422 қате: Министрлік депутаттардың сынына жауап берді - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Қазақ тіліндегі заң жобасында қате өріп жүр

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиналыстар туралы заң жобасының мәтінінде кездесетін қателерге түсініктеме берді.

14 мамырда сенаттың жалпы отырысында депутаттар бейбіт жиналыстар туралы заң жобасының қазақ тіліндегі мәтінінде көптеген қате жіберілгенін мәлімдеген еді.

Сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің айтуынша, ақпарат және қоғамдық даму министрлiгi әзірлеген заң жобасына ғылыми-лингвистикалық сараптама жүргiзу барысында 422 қате табылған.

"Бұған жай үйреншiктi жағдай деп қарауға, көңiл аудармай өтуге болмайды деген ойдамын", - деді депутат.

Бүгін, 15 мамырда ақпарат және қоғамдық даму министрлігі заң жобасының мәтінінде кездесетін қателерге түсініктеме берді.

"Нормативтік құқықтық актілер туралы" заңда және заң жобалау жұмысын ұйымдастыру қағидаларында заң жобаларын әзірлеу кезінде сақталатын нақты ережелер қарастырылған. Міндетті талаптардың бірі - заң жобаларын ғылыми-лингвистикалық сараптау. Бұл жағдайлар бейбіт жиналыстар туралы заң жобасын әзірлеу кезінде ескерілді, заң жобаларының мәтіні парламентте талқылануға дейін екі рет қажетті тексеріс пен лингвистикалық сараптамадан өтті. Ғылыми-лингвистикалық тексеріс нәтижесі бойынша барлық ескерту ескеріліп, қателер түзетілді", - деп мәлімдеді баспасөз қызметі.

Министрлік заң жобалары парламентке ұсынылған кезде оларға ілеспе құжаттар, оның ішінде ғылыми-лингвистикалық сараптама қорытындысы қоса берілетінін атап өтті.

Ведомствоның ақпаратынша, сенат депутаттары айтқан қателер бейбіт жиналыстар туралы заң жобасының бастапқы нұсқасында кездескен. Заң жобалары парламентке жіберілгенге дейін бұл қателер жойылған.

Сенат митинг туралы заң жобасын неге мәжіліске қайтарды

Сенат депутаттары бейбіт жиналыстар туралы заң жобасының бірнеше бабына өзгеріс енгізді.

Солардың бірі – митинг өтетін арнайы орындар мен олардың санына қатысты.

Сенат астана, республикалық маңызы бар және облыс қалалары мен сол қалалардың құрамына кіретін аудандарда арнайы орындар міндетті түрде қаланың орталығында болуы тиіс деп санайды. Сонымен қатар бұл қалаларда арнайы орындардың саны үштен кем болмауы тиіс.

Сондай-ақ сенаторлар митингке қатысушыларға бетін бүркемелеуге рұқсат беріп отыр.

Яғни қатысушыларға денсаулығын сақтау қажет болған жағдайда, жеке қорғаныш құралдарын пайдалануға, мәселен маска тағуға рұқсат беріледі. Бұрынғы заң жобасында оған тыйым салынған еді.

Бейбіт жиналысқа қатысып жатқан адам заң бұзушылық жасаса, ол бейбіт жиналысты тоқтатуға негіз болып табылатын. Енді бұл нормаға да өзгеріс енгізіліп отыр. Яғни митинг кезінде қатысушы немесе қатысушылар тарапынан орын алған заң бұзушылық жойылса, митингті әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік беріледі.

Парламенттің жоғарғы палатасы заң жобасын осы түзетулермен мәжіліске қайтарды.

sputniknews.kz

0 Пікір Кіру