«Бұлар қаражатты бөліп алуға келгендер»: Мәдениет қайраткерлері Тоқаевқа хат жазды - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Олар Тоқаевтан араша сұрайды

Бір топ мәдениет қайраткері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жазды. Олар «Қазақфильм» киностудиясының қазіргі мүшкіл халін айтып, Мәдениет министрлігінің шығарған шешіміне қарсы екенін жазған. Ашық хатқа КСРО Халық артисі, ҚР Еңбек ері Асанәлі Әшімов, кинорежиссер С.Нарымбетов, Қазақстанның халық артисі Нұржұман Ықтымбаев, режиссер Рүстем Әбдірашев сынды барлығы 10 адам қол қойған.

«Мәдениет министрі зиялыларды адам құрлы көрген жоқ...»

Қазақ киносының дамуына өмірін арнаған бұл азаматтар Ш.Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясының шығармашылық тұрғыдан да, қаржылық жағынан да тоқырауға ұшырағанын айтып отыр. «Қазақфильм» киностудиясына Ақан Сатаевтың басшы болып жаңадан тағайындалуы мен оның бұрынғы президенті Арман Әсеновтың қызметтен кетуі кино саласындағы ардагерлер үшін түсініксіз жайт болған.

«Жаңа директор Ақан Сатаев жақсы азамат. Дегенмен ол – кәсіпкер, өз қалтасын, компаниясын ойлап жүрген адам. Қазақфильмге басшыны алдымен осы саланың ақсақалдарымен, мәдениет қайраткерлерімен ақылдасып тағайындайтын. Бұрынғы басшы Арман Әсеновке қарсы қулық жасалды. Орнынан алғанын өзі де білмей қалды. Ал Сатаевты тағайындарда ешкіммен ақылдасқан жоқ. Оның мына үлкен киностудияны көтеретін қандай жоспары бар? Үлкен адамдардың алдынан өтіп, ақылдасып шешу керек еді. Біреуін алдап түсіріп, екіншісін күтпеген жерден тағайындау – зиялыларды менсінбеу, адам құрлы көрмеу деп білеміз. Қазір киностудияның жағдайы өте мүшкіл, көп маман жұмыстан кетіп қалды. Техниканың бәрі шаң басып, тозып жатыр. Шығармашылықпен айналысып жүрген адам жоқ», - дейді танымал режиссер Рүстем Әбдірашев.

Оның айтуынша, кино саласы қазір тоқырауға ұшыраған. Ал былтыр ғана құрылса да, ақша жымқырумен аты шығып үлгерген Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын басқарып отырған адамдар руханиятты емес, тек пайда табуды ойлайтын көрінеді. Осы күнге дейін қазақ киносының дамуына өмірін арнаған қайраткерлер, мамандар жұмыссыз қалған. Режиссерлер түсіретін жаңа туындыларын қазақ тілін, ұлттық идеологияны түсінбейтін бастықтардың алдына апарып, өткізе алмай жүргендерін айтты.

«Бұлар тек ақшаны бөліп, пайда табуға келгендер...»

«Қазақфильм» мен үшін қарашаңырақ. Сол жерді ұстап тұру, тесігін бітеу үшін қаншама жұмыс істелді. Енді келіп екіге бөліп, бір-бірімен қырқыстырып қойды. Министрлер ойына келгенін істейді. Ұлттық кинодағылар пайда көру үшін бәрін қатырып жатырмыз деп есеп береді. Ал киноның шын жанашырлары далада қаңғып қалды. Соғыстың кезінде де кино түсірілген. Ұлттың басын біріктіретін қаншама жоба жасауға болатын еді. Ал бұл басшылар итке сүйек лақтырған сияқты бір-біріне айтақтап қойды. Бұлар - қаражатты бөліп алуға келген адамдар. Ұлттық идеология, тәрбие беру туралы киноларды талқылаудың орнына қаражатты бөліп-жарумен жүр. Жаңадан құрылған орталыққа басшы болып келгендер өмірінде бір кино түсіріп көрмеген адамдар. Қазақ тілін, қазақтың идеологиясын түсінбейтіндер жиналды. Олардың алдына барып жобаны өткізу, дәлелдеудің өзі қорлық. Кино сценариін аяғына дейін талқылауға шамалары жетпейді, тек ақшаны бөліп, пайда табуға келгендер. Ашынып отырмыз. Бізді адам деп есептемейді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жетекшісі бізге «өңшең ауылдан келгендерді жинаған, қолдарыңнан түк келмейді, қой бағыңдар, киноны біз өзіміз түсіреміз» деп, ақсақалдардың алдында шіренді. Масқара ғой. Әйел болған соң тілімізді тістедік, еркек болғанда басқаша болар ма еді...», - дейді Р.Әбдірашев.

