Ақылдылар үшін ашық талас не үшін жүреді? - на politic.bugin.kz
Абай Тағыберген - на politic.bugin.kz Абай Тағыберген

Білімді адам қашанда сұранысқа ие дейміз. Шындығында солай. Демек, адамзат үшін адами капитал барлық құндылықтардан биік тұрады. Тек, бар дүниені нарық заңдылығына тірей салатын біздің қоғамда кейде адами капиталдың сапасына мән берілмей қалады. Мұның себебі адам еңбек күші ретінде ғана бағаланады. Осындайда қиыр асып, шетел көріп келген қандастардың "бізде барлық заттың құны бар, тек адамның құны жоқ" деген пікірлері адамға жұмысшы ретінде қарайтынымызды сөзсіз ұғындырады. Соңғы 10 жылды есепке алсақ, әлемде ақылды адамдарға деген ашық таластың жүріп жатқанын айқын аңғаруға болады. Қолынан іс келетін, біліміне сенетін, қабілетті азаматтарға деген сырт елдің қызығушылығы талай адамдарды өз елінен кетіп қалуға итермеледі. Әрине, бұл бір қарағанда көзге көрінуі мүмкін, дегенмен мұның астарында жабық саясаттың жатқанын сезуге болады. Аңдап қарасақ, білімді жастарға жағдай жасап, өз еліне алып кетіп жатқан шет мемлекеттер көп. Сол қабілетіне сеніп, сырт елдің жоғары жалақысы мен қолайлы шартына көндігіп, үдере көшкендердің қатарында өз қазағымыз да бар. Тіпті статистикалық мәліметтер қарапайым адамды да ойлантып тастайды

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРАҚСЫЗДЫҚ

Сөз басында айтқан статистиканы сөйлетсек. Қазақстандағы ашық портал "Factchec.kz" сайты соңғы жылдары Қазақ­стан­ға келушілерден гөрі, кету­ші­лердің саны біршама асып кеткендігі туралы ақпаратты шындыққа растап отыр. 2017 жылдың 6 айында елден 15 мыңға жуық адам кетіп қалған. Ал, 2016 жылы 32 мың қазақстандық сырт елге орын тепкен. Әсіресе, үдере көш­кендер көрші Ресейге қо­ныс­танған. Өкінішке орай, Қазақстанға тұру үшін келетін жоғары білімді азаматтардың саны жылдан-жылға азайып бара жатыр. Елден кетіп жатқандардың тең жартысы Қазақстандағы экономикалық тұрақсыздықты басты себепке балаған. Ал, қалғандары мұнда адамның дамуына жағдай жасалмайды деген себепті сылтауратқан. Ал, "Ratel" порталының ақпаратына сүйенсек, сырт елге көшкен қа­зақтардың ішінде дәрігер, мұғалімдер мен экономист мамандықтарын бітіргендер баршылық. Атап айтқанда, 4,8 мың техника саласының маманы, 2,7 мың экономист, 1,7 мың педагог тұрғылықты мекен-жайын өзге елге ауыстырған.

Ең бастысы, бұл мәліметтер тек есепке алынғандары ғана, ті­зім­ге кірмей, статистикаға енбей қалғандары қанша ма?! Орта есеп­пен жылына  9263 жоғары бі­лімді адам кетсе, 5603 адам келіп қосылған. Сорақысы сол, сырттан келетіндердің дені толық жоғары білім алмаған, әсіресе жалдамалы жұмысшылар, яғни ең­бек мигранттары.  "Бұл экономиканың төмендеуіне салқынын тигізеді" дегенді алға тартады бел­гілі саясаттанушы Расұл Жұмалы.

"Қазақ жастарының үштен бірі өзінің болашағын Қазақстаннан көре алмайды. Реті болса, оқу­ға, жұмыс істеуге шетелге ке­теді. Жетіскеннен емес, адам болғаннан кейін әркім жақсы жағдайды іздейді өзіне.

