Жастар жылының ашылуы: кіріспе бөлімде қалып кеткен қазақ тілі - на politic.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на politic.bugin.kz Марғұлан Ақан

Жастар жылының ашылуы туралы

Бүгін Астана қаласында «Жастар жылының ашылуы» өтіп жатыр. Жиынға Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев және шенеуніктер, министрлер, белсенді жастар мен өнер қайраткерлері қатысты. Бұл туралы Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы хабарлайды.

Ұлттық арнадан тікелей эфирде өтіп жатқан жиында елімізге белгілі белсенді әрі  табысты жастар бас қосып, өздерінің жетістіктерімен бөлісті.

Аталған кездесу ресми емес. Себебі, елбасынан бастап билік өкілдері және жастар галустуксыз келген. Яғни еркін форматта өтіп жатқан жиын деп қарауға болады.

Сөз алған жастар өздерінің баяндамасын оқыды. Барлығы сөз алған жастардың саны – 13 . Олардың ішінде әр саланың өкілдері бар. Атап айтқан кезде: кәсіпкерлер, вайнерлер, бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы, металлург, жас ғалым, сарбаз да, ақын да, көпбалалы ана да бар.

Өкініштісі, аталған 13 адамның бесеуі ғана таза қазақ тілінде баяндама жасаса, қалған 8 қатысушы орыс тілінде өз ойларын білдірді. Қазақ тілі тек кіріспе бөлімде қалып кеткені ешкімді қуанта қоймасы анық.

Біз сенген жастардың ана тілінде баяндама жасай алмауына кімді кінәлауға болады? Біз әлі де болсын орыс тіліне тәуелді екенімізді анық көрсетіп бердік. Алдыңғы буынның қателігін өзгертетін, біз сенген жастардың өнертапқыштығы мен кәсіпкерлігі елдің экономикасы үшін үлкен серпіліс. Алайда, өзінің тілінде, өзінің ана тілінде баяндама жасауға қауқарсыз жастардың ертең билікке баруы, тағы да орыс тілін жарты ғасырға жуық пайдаланамыз дегеннің өзі емес пе?

Залда қатысып отырғандардың 99 % қазақ тілді жастар мен азаматтар. Неге біз ұлты қазақ ортада орыс тілінде сөйлеуге мәжбүрміз?!

Жастар жылы құтты болсын!

0 Пікір Кіру