Мемлекеттің ақшасы бір күндік жеңіл киноларға бөлінді

Президенттен пана сұраған мәдениет қайраткерлерінің сөзінше, қалыптасқан қиын ахуал қазақ кино мәдениетіне де кесірін тигізіп отыр. Киноға деп бөлінген қаржы рухани, тарихи туындыларға емес, арзан күлкі, қылжақ, таяз ойлы, бір күндік жеңіл киноларға бөлініп кеткен. Кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ-та комиссия төрағасы болса да, мүшеліктен өз еркімен шығып кеткен. Өйткені мемлекеттен бөлінген қаржының басым бөлігі жекеменшік студияларға, табыс қуған, ұлт мүддесіне пайдасыз сценарилер бойынша түсірілетін туындыларға берілген.

«Мені осы ұлттық киноны қолдау орталығына комиссия төрағасы қылып сыртымнан бекітіпті. Көпшілік ұсынған соң келіскем, алайда шығып кеттім. Комиссияға екі жүзден астам жоба түсті. Солардың 5-6 ғана тарихымызға, өткеніміз бен бүгінгімізге арналған фильмдердің сценариі екен. Қалғандарының бәрі жеңілтек, арзан күлкіге арналған, келінке-мелінке, бизнес по казахский сынды тек пайда тауып қалуға негізделіп жазылған, бір-ақ рет көруге болатын фильмдердің жобалары. Талқылау кезінде менің, Ермек Тұрсыновтың қарсылығына қарамай, комиссия мүшелерінің көбі жаңағы арзан дүниелерге миллиондап қаржы бөлуді қолдады. Түсірілетін туындылардың 80-85% арзан дүниелер. Мемлекет қаржы бөлгенде тек арзан туынды түсіріңдер, пайда қуыңдар деп бөлген жоқ қой?! Неге бізде ұлтымыздың қуанышын, қасіретін, елдің мүддесіне жұмыс істейтін кинолар түсірілмейді?», - деді Сатыбалды Нарымбетов.

Кәсіби мамандар 42 500 теңгеге телміріп отыр

Түсірілетін фильмдерді таңдап, қазақ киносын дамытуға бағытталған қаржыны бөліп беретін комиссия құрамында 14 адам бар. Алайда кәсіби режиссерлардың көбі қазір жұмыссыз, мемлекеттің 42 500 теңгесіне телміріп отыр. Тоқаевтың атына хат жазған мәдениет қайраткерлерінің сөзінше, министрлік кино саласында өзіндік орны бар ардагер азаматтарды мазаққа айналдырған.

«Қазақфильм» киностудиясы қазақтың қара шаңырағы. Ал осы студияға соңғы кезде бірде-бір рет толық метражды кино түсіруге қаржы бөлінген жоқ. Ақша тек майда-шүйде, деректі фильмдер мен жастарға арналған шағын сценарилерге берілді. Онда да, қаржы жаңағы Ұлттық деп аталған орталық арқылы беріледі. Оның үстіне ақша жеке меншік студияларға беріліп жатыр. Олар бізсіз де өмір сүріп, киноларын түсіріп жатыр. Ал мемлекеттен бөлінген қаржы жекеменшік біреудің компаниясына беруге қарастырылмаған. Біз алдымен «Қазақфильмді» жарылқап алайық. Өткен жылдың тамыз айында «Қазақфильм» киностудиясының президенті болып тағайындалған Арман Әсенов пен киностудияның басқарушы директоры Қанат Төребай екеуін басқа қызметке ауысасыңдар деп министрлік арыз жаздырып, ақырында екеуін де далада қалдырды. Мәдениет министрлігі алдап қол қойдырып, басқаша бұйрық шығарды. Бұл – мазақ», - деді С.Нарымбетов.

Нағыз шығармашылық адамына орын қалмады деген киногерлер Президентке жазған алғашқы хаттан нәтиже шықпаса қарсылық қолдары әлі де көбейетінін ескертті.

P.S. Айта кетейік, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын басқарған Гүлнар Сәрсенованың үстінен қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Ол аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінген.

Азаттық рухы

0 Пікір Кіру