Арыстағы жарылыс: Әскерилер сот алдында жауап беріп жатыр - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Шенді әскерилер сотталып жатыр

Былтыр Түркістан облысының Арыс қаласында 24 маусымда болған жарылысқа жауапты деген әскери қызметкерлер сот алдында жауап бере бастады. Шымкентте басталған сот процесінде 1,5 мыңнан астам адам жәбірленуші деп танылса, лауазымды 16 қызметкер күдікті ретінде қарастырылған.

КТК телеарнасының мәліметінше, қылмыстық іске қатысы болуы мүмкін 16 адамның барлығы – әскерилер. Барлығы да лауазымды қызметтер атқарған. Арасында №44859 әскери бөлімінің командирі мен оның орынбасары – артиллериялық оқ-дәрілерді сақтау қоймасының басшысы да бар.

Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылып отыр. Атап айтқанда, олар «Жарылғыш заттарды қолдану ережелерін бұзу» және «Абайсызда кісі өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкелу» секілді әрекеттері үшін сотта жауап береді. Қылмыстық істің өзі болса 400 томнан тұрғандықтан, сот процесі ұзаққа созылуы мүмкін.

Айта кетейік, былтыр Арыс қаласындағы әскери қоймада бірнеше жарылыс болып, салдарынан 3 адам қайтыс болды. Тағы 200-ге жуық адам жарақат алған. Араларында кішкентай балалар да бар. Қала тұрғындары түгелдей көшіріліп, қираған үйлердің орнына жаңалары салынды.

Азаттық рухы

0 Пікір Кіру