Ал, бізге келетіндердің көбісі – еңбек мигранттары. Олардың бі­лімі орташа немесе төмен деңгейде. Ресми есеп бойынша жұ­мыс­сыздық деңгейі 6 пайыз, бей­ресми есеп өз-өзін қамтып жүрген азаматтар 3 миллион деп айтылады. Бұл шын мәнінде біз­дің елде жұ­мыс­сыздық деңгейі 30-40 пайыз дегенді көрсетеді. Сол өз азаматтарымызға жұмыс табылмай тұрғанда неге шетелден жұмысшыларды алып келеміз? Оның ішін­де тек қара жұмыс емес, шетелге кетіп жатқан, өзіміздің инженерлеріміз өз менеджерлеріміз бар бола тұра сырттан жоғары жалақыға соларды тасимыз. Бұл да мәселе".

Рас, статистика өз алдына. Ке­лу мен кетудің арасында айыр­машылықтың болуы заңдылық. Себеп мынада, Қазақстаннан қарым-қабілеті мол азаматтар бірте-бірте ығысып барады. Мәселен, техника саласындағы жағдай алаңдауға тұрарлық. 2008 жылы елімізден техника саласында жеті мыңға жуық маман кет­се, 2015 жылы олардың саны 5 мың адамға жеткен. Демек, қа­зіргі сұранысқа қажет мамандар 5-6 жыл бұрын елден кетіп, сырт елде еңбек етіп жүр.

Өз елінен көшіп жатқандар қай­да барады? Оларды құшақ жа­йып қарсы алып отырғандар бар ма? Бұл сұраққа елден кетіп қалған азаматтар түрлі жауап қай­тарады. Ал, басым бөлігі Ресей, АҚШ, Германия сынды ал­па­уыт мемлекеттерде өмір сүру әл­деқайда оңайырақ дегенді сөз етеді. Ал, өз біліміне сеніп кеткен азаматтардың дені елге оралуды әлі де ерте сезінеді. Басты се­беп - жалақының аздығы.

Мұндайда білімдегі басты тақырыпқа қатысты ашық ойын айтудан жасқанбайтын Мұрат Әбеновтің кезінде айтқан мына бір пікірі әлі де өзекті:

"Кез келген жас азаматтың бас­қа мемлекетке көшіп кетуі бұл әрине экономикаға үлкен зия­нын тигізеді. Керісінше, кез келген жас­ты тарту пайда әкеледі. Мысалы, америкалықтарда мынадай есеп бар. Бір шетелден оқып келген адам жылына 30 мың долларға дей­ін пайда түсіреді екен. Сонда неғұрлым білікті адамдардың көп кел­гені Американың экономикасына пайдалы. Және ол сондай арнайы саясат жасады. Өкінішке орай, біз ондай саясат жасап жатқан жоқпыз".

Шетелге бой үйретіп, осында қа­лып қоятын жастар да аз емес. Білім қуып барған студенттердің қолайлы өмірге еті үйреніп қалуы сыртта ұзақтап қалудың жолын ашады. Әйтсе де, алған білімін ел игілігіне жұмсап, қызмет етуді басты кезекке қоятын жастар да баршылық. Мемлекет есебінен мұхит асқан қазақ жастарының шет елде қалып қоюының өзіндік себептері жоқ. Керісінше, елде тұрақтап қала алмай, Қазақстан­ға қайта оралып, еңбек етіп жүр­гендер де табылады. Демек, таразы басында таңдау еркі бар.

СЕБЕП - СЫБАЙЛАСТЫҚТА МА?

Тұрақты табысы бар, білімі мен тәжірибесі толысқан азаматтардың шет елге көшуінің бір себебі - елдегі сыбайлас жемқорлықтың қай салада болмасын көрініс алуы. Бармақ басты, көз қысты әрекеттердің тамыр жаюы қабілеттілерді Қазақстаннан ке­тіріп жатыр. Мұндай пікірді жас азамат Арман Мәжікеев әлеу­меттік желінің бірінде ашып айтқан. Бүгіндері Ирландияда ұстаздық қызмет атқаратын ол елдегі тамыр-таныстықтың, жалақының төмендігінен шет асып кетуге мәжбүр болған. Айтуына қа­ра­ғанда, бізде әлі де ашықтық орын ала қойған жоқ. Жазбасында былай деген:

