Жер-су аттарын ауыстыру мен бұрмалау - на politic.bugin.kz
Айгерим Татыгалиева - на politic.bugin.kz Айгерим Татыгалиева

Мәселе

Ата-бабаларымыз «Жер тарихы – ел тарихы» деп жер-су атауларына ерекше мән берген. Шын мәнінде елдің елдігін танытатын, халықтың болашағын айқындайтын – ономастикалық атаулар. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы, танымы, тағдыры елдімекен, жер-су атауларында жатыр.

Тәуелсіздік аталғалы көптеген елді мекендерге, нысандарға тарихи атаулары қайта берілді. Яғни, біз ескі атауларды қалпына келтіру арқылы тарихи әділеттілікті қалпына келтіреміз деген сөз. Сондықтан жер-су аттары, елді мекендер атауларын байырғы тарихи атауына ауыстыру жай тарихи-мәдени мұрамызды сақтау ғана емес, сонымен қатар қоғамдық-саяси маңызды мәселе болып табылады.

Жер-су атауларының орыстануына байланысты мәселе Тәуелсіздік алған уақыттан бастап көтеріліп келеді. Сұлтан Оразалиннің айтуы бойынша, КСРО билігі кезінде еліміздегі 20 миллион жер-су атаулары орысшаланған екен. Аз цифр емес. Осы олқылықтың орнын түзету үшін 2013 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы да енгізілген еді.

Жер-су атауларын өзгерту барысында орысшаланған атауларға қазақтың ұлы тұлғаларының атауын берді. Көптеген көшелер мен елді-мекендер белгілі Алаш азаматтары мен хан-билердің есімін иеленді. Бірақ бұған қатысты Әбіш Кекілбаев өз кезегінде қарсылығын да білдірген еді. Ол «елді-мекенге адам атын беру Романовтар әулетінен қалған. Өз аттары өшіп қалмас үшін осындай әрекетке барған. Бірақ адам ел есінде жақсылығымен қалса, оның аты ешқашан өшпейді», - деп пікірін білдірген.

Мұндай мәселе көбіне Солтүстік және Шығыс Қазақстан областарында кеңінен таралған. Себебі Ресейдің жеріне жақын орналасқандықтан, қала атауларына орысша атауларды берген. Бірақ кейбір атауларды халықтың өзі де орысшаға бұрмалап алған. Мысалы, Семей қаласының атауы – Жетішатыр. Бірақ орыстардың тілі келмеген соң Семипалатинск деп аударылған. Бұған қазақтар тілдерін бұрмалап, Семей деп аталып кеткен. Бұған дәлел, Жүсіпбек Аймауытовтың біраз шығармаларында Семей «Жетішатыр» деп жазылған. Сонымен қатар, қала және аудан, аудан орталықтары да әлі күнге дейін орысша атауды көтеріп келеді. Бірақ 2019 жылы Зырян ауданы мен қаласының атауы «Алтай» деп өзгертілді. Бұл да жер-су мәселесін шешуге жасалған шағын әрекет.

Батыс және Оңтүстік Қазақстандағы орысшаланған жер-су атауларының басым бөлігі қазақша атауларын қайтарды. Ақжайық өңірі мен Түркістан маңындағы елді-мекендер және көше атаулары өзгертілді.

Мемлекеттің, ұлттың сипаты ең алдымен оның тілі мен ономастикалық атауларынан көрінетіні рас.

– Ономастикаға жаны ауыратындар – ұлтқа жаны ауыратын адамдар. Қазір дүниетаным өзгерді. Біз бабалардың жолын ұстай алмадық. Облыс, аудандарда жер-суға адам аттары қойылып кетті. Бұрынғы уақытта бізде ауданның көлеміндегі нысандарға адамның аты қойылмаған. Кісі есімдері тек қана микротопонимдерге берілетін. Осы дәстүрден айырылдық. Біз таяу уақытта коммунистердің атының бәрін өшіреміз. Қазірден бұл мәселеге даярлық жасауымыз керек, – деді Мекемтас Мырзахметұлы.

Туып-өскен жеріміздің атауын бірізділікке түсіруге, мәселелерді шешуге әрбір азамат үлесін қосуы тиіс. Сонда ғана жағдай түзелмек.


0 Пікір Кіру