АҚШ-Беларуссия: Минскіде 12 жылдан бері АҚШ елшісі тағайындалмаған - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Минскіге 12 жылда алғаш рет АҚШ елшісі тағайындалуы мүмкін

АҚШ 12 жылдан бері алғаш рет Беларуссияға баратын елшісін атады. Президент Дональд Трамп Минскідегі Америка дипломатия миссиясының жетекшілігіне кәсіби дипломат Джули Фишерді таңдағанын хабарлады. Қазір ол мемлекеттік хатшының Батыс Еуропа мен Еуропа одағы бойынша көмекшісінің орынбасары қызметін атқарады.

Вашингтонның шешімі 2000 жылдардың бас кезінен бастап ушыққан екі ел арасындағы қатынаста жылымық пайда болғанын білдіретін тағы бір белгі болды.

Джули Фишер бұған дейін НАТО-да қызмет етіп, Ресей, Грузия және Украинада жұмыс істеген. Оның кандидатурасын сенат бекітуі тиіс. Алайда коронавирус эпидемиясына орай қабылданған шектеулер мен штаттардағы президент сайлауы кампаниясына байланысты сенатта қашан тыңдау болатыны белгісіз.

2008 жылдан бері Минскіде АҚШ елшісі болмаған. Беларусь президенті Александр Лукашенко АҚШ-тың дипломатиялық штатын қысқарту туралы шешімінен кейін кейін екі ел арасындағы қарым-қатынасқа селкеу түскен.

Оған дейін Вашингтон "2006 жылы Беларуссияда өткен президент сайлауы кезінде адам құқығы мен азаматтардың саяси еркіндігіне нұқсан келді" деп Минскіге санкция салған еді. Одан бері екі елдің дипмиссияларын уақытша сенімді өкілдер басқарған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның 2019 жылы ақпанда Минскіге сапары - 1994 жылдан бері Американың жоғары лауазымды дипломатының алғашқы сапары болатын. Помпео Александр Лукашенкомен кездесіп, Америка Құрама Штаттары Беларуссиямен байланысты нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеген.

Азаттық радиосы

0 Пікір Кіру