты. Артынан ерген інілері Ержан, Тұрсын, Тұрыскелді мен қарындасы Назгүлдің оқуларына көмектесті. 

Ербол зерек еді. 1971 жылы Еңбекші орта мектебінің 1 сыныбына қабылданып, 1981 жылы орта мектепті «4» пен «5»-ке бітірді.

1981 жылы Жаркент қаласындағы ДОСААФ-та жүргізуші мамандығын алып шықты.

1983-1985 жылдар аралығында әскер қатарында болып, «Құрмет грамотасымен» марапатталып қайтты.

1985 жылы Алматы энергетика институты, ЭЭГ факультетіне институтқа қабылданды. 

1986 жылы 16-17 желтоқсанда алаңға шығып, кешкі сағат 19-20-лар аралығында жарақат алған. Бас сүйегі сынып, миы зақымданған деген диагноз қойылды. Сөйтіп 1986 жылы 23 желтоқсан күні  қайтыс болып, 25 желтоқсан күні өз ауылына әкелініп жерленді.

Е.Сыпатаевтың әрекетінде қылмыстық белгі болмаған деген дәлелмен 1991 жылы 10 шілдеде ақталып, оның өліміне кінәлілерге қарсы іс қозғалды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 30.12.1998 жылғы №1360 қаулысы-мен Еңбекші орта мектебіне желтоқсан оқиғасының құрбаны Е.Сыпатаевтың есімі берілді.

2006 жылы 16 желтоқсан күні аудан әкімі Е.Келемсейіттің басшылығымен Еңбекші орта мектебінде желтоқсан құрбаны Ербол Сыпатаевқа арналған мұражай ашылды. 

2008 жылы 16 желтоқсанда Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асановаға аудандық мәдениет үйінің алдында ескерткіш орнатылды. 

0 Пікір Кіру