Қазақстан қандай мамандарға мұқтаж? - на politic.bugin.kz
Салтанат Шынәділ - на politic.bugin.kz Салтанат Шынәділ

Маңыздысы қайсы: сапа ма, сан ба?

Қазақстанды әлемдік аренада әйгілейтін, экономикасы қуатты мемлекеттердің көшінен ойып орын алып беретін не нәрсе деген сауал кез келген есті қазақты толғандырары сөзсіз. Қалай дамытамыз деген сұрақ көз алдымызда көлденең тұра қалғаннан бізден әлдеқашан, әлдеқайда дамып кеткен мемлекеттерді темірқазық етіп, олардың салып кеткен сүрлеуімен жүріп, олар жасаған дүниенің оннан бірін болсын жасауға тырысып бағамыз. Елімізде мына сала кенже қалып келе жатыр деп дабыл қаға бастағаннан сол саланың жілігін шағып, майын ішетін, мамандарды іздейміз. «Бір қайғыны ойласаң, мың қайғыны қозғайтын» әдеті. Енді осы негізгі сұраққа оралайық. Қазақстан қандай мамандарға мұқтаж?

2018-2019 оқу жылында 53594 грант бөлінді. Оның ішінде 24737-і техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі. Ал енді жұрт жаппай ақылы болса да ағылып түсетін құқық мамандықтарына 100 грант қана бөлінген. Осыдан-ақ еліміздің кімге көбірек мұқтаж екенін бағамдай беріңіз. «Егер жеңіске жеткің келсе, ең қиын жолды таңда. Ол жолда саған қарсыластар болмайды»,-деген сөз дөп айтылған. Дүние сан құбылып, сәт сайын технологиялардың жаңа түрі жасалып шығып, адамзат темірдің тілін меңгеруде бір-біріне шаң қаптырып жатқан тұста біздегі білім беру жүйесінде ауыз толтырып айтарлық жаңалықтар жоқтың қасы. Қазақтың біртуар перзенті Жүсіпбек Аймауытов өз еңбегінде: «...балаға білім бергенде көзімен көргендей, құлағымен тыңдағандай, қолымен ұстағандай етіп беру керек»,-деген болатын. Құлағымен естіп негізгі білімді санасына сңіріп жатқанмен көзбен көріп, қолмен ұстау жағы көп білім ордаларының кемшін тұсы. Білдей жоғарғы оқу орындарының өзінде теория практика жүзінде расталмай, университет «қу шөппен аузын сүрткен», жаттанды білім меңгерген маман тәрбиелеп шығаруда. Осы бір ауыз сөз арада ғасыр өтсе де өзгермеген жүйені күстаналап тұрғандай. Жүсіпбек Аймауытов тіліне тиек еткен тақырыпты бүгінгі заманауи Қазақстанда білім беру саласының тізгінін ұстаған азаматтар ескерсе, күйіміз өзгеше шертілер ме еді. Атағынан ат үркетін оқу орындарының өзі ұзынсонар текстерді құлаққа құйып, ал студентке тәжірибе тізгінін ұстатуға келгенде дәрменсіз. Университет бермеген білімді басын тау мен тасқа соғып жүріп, бір жапырақ қағазды көрсетіп не таныс-тамырлықты іске қосып орналасқан жұмыс барысында үйреніп жатқан тіршілік. «Көш жүре келе түзеледі» деген тіркесті медет тұтып келе жатқан ұлт едік. Кім білер, түзеліп қалар...

Ал қазақтың көсегесін көгертемін деген тілекті мұрат тұтқандар қазақтың жыртығын жамап, ауадай қажет саланың туын көтсерсе нұр үстіне нұр болар еді. 

0 Пікір Кіру