Заңға қол қойылды, енді сайлау қашан? - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Белсенділер пікірі

Президент кеше бірқатар заңдарға қол қойды. Соның ішінде қоғамда қызылкеңірдек тартыс тудырған бейбіт жиын туралы, саяси партиялар және сайлау туралы заңдар да бар. Енді партиялық тізімнің кемінде отыз пайызы жастар мен әйелдерден тұруы шарт. Саяси партиялар құру шегі екі есе жеңілдетілді. Бейбіт жиын өткізу тәріптері де бұрынғысынан оңды кейіпке енді. Жергілікті билікті құлақтандыру жеткілікті.

Ауызша айтылып келген дүниелер заңмен шегеленді ме?

Заңнамаға енгізілген түзетулер биліктің саяси жағдайды, яғни, саяси кеңістікті бақылауды жұмсартуға деген құлқын көрсетіп отыр. Бастысы – ниет түзу.

«Ұсыныстардың барлығы зерттеліп, зерделенді. Енді заңға президент қол қойып жатыр. Бұл – халық үніне құлақ асатын мемлекеттің бірден-бір көрінісі. Бұрын тек сөзбен айтылған дүние болса, мына қабылданып жатқан заңдар соны шегелеу. Барлық партиялар тізімінің кем дегенде отыз пайызы әйелдер мен жастардан құралуы керек. Бұл да – берілген жақсы мүмкіндік», – дейді «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбай.

Десе, азаматтық қоғам, әсіресе, оппозициялық ұстанымдағы азаматтар осы заң жобалары талқыланып жатқанда қатты сынға алған. Енгізіліп жатқан жаңашылдықтардың демократияға үш қайнаса сорпасы қосылмайды деген пікірді айтты көпшілігі. Соның бірі – журналист Ермұрат Бапи.

«Бұл – жаңа заң емес. Ескі заңды жамап-жасқап қойды. Сондықтан заңнаманың заты өзгерген жоқ. Азаматтық қоғамның пікірі ескерілмеді. Парламенттің екі палатасында тартыс болды дегендей ойын ойнатты. Шетелде артық сұрақ қойылмасы үшін осылай жасалып жатыр. Сондықтан мен бұл заңдардан ештеңе күтпеймін», – дейді ол.

Қалай десек те, заңнамаларымыздың біршама жұмсартылғанын жоққа шығаруға болмас. Бастысы, ынта бар. Бұл – Ақорданың демократияға қарай жасалған алғашқы қадамы. Тәуелсіз сарапшылар осыны меңзейді.

«Өркениеттік, қоғамдық тұрғыдан айтқанда, бұл – бір саты жоғарылағанымыздың айғағы. Саяси өзгерістер жаңа заңның қабылдануына әкеледі. Бұл саяси сананың, биліктің дайындығын көрсетеді. Бұл заңдар осы талапқа жауап беруі керек болған. Жаңа президент саяси өзгерістерге дайындығын көрсетті. Бұл дайындық Тоқаевтың тұсында ресми түрде заңнамалық формаға ауысты», – деп баға берді саясаттанушы Мақсат Жақау.

Парламент сайлауы қашан?

Естеріңізге сала кетсек, мұның алдында Парламенттік оппозиция туралы заң қаралып, бекітілді. Енді елдің саяси өмірі жаңартылған заңнама бойынша дамитын болады.  Бұл биліктің парламент сайлауына тыңғылықты дайындығын көрсететіндей. Қазіргі депутаттардың сайланған мерзімі 2021 жылы наурыз айында аяқталады. Заң бойынша, бұдан бір ай бұрын сайлау өтуі тиіс. Төрт ай бұрын президент жариялауы керек. Елімізде сайлауларды мерзімінен бұрын өткізу дәстүрге айналып кеткені құпия болмаса керек. Бұл жолы қалай болмақ?

«Осы заңдардың негізінде күзде парламент сайлауын өткізгелі жатқан сияқты. Қазірдің өзінде «Нұр Отан» партиясы дайындыққа кірісті. Әлеуметтік бағдарламаларын жасап, имиджін қалыптастыру әрекеттерін жасап жатыр», – дейді Ермұрат Бапи.

Елнұр Бейсенбайдың пікірінше, был жолы сайлау уақытында өтеді. Шамамен қазан айында жарияланып, ақпан айында сайлау болады.

