Жұрттың аманатын арқалап келген Жанболат Мамай Ақорда алдында қамауға алынды - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Жанболат Мамай қамалды

Несие амнистиясын жүргізуді талап етіп, қол қойған жүз мың адамның хатын президент Тоқаевтың өз қолына тапсыру үшін Ақордаға бет алған Демпартия лидері Жанболат Мамай мен оның жақтастарын полиция ұстап алып кеткен.

Қоғам белсендісі 4 тамыз сағат 11:00-де Ақордаға 100 мың адамның арызын тапсыруға баратынын бірнеше күн бұрын хабарлаған. Мамай мен оның жақтастары кеше Астанаға келген.

qamshy.kz порталының жазуынша, бүгін Ақорда алдына жиналған қоғам белсенділерін полиция қызметкерлері карантин болғандықтан Ақордаға кіргізбейтінін мәлім етіп, құжаттарын тапсырып, өздеріне тарауын сұраған. Жанболат Мамай құжатты жеке өзі Ақордаға кіріп тапсыратынын, тарамайтынын айтқан соң полиция оларды қарсылық танытты деп ұстап, көлікке салып алып кеткен.

qazaqtimes.kz сайтында жарияланған материалда белсенділердің тура сағат 11-де Министрліктер алдында жиналғаны айтылады.

Алдымен сол жерде шағын жиналыс өткізген. «Басты мақсатымыз – 100 мыңға тарта азаматтың қолы жиналған Қазақстан халқының несиелік амнистия туралы арызын Ақордаға өткіземіз. 5,5 миллионға тарта азаматтың 4,4 трлн теңге берешегін бір ретке өтеуге мемлекеттің шамасы жетеді. Бір ай ішінде мерзім береміз. Егер шешім болмаса, бір айдан соң халықты бейбіт митингіге шақырамыз. Билік халық талап еткенде, көшеге шыққанда ғана қолға алатын әдеті бар, – деп атап өткен Жанболат өз сөзінде Грузияда, БАӘ, Оңтүстік Кореяда, Моңғолиядағы несиелік рақымшылық тәжіриебесін алға тарта отырып, дәл мұндай көмек пандемия кезінде аса маңызды, қажетті қадам деп санайтынын атап өткен.

«Несиелік амнистия жариялау Қазақстанда ойлап табылған бағдарлама емес. Бұған дейін Грузияда 600 мың адамның 1.5 миллиард долларды құрайтын несиесі кешірілді. Моңғолия президенті 2020 жылы қаңтар айында елдегі барлық зейнеткерлердің несиесін кешірді. Несиелік амнистия Оңтүстік Кореяда, Біріккен Араб Әмірліктерінде де жарияланды. Сондықтан әлемдік прецедент бар. Несиелік амнистия жариялауға ақша жоқ деген сылтауға да біз сенбейміз. Сіздің сөзіңізге сенсек, Ұлттық қорымызда 90 миллиард доллар қаражат бар. Одан бөлек, тәуелсіздік жылдарында офшорға 140 миллиард доллар аударылған. Сол ақшаны неге қайтармасқа?» деген ол.

Осыдан кейін олар 100 мың адамның қолы қойылған хатты тапсыру үшін Ақордаға бет алады. Алайда Ақордаға беттеген топтың алдын әскерилер бөгеп, көпірден де, айналма жолдан да өткізбей қойған.

Бұған наразы болған топ сол жерде «Тоқаев шық!» деп айғайлай бастайды.

Осыдан кейін яғни 11:33-те өзін Президент әкімшілігі кеңсесі басшысының орынбасары ретінде таныстырған бір адам Жанболат Мамай бастаған шағын топты Ақордаға ертіп әкетеді. Артынша, сол жерден қамауға алған.

sn.kz

0 Пікір Кіру