"Мемлекеттік қызметте жем­қорлық болмайды деп ойлаушы едім. Қателесіппін. Бизнес саласына келгенде де жағдай аса өз­герген жоқ. Солайша шетелге кет­тім. Қазақстанға оралғым келеді. Ол үшін жағдайлар жасалу керек. Қазір "біздерді қабылдауға Қазақстан дайын емес" деген ойға келдім. Себебі Қазақстанда жалақы мәселесі өте нашар. Екі жыл бұрын ту­ған қаламдағы мем­лекеттік уни­верситетке барып сөйлестім. Олар маған: "Сізді оқытушының ассистенті ретінде ала аламыз. Оның жалақысы - мемлекеттік ставка бо­йынша 40 мың теңге",-деді. Ол кезде Петропавлда пәтер жалдау құны орташа есеппен 50 мың теңге болатын. Дұрыс мамандар ондай жалақыға ешқашан жұмыс істемейді. Өйткені ол жердегі жалақы кемінде 150 мың теңге болуы керек. Қазақстанда ұстаздар біраз уақыттарын сабақ берумен, жиынға қатысып, қағаз толтырумен өткізіп алады. Ал, шетелде ғалымдар кейбір жиындарға бармайды, таңнан кешке дейін таңылып отырмайды. Оқытушылар ғы­лым­мен айналысады".

Қай тақырып болмасын, пікір қайшылығы кездеседі. Арман Мәжікеев айтқандай, шетелде де өмір сүру айтарлықтай оңай емес дегенді алға тартады АҚШ-тың Чикагосында тұрып жатқан    Анара Дәулетова. Білім алуға келген жас шетелде өмір сүру кейде Қазақстаннан да қиынға түседі дегендей пікірде.

"Қазір шетелге тұруға кеткендердің көбі Қазақстанда тұру жаман деген пікірлерін білдіреді. Нақ­ты алғанда олар халықты туған өлкесін тастап кетуге итермелейді. Бірақ Қазақстанда да, батыстағыдай өз проблемалары мен өз басымдықтары бар екенін ескеру керек. Мен тұрып жат­қан АҚШ-та өмір біршама дамыған. Бірақ, мұнда тегін медициналық көмек, тегін білім жоқ".

Әрине, осы елде туып, елдің білімін алған азаматтар елін тастап, өзге елдің отын жағуға кеткендігін көпшілік патриоттылық сезімнің жоқтығына әкеліп ті­рейді. Алайда, өмір сүрудің жолын әркім әртүрлі таңдайды.

Сыртқа кетудің себебін сыбайластықпен байланыстыратын тек біздің ел емес. Алайда мұрты майланған жемқорлық білімнің артына шам алып түскен жастардың жұмыссыз қалуының бір көрінісін көз алдына әкеледі. Оған елдегі жұмыссыздықтың са­ны мысал бола алады.

БІЛІМДІЛЕР ЕЛДЕ ҚАЛУЫ КЕРЕК

Қазіргі жаһан саясатында әр ел ақылды адамдарды бір ортаға тоғыстырғысы келеді. Қабілетті жастарға қолдау білдіріп, қомақты қаржы ұсынып, өз еліне тартып жүргендерін құлақ естіп жүр. Әлемнің "Microsoft", "Google", "Facebook" сынды бел­ді компанияларына шақырту алып жатқан қазақ жастары со­ның дәлелі. Осындайда, технологияның тілін білген білімді жас­тардың өз еркімен сырт елдің экономикасына жұмыс іс­теуі дамуға қол созған біздің елді алаңдатпай қоймайды.

Мақаланы жазу барысында түрлі басылым беттеріне көз жүгірттік. Сондағы көзге ілінгені "Абай.кз" сайтында жария етілген мына бір ой-тамызық пікірді қоса кеттік.