«Елбасы бірнеше мәрте айтты. Президентіміз Тоқаев та сайлаудың өз уақытында өтетінін мәлімдеді. Менің ойымша, жасалып жатқан дүниелердің бәрі сайлаудың уақытында өтуіне әкелетін сияқты. Маусымның аяғында парламент демалысқа кетеді. Пандемия сайлауды уақытынан бұрын өткізуге мүмкіндік беріп отырған жоқ. Меніңше, сайлаудың өз уақытында өткені, билікке де, қоғамға да тиімді. Қазіргі мақсат – пандемияны жеңіп шығу. Басты мәселе – осы», – дейді Елнұр Бейсенбай.

Оның пікірінше, сайлауға дайын бізде бір ғана партия бар. Ол – «Нұр Отан». Басқа партиялар әлі дайын емес. Бұл да сайлаудың өз уақытысында өтуіне түрткі.

Бұл пікірді Мақсат Жақау да қолдайды. Ол парламент сайлауының биыл өтпейтініне нық сенімді.

«Өйткені, бюджетте қарастырылмаған. Биыл пандемиялық ерекше жыл болып жатыр. Мұның өзі біраз саяси-экономикалық өзгерістерге әкелді. Жергілікті әкімдіктерде аймақтық, қауіпсіздік мәселелер қарастылып жатыр. Меніңше, сайлау келесі жылы көктемде немесе күзде өтеді. Бюджет қабылданады. Бұл саяси институттардың дайындығына да байланысты. Мен деген саяси институттар тәжірибесімен көзге түспей отыр. Парламентте отырған партиялардың өзі депутаттық корпустық қызметпен ғана шектелген. Жалпы, «Нұр Отаннан» өзге партиялардан әлеуметтік-экономикалық, аймақтық белсенділік көрінбейді», – дейді ол.

Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...

Әлем экономикасын шайқалтып отырған пандемия парламентке жаңа жауапкершілік жүктесе керек. Мұнай бағасы құлдырап тұрған кезде Мәжілістің  «ұйқы қандырар» орын бола алмасы түсінікті. Сонымен, алдағы сайлаудың бұрыңғы сайлаулардан қандай өзгешелігі болмақ?

«Ешқандай өзгешелік болмайды. Жаңа құрылып жатқан партиялар тіркеліп үлгермейді. Бұрынғы партиялар түседі. Мажоритарлық сайлау жүйесі енгізілсе, бір өзгеріс болар еді», – дейді Ермұрат Бапи.

Ал Елнұр Бейсенбайдың пікірінше, бұл жолы жаңа форматтағы партиялар ғана билікті қолына ұстап қала алады.

«Қазір елге уақытында дұрыс шешім қабылдай білетін мықты саяси менеджерлер керек. Мемлекетке, ұлтқа, шекараға, экономикаға, білімге деген көзқарас өзгерді. Кәсіпкерлер пандемиядан кейін тәуекелге бармай, көп сақтық жасайтын болады. Адамдар той томалақ, пайдасыз іс-шаралардан тыйыла бастайды. Мұның бәрі саяси мәдениетке деген көзқарасты да түбегейлі өзгертті», – дейді Елнұр Бейсенбай.

Мақсат Жақау алдағы сайлауда додаға түсетін, аяғына жемсау түсетін партиялар жөнінде де болжам жасайды. Оның пікірінше, аграрлық, аймақтық саясатты күшейту бағыттында «Ауыл партиясы» потенциалды саяси институт ретінде көрінеді. «Руханият» та өзін көрсетуі тиіс. Онда біраз мамандар бар.

ҚХКП-ның идеологиялық маңызы жоғалған. Қазірдің өзінде әлеуметтік-экономикалық мәселелерге мардымды ұсыныстарымен көзге түсіп отырған жоқ. Сондықтан келесі сайлауға түспеуі әбден мүмкін.

«Сана өзгермей заң толығымен жүзеге аспайды. Бейбіт шеру өткізу мәдениетін, тәртібін саяси партиялар мен қозғалыстар толық меңгеруі керек. Саяси тәжірибесі бар, мемлекеттік жүйені меңгерген, өз пікірі, ұстанымы бар қайраткерлермен қозғалыстардың легі толығуы керек. Заңнамалар осыған итермелейді деп ойлаймын», – дейді саясаттанушы.

Оның ойынша, жаңа парламент бұрынғыдай ақшасы барлардан емес, мамандықты игерген, ұлттық бағытта ойлай алатын, экономиканы жетік білетін азаматтардан жасақталуы тиіс.

«Партияларды тіркеуді неге 20 мыңға түсірді? Өйткені, саннан сапаға көшетін уақыт болды. Бұл сайлау сапалы адамдарды, сапалы партияларды шығаратын сайлау болады деп ойлаймын», – дейді Мақсат Жақау.

nege.kz

0 Пікір Кіру