Қазақ баспасөзінен қадір қашты ма? - на politic.bugin.kz
Салтанат Шынәділ - на politic.bugin.kz Салтанат Шынәділ

БАҚ-тан бақ тайса кінә кімде?

Бұқаралық ақпарат құралдары халықты ақпараттандыру жұмысымен ғана айналысатын ауқымы тар дүние емес. Оның насихаттау, сауаттандыру, ел мен биліктің арасына көпір болу сынды салмақты қызметі және бар. 

Наполеон: «Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор»,-деп дәл айтқан. Ал бүгінгі біз көріп жүрген БАҚ-тың келбеті қандай? Тойда болған оқиғаларды тергіш, тіпті, біреудің отбасы, ошақ қасындағы жеке бас мәселелерін жерден жеті қоян тапқандай жарыса жазатын көрілім санын көтеруді ғана көздеген сайттарды да көріп жүрміз. Халықты татымас сөзбен алдаусыратып, емізік беріп алдаған сәбидей қылғысы келеді-ау, сірә?! Ол қулықтың «үддесінен» шығып, алданатындар да жоқ емес. «Аңқау елге арамза молда». Иә, «бізге тәуелсіз БАҚ керек, бірақ ар мен ұяттан тәуелсіз БАҚ емес» (М.Задорнов). Атынан ат үркетін тақырыптарды айқайлатып қойған кейбір мақалалардың берер жөні түзу ақпары, не білімі, не тәлімі жоқ. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарар» деген қазақтың мәтелі тура сондай жазбаларға қарата айтылғандай. Әрине, БАҚ-ты біржақты кінәлаудан аулақпыз. Демек, көрілім санын көтеретін, көңілінің қалауы сондай жартыкеш ақпарлар болған «оқырман» бар деген сөз. Көпке топырақ шашып күстәналаудан аулақпыз. Алайда, «бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні» бар. Осындай арзан мақалалармен БАҚ-тың қадірін қашырып, құнын түсіріп алмадық па? Педофилдердің кесірінен тағдыр талайын кешкен кішкентай бүлдіршіндердің аты-жөнін бадырайтып көрсетіп, баланың ар-ұятын бір шетке ысырып, жығылғанға жұдырық болып тиетін күнге жеттік қой біз. «Жұлдыздардың» қайсысы қандай күй кешіп жүргенін, кімнің ажырасып, кімнің шаңырақ көтергенін сөз қылатын белден төмен әңгімелер мен әйелдердің өсегіне бергісіз оқиғаларды жазып журналистиканың қасиетін қашырмадық па?! Елдің күйін жақсартуға БАҚ тікелей ықпал ете алмайды делік. Бірақ, бұл БАҚ-тың қоғамдағы рөлін жоққа шығармайды. 

Қазаққа ел арасын бөтен сөзбен «былғайтын» БАҚ керек емес, халықтың сапасын арттырып, санасын түзеуге ықпал ететін, елдің көзі, құлағы, тілі болатын БАҚ керек! 





0 Пікір Кіру