"Қазір өзіммен жасты қыздармен, ұлдармен бас қоса қал­сақ болды, екінің бірі шетелге кеткісі келетінін айтады. Олар үшін басты кедергі ағылшын ті­лін жетік білмеуінде болып отыр. Ал, ерте ме, кеш пе, ол қор­шаудың да жо­йы­лары анық. Қазақстан үшін жүр­егін жұлып беруге дайын екендігін айтқан және шындығында сондай сезім­де болған жі­гіт­тер мен қыздар бар. Олардың өлшеусіз, шексіз осынау пат­риот­тық се­зімін төңкеріп тастаған не болуы мүмкін? Әрине, жем­қорлық, қоғамдық әлеумет­тік тең­­сіздік, ертеңгі күнге деген се­німсіздік. Кетіп бара жатқандардың көбісі өте білімді жандар. Қазақстанда тура тоқсаныншы жылдардағыдай "ақылдылар ағы­ны" болып жатқан сынайлы".

Сарапшылар мен осы тақырыпқа бас қатырып жүрген азаматтар сыртқа кетудің себебін санамалап айтса да, білімді­лердің елді тастап кетуі оның алған тәрбиесіне байланысты деген пікірлер де аз емес. Мәселен, философ-публицист Әбді­рашит Бәкірұлы "шетелге білім­ділер кетіп жатыр" деген ақпаратпен келіспейтінін мына бір әңгімесінен аңғаруға болады.

"Аз уақытта қазақ өнерін әлемге танытып, әлемнің небір дүлдүлдерін тамсандырған Димаш Құдайберген шетке қашады деп ойлайсыздар ма? Не болмаса қа­зақ­тың жеңімпаз боксшысы Қанат Ислам қаншама жыл шетелде атой салуда, сол шетелге қашады деп ойлайсыздар ма? Жоқ! Себебі, әл-Фараби атамыз "Адам­ға алдымен тәрбие бермей, ғы­лым-білім берсе, онда ол орта­ға апат әкеледі" деп айтқан. Ақы­лы бар оралман елге оралып жатыр. Ендеше, неге біз оларды "тө­мен" деп кемсітеміз? Ол дұрыс емес. Неге десеңіз, білімнің қонатын ұясы - ақыл. Ақылы азға білім беруге болады. Әрине, тотықұс­тай сайратуға да болады. Бірақ, ол өз білімін елі мен жерінің игілігіне жұмсамаса, жұмсай алмаса - білімі жетім! Ондай білім­нің ба­ры не, жоғы не?".

ҚАРЖЫНЫ ЕЛГЕ ӘКЕЛУ ҚАЖЕТ

Эмиграция мен миграция терең зерттеуді қажет ететін тақырып. Елден кеткендердің артын андып, табысын санап жүр­ген ешкім жоқ. Ал, шетелде ше? Грузиндер шетелге барып жұ­мыс істеп, қомақты ақша ала­ды. Алайда, олар белгілі бір деңгейде қаржы қорын жинаған сәтте өз еліне келіп, табысқа түс­кен ақшасын елдің дамуына жұмсайды. Ал, бізде бұл әлі қалыптаса қойған жоқ. Себебі елде әлеуметтік тұрақсыздық қорқынышы бар.

Саланы зерттеп жүрген сарапшылар жат елге кетіп жатқан аза­маттарды сатқын деп айтуға болмайды. Себебі табысты да қолайлы өмір сүруге әркімнің құ­қығы бар деп есептейді.

Қалай десек те, ат төбеліндей халқымыз бар. Бір-бірлеп ел­ден көшіп, басқа әлемнен бақыт тапқысы келетіндердің азаяр түрі жоқ. Бұл мемлекеттің барлық саласын дамуына тос­қауыл бола алады. Демек, адами капиталдың сапасына мән беретін кезең жетті. Мұны Елбасы биылғы Жолдауында айрықша атап өтті. Қауіптің қайдан келерін кім білер?

Түйін. 

Жайлы өмір жан семіртеді. Елден кету бір сәт. Қайтып келу мың сұрақ. Таразы басында түрлі себептер тұрады. Жайлы жұмыс таппай, қызметке көндіге алмай, жалақыға жан баға алмағандар өзге елден бақыт тапқысы келеді. Бұл да нарық өлшемімен қарағанда құптарлық қадам болар. Әйтсе де, өзге елдің тайқазанына кіріс түсіріп, дәм-суын алған өз елінен, туған топырақтан безіну ұлт болуды ұмытудың алғашқы қадамы болмай ма?

0 Пікір Кіру