Революцияны данышпандар даярлайды, қызығын азғындар көреді - на politic.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на politic.bugin.kz Қаракөз Амантай

Тұрсынбай Жұртбай күделігінен

Кімбіз?

Немістердің қалғып кеткен намысын оятып, дүниені дүр сілкіндіріп, екінші рейхты құрған «темір канцлер»  Отто Бисмарк:

«Революцияны данышпандар даярлайды, фанатиктер жүзеге асырады, қызығын азғындар көреді», – деген екен!

«Қасиетті Рим империясының» алманиялық рейхы – кеңесі арилік – германдық идеяны дүниеге әкелді. Бисмарк араға 5 ғасыр салып барып оны жүзеге асырды. Ал, Гитлер мен Муссолини «қасиетті одақ» құрып, «одақ — фашизм» – деген  италян сөзін жексұрын ұғымға айналдырды. Рейхтың қызығын шыжық етті.

Ал бізде ғой «Алаш» идеясын Кенесары – Абай тұсындағы «зар заман» ақындары дайындады. «Алашорда» үкіметі мен кеңесін Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Б.Құлманов, Х. және Ж. Досмұхамедовтер, М.Тынышбаев, М.Шоқай, Х.Ғаббасов, Е.Омаров, Т.Шонанов, М.Жұмабаев, А.Бірімжанов сияқты ұлт көсемдері құрды, ұлттық автономия алды.

Автономияның қызығын кеше «коммунист — колонизаторлар» (С.Сәдуақасов), бүгін сіз бен біз көріп отырмыз.

Сонда біз кімбіз?

Үлгi

Даналардың – өзi  үлгi емес, сөзi – үлгi. Өйткенi, данышпандар ешкiмге бағынбайды, ешкiммен есептеспейдi, өзiнiң дегенiмен өмiр сүредi. Олар тек ақиқатқа ғана жүгiнедi. Сондықтанда  олар қоғамның пiкiрiмен санаспайды, айналасымен үйлесiп тiршiлiк етпейдi. Сезiмiне билетедi, нәпсiсiне тыйым салмайды. Бойын да күтпейдi. Оны түсiну қиынға соғады, ал ол түсiнiктi болуға тырыспайды да. Ойына не келсе – соны iстейдi. Гете де, Толстой да, Абай да, Ганди де солай. Ал, олардың өмiрiнде былайғы жұрт үлгi тұтпақ түгiлi, дауыстап айтуға именетiн қаншама түсiнiксiз, жұмбақ оқиғалар өттi десеңiзшi?!.

Ұлылардың өзi үлгi, сөзi үлгi емес. Себебi: даналар – болмыстың нысанасының (высокая идеяның), тағдырдың және түпкi сөздiң иесi. Ұлылар – сол сөздiң мағынасын түсiндiрушiлер, уақытына қарай үйлестiрушiлер, заманына сай жаңғыртып, оны өмiрге бейiмдеушiлер. 

Даналардың ғұмыры – мұқым бiр дәуiрмен (эпоха), ұлылардың өмiрi – уақытпен, ғасырмен, кезеңмен (период) өлшенедi. Дананың жұмбағын шешкенi үшiн де ұлы! Сол үшiн қаншама ақыл-ой, зейiн, еңбек жұмсады десеңшi! Дәуiр мен дәуiрдi, дана мен дананы салыстырып барып шешiмiн адамзаттың игiлiгiне жаратты! Сондықтан  да ол – ұлы! Пушкиндi  түсiнген – Лермонтов, Толстойды түсiнген – Достоевский, Абайды түсiнген – Әуезов, Гандидi түсiнген – Неру ұлы! 

Ұлылардың – даналыққа құштарлығы мен құрметi, соларды түсiнуге ұмтылған құштарлығы үлгi.

Ал ұлыларды түсiнгендер мен түсiндiргендердi – тұлға деу лайық.

Даналарға – табынасың! Сөзсiз табынасың және табындырады! Әйтпесе, ол – дана емес.

Ұлыларға – тағзым етесiң! Тағзым! Тағы да тағзым! 

Тұлғаларды – мойындайсың! Мойындамағансуға да болады, бiрақ, түбiнде еңбегi мойындатады. Олардың артында қалатын да сол еңбегi!

Дана – тағдырдың өзi!

Ұлы – тағдырдың жазымшысы!

Тұлға – қызметкер!

Дереккөз: zhasalash.kz

Тұрсын ЖҰРТБАЙДЫҢ күнделігінен.

Жалғасы бар.

0 Пікір Кіру