Шен-шекпенге сатылғандар - на politic.bugin.kz
Balym Asanqyzy  - на politic.bugin.kz Balym Asanqyzy

Жемқорлық

ХХI ғасыр табалдырығын аттағалы біз мүлде жаңа қоғамға аяқ бастық. Жаңа қоғамның сипаты іскерлік болса,бұл жолда жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Сол жетістіктермен қатарласа күннен күнге өсіп,ушығып шешімі табылмай тұрған мәселелер қатары да баршылық.

"Әкімің әділ болмаса жұрт бұзылады,саудаң әділ болмаса нарық бұзылады"дегенге саятын бұл дерт халық санасына орнығып,терең тамырын жайып үлгерді.Әлем дамуы ілгерілеп,арбасын алға сүйреген елдер қатары көбейсе де,бұл мәселенің төркінін таратып айтуға келгенде көптеген елдер қауқарсыз.Сол қауқарсыздық біздің елімізді де айналып өтпеді. Не нәрсеге де асықпай қол жеткізетін қазақ халқына қарағанда,жан түршігерлік жазаның ең қиын тәсілдерін қолданатын аспан асты елі Қытайдың өзі жемқорлар санын азайта алмай әлек.

Абайдың алдында өткен сөз зергерлерінің бірі Дулат өз заманында "шен шекпенге сатылған,батпаққа елін батырған" азаматтар барынан белгі берген. Замандар ағыны өтіп,уақыт қарқыны бізді күтпей тұрған бұл дәуірде де сол азаматтар қатары көбеймесе,азайған емес.

Өткен тарихқа көз жүгіртсек,жемқорлық дейтін жегі құрттың Ұлы Дала төсіне енуін Ресейдің қазақ даласын отарлау саясатымен байланыстырар едім. Мұндағы патшалық Ресейдің көксегені парақорлық дерті арқылы қазақ атты рухты көкжалдар санасын улау.Санасын улау арқылы ел тағдырын ойлайтын азаматтарды ақшаның құлына айналдырып,діні мен тілін ұмытқан мәңгүрт ел жасау ойрандаған орыстардың басты мақсатына айналды.Және де,азуынды патшалықтың бұл тілегі шындыққа айналды.Қазақ даласы да жемқорлықтың ошағына айнала берді. Бұрынғы бай да,хан да,би де өзгерді.Қазақ даласындағы билер мен байлардың жемқорлығын Шортанбай  өз заманында асқан сыншылдықпен жырға қосқан:

                    Байлар зорлық қылады,

                    Мал көзіне көрінбей,

                    Билер жейді параны

                   Сақтап қойған сүріндей.

Кешегі орыстың озбырлығымен бірге келген бұл "пәледен" әсілі құтыламыз ба,жоқ па деген ой мені көп мазалайды.Осы тұста менің көңіліме сенім ұялатар бір жайт Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2000 жылы жариялаған "Жемқорлық пен қылмысқа қарсы күрес жүргізу жолдары" атты арнайы бұйрығы. Демек, аталмыш дертпен күрес әрдайым ел президентінің назарынан тыс қалған емес.

Халықаралық сарапшылар мәлімдемесіне сүйенсек,2020 жылы Қазақстан жемқорлық көрсеткіші ең төмен 60 мемлекеттің құрамына енуі тиіс.Ал, мақсатқа жету жолында біз қандай жұмыстар атқардық, алдағы бір жылда нендей көрсеткішке қол жеткіземіз? Елбасы артқан сенім орынды. Дей тұрғанмен, «көтере алмас шоқпарды» белге байлап күлкі болмасақ болғаны да. Өткен жылдың мамыр айындағы көрсеткішке зер салсақ, Қазақстан сыбайлас жемқорлық бойынша әлем елдері арасында 122-ші орынға табан тіреген екен. Осы орыннан жемқорлық көрсеткіші ең төмен 60 елдің қатарына аз уақыт арасында көтеріле аламыз ба?-деген заңды сауал туындайтыны тағы бар. Мен бұл сұрақтың жауабын мына бір халық даналығымен түсіндірер едім:"Әділдікке жығылмайтын адам жоқ".  Мен күндердің бір күні осы әділеттіліктің ақ таңы атарына және де, жемқорлық дейтін індеттің тамырына балта шабылар сәт туарына нық сенімдімін.

Елбасымыз бір сөзінде:"Біз парақорлардың жолын кесіп,оған қарсы соғыс ашуымыз қажет" екендігін атап көрсетті.Сол себептен, сіз бен біз тарихы тереңнен бастау алған жемқорлықпен күресудің жаңа,тың жолдарын іздестіріп, оған қарсы мықты насихат жүргізуді қолға алуымыз қажет.Өскелең ұрпақ бойына бұл мәселенің өзектілігін тал бесіктен ұғындыру қажет.

Әрбір азамат жемқорлықпен күресті алдымен өзінен бастауы қажет деп білемін. Себебі, адам баласының бойындағы ең нашар қасиет-көрсеқызарлық. Міне, дәл осы қасиет кез-келген адам бойында болады.Бірақ, ол қасиет адамгершілік қасиеті алдында дәрменсіз. Егер адам баласы тез арада нәпсісін тимай, тәубеге келмей көрсеқызарлықтың жетегінде кетсе міне осы жерден адамзат баласына қауіп төндіретін індет пайда болады. Демек, жұмыр жүректі пенденің кез-келгені әділет пен шындық алдында адал болуы қажет.

Келер күн мен жарқын болашақ үшін біз бұл соғыста жеңіле алмаймыз.Жеңіске жете алған жағдайда ғана әділетті де, ізгі қоғам қалыптастыра аларымыз ақиқат.

0 Пікір Кіру