Президент айтқан екі апта өтті: Үкімет үмітті ақтады ма? - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Үкімет халықтың үмітін ақтады ма?

Президент айтқан екі апта өтіп, үшінші жұмыс аптасы басталды. Үкімет отставкаға кете ме, жоқ па, астанада сол жағалауда қандай жаңалық бар. Қасым-Жомарт Тоқаев тек қана цифрлық дамуға жауапты бір министрді ғана ауыстырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

«Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенем. Олай болмаған жағдайда жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеуі туралы мәселе туындайды».

Президент уақыт берген екі апта өтті. Бәз біреулер үшін қас қағым сәт, әлдекімдерге ғасырдан да ұзақ күндей болған шығар. Үкімет отставкаға кетпеді. Екі апта аяқталарда, 23 шілде күні Асқар Мамин Ақордаға кіріп шықты. Мемлекет басшысына есеп берді. Коронавирус жұқтырғандар саны 2,1 пайызға төмендепті. Ауруханада төсек орын көбейіпті. Жәдел жәрдем шақырушылар 31 пайызға азайып кетіпті. Қасым-Жомарт Тоқаев Маминнің айтқандарына сенді ме, әлде басқа бір жоспары бар ма, атқарушы органды таратпады.

Арман Шораев, қоғам белсендісі:

«Халық сеніміне ие болғандар Үкіметке келу керек. Көзі ашық азаматтар бар. Аймақтарда жап жас іскер азаматтар бар. Қазір өкінішке орай, бір корона қалыптасқан, соны былай былай өзгертеді. Одан нәтиже күтуге болмайды».

Есесіне, кейбір әкімдер орынбасарларын ауыстырды. Мәселен елорда басшысы Алтай Көлгіновтің бір кадры Алтынбек Қайсағалиев орнын босатты. Алтынбектің келіншегі карантин кезінде сұлулық салонында жүрген суретін салып, шенеунік күйеуіне сөз тигізген болатын. Одан бөлек, қыстағы қар, жаздағы су басқан астана көшелері үшін де біраз сын естіді.

Самат Нұртаза, саясаттанушы:

«Өз саласын меңгерген, өз саласының әлсіз әрі мықты білетін ол тек қана орынбасарлар. Көбінесе әкімдер мен министрлердің қара жұмысын жасайтын да орынбасарлар. Сондықтан таяп келе жатқан өзгеріс менің ойымша бүгінгі басшылардың орынбасарларының туған жұлдызды сәті деп есептеймін».

Екі апта мерзімде бар күшті медицинаға салған Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова да Президенттің көзіне түсемін деп, өз жерлестерінің сынына қалды.

Ал Шымкенттің әкімі осы екі аптаның ішінде кабинетте отырмай, көше кезіп кетті.

Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғалы көп ауыс-түйіс жасаған жоқ. Білім мен мәдениет саласының басшысын өзгертті. Пандемия басталғалы денсаулық сақтау министрін ауыстырды. Жуырда болған Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін интернет, егов порталы үшін қоғамның ызасын тудырған Асқар Жұмағалиевтің орнына цифрлық даму министрлігіне Бағдат Мусинді қойды. Дегенмен Үкіметтің жұмысына қатысты әлеуметтік желіде әлі де біраз сын пікір жазылуда. Айтпақшы, Президенттің тапсырмасынан кейін кейбір өңірлердегі шенеуніктер пост жазып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған сыңай танытуға кірісті.

newsroom.kz

0 Пікір